Бүгін Алматы Орталық мешітінде ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиевтің қатысуымен «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» республикалық еріктілер форумы өтті.
ҚМДБ Алматы қаласы өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен форумға «Зекет және қайырымдылық» қорымен игі істерге мұрындық болуға ниетті еріктілер бас қосты. Сонымен қатар ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының Астана қаласы филиалының директоры Әли Әзімбекұлы мен Алматы филиалы «Зекет және қайырымдылық» қорының жауапты маманы Көптілеуов Бауыржан Қарашбайұлы қатысты. Форумда Мақсатбек Қайырғалиев еріктілердің қоғамдық құрылымы, қойылатын талаптар, негізгі міндеттері мен қызметтері, құқықтары, өңір бойынша еріктілер топтарының құрылымы жайына кеңінен тоқталды. «Зекет және қайырымдылық» қорының бір жылдық атқарылған жұмыс барысымен таныстырып, еріктілерді алдағы уақыттағы жоспарға жұмыла кірісуге шақырды.
«Біздің еріктілердің Республикалық алқалы жиынының қатысушылары Қазақстан қоғамындағы рухани-әлеуметтік дамуында жалпы құндылықтардың маңызын мойындай отырып, қайырымдылық қызметті іске асырудың, мейірімділік еліміздегі азаматтарды топтастыра түсетіндігін ескере келіп, азаматтық борышымызды сезініп, басқа қорлармен, қоғамдық ұйымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнату ниетін білдіріп, қайырымдылық қызметті іске асыру бағытында нақты қадамдар жасау үшін бірыңғай ұстанымға келіп, ҚМДБ-ның зекет қайырымдылық қоры жанынан «Қайырымдылық жаршылары» атты қауымдастық құрылғаны туралы мәлімдейміз», – деді ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев.