Ұлттық құндылықтар – белгілі бір ұлтқа тән адами қасиет, халықтың сан ғасырлар бойы жинақталған ұлттық рухани және дәстүрлі құндылықтары, асыл мұрасы.
Ұлтжандылық сезімі ұлт азаматының бойында Отанын жақсы көруі, оның табыстары мен жетістіктеріне риза болуы, көрнекті тарихи тұлғалардың атақ-даңқтары мен өз ауылына, қаласына, өңіріне, оның мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне, елдің тарихына құрметпен қарауы, оның өркендеуі мен әл-ауқатының жақсаруына байланысты еңбек етуінің қажеттілігін көрсетеді. Ұлтымыздың тарихына, тарихи өміріне қарап, ұрпақты ұлттық мүддеге қызмет етуге бағыттауда, зиялылыққа тәрбиелеу ісінде ерекше маңызға ие болған ұлттық сананың рухына көз жеткіземіз.
Халқымыздың баға жетпес құндылықтарының бірі – көршілердің қарым-қатынасы. «Өз тарихын білмеген өзгенің тарихына қызығады» дегендей, қазіргі таңда көршісін танымайтындар да кездесіп жатады. Бұл дамыған Еуропа елдеріне еліктеушілік пе, әлде өз тарихын білмегендіктен бе, әйтеуір, біздің мәдениетіміз емес.
Еуропада 25 мамыр көршілер күні болып бекітілген. Statistica порталының ақпаратына сүйенсек, неміс Гамбургінің әр екінші тұрғыны көршісімен жанжалдасып, мәселелері сотқа дейін барған. Кейбірі қоныс аударуға мәжбүр болған. Ал Ұлыбританияның ССР сақтандыру компаниясы жүргізген зерттеу нәтижесінде анықталғаны, 1 миллионға жуық британдық көршісінің кикілжіңі салдарынан қоныс аударыпты, әр төртінші британдық өз көршісімен мүлдем сөйлеспейді. Италияда коменданттық сағат тек қана түнде ғана емес, күндіз 14:00 – 16:00 аралығында да өз күшіне енеді екен. Ол уақытта шаңсорғышпен үй ішін тазалауға да тыйым салынған.
Өкінішке орай, бүгінде біздің елімізде де осыған ұқсас жағдайлар орын алуда. Қарбалас тірліктің қамымен жүріп, кейде өзімізден басқаны ойлауға шамамыз келмей жатады. Қуансақ қуанышымызды бөлісетін, қайғыда ауыртпашылықты бірге көтерісетін, «алыстағы ағайыннан жақын» болатын көршілерді кейде ұмытып кетіп жатамыз. Ал кейбіріміз тіпті айналамыздағы көршілерді танымаймыз да. Көршісімен қоянқолтық араласатын, шай сұраса май қосып беретін, кең пейілді, дархан жүректі қазақтың қазіргі уақытта көршісімен сыйластығы қандай дәрежеде екен? Көршімізді танимыз ма? Бұн жөнінде салт-дәстүрімізбен біте қайнасқан дініміз не дейді? Осы сауал бойынша жерлестерімізге толық мағлұмат беруді жөн санадық.
Алла Тағала «Ниса» сүресінде былай деп бұйырады: «Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ештеңені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңмен, туған-туыстарыңмен, жетімдермен, қамқорлықты керек қылған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астарыңдағы қызметшілермен жақсы араласыңдар. Алла барлық дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді». Бұл аятта Аллаға ғибадат ету мен оған ештеңені ортақ етпеу әмір етілгеннен кейін әке-шешеге қарау бұйырылған. Әлбетте, Алладан кейін, ең алдымен, пайғамбарымыз Мұхаммедті (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүюіміз керек. Өйткені, біз Раббымызды Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) себепкерлігімен таныдық. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйретуі бойынша болмыстың сырын ұғып, жақсы мен жаманды ажырата алдық, мәңгілік бақыттың жолын көрдік. Ақиқаттан не үйренсек, сүйікті пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтуымен көзіміз ашылды. Сондықтан Алла Елшісіне (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сансыз борыштармыз. Бірақ аталмыш аятта амал жағынан Алла ақысынан кейін ата-ана ақысы келтірілген. Аяттың басында Аллаға иман ету айтылмай ғибадат ету керектігінің айтылуы амал арқылы орындалатын ақыларды санамалап тұрғанын көрсетеді. Одан кейін кезегімен туған-туыстарға, жетімдерге, кембағалдарға қамқор болу керектігі айтылып, артынан туыс болсын-болмасын жақын және алыс көршіге жақсылық жасау әмір етіледі. Сондықтан адамның айналасындағы көрші-қолаңның ол
адамда белгілі бір дәрежеде алар ақылары бар. Жақсылық жасауын талап етуге толық құқылы.
Аяттағы «көрші» (арабшасы – жәр) ұғымына кімдер жататындығына орай, көршілердің мынадай жіктелуі
жасалған:
• Есігінің аузы тым жақын көрші басқаларға қарағанда жақын болып есептелінген. Ондай көршіңізде екі
ақыңыз бар: діндес бауыр және көрші ретінде.
• Туыстық жақындығы бар немесе үйлері бір-біріне жақын адамдар «жақын көрші» деп аталған.Сіздің ол
туысыңызда үш түрлі: туыстық, мұсылман бауыр ретінде және көршілік ақыңыз бар.
• Үйлері бір-бірлеріне жақын да, алыс та емес, өзге діндегілер алыс көршілерге жатқызылады. Оның тек көршілік қана ақысы бар.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жары Айша (р.а.) анамыз мұның төңіректегі қырық үйлік арақашықтық екенін айтқан. Көрші ақысы осы қашықтыққа тән екенін білдірген. Ал әділетті төрт халифаның бірі Әли (р.а.) адамның дауысы жететін жердегілердің барлығы көрші болып саналатындығын білдірген. Көріп отырғандай, дініміз көрші ақысына айрықша мән беріп, оның қуанышқайғысына ортақтасуды, қателіктеріне кешірімді болып, ішер асыңмен де бөлісуге шақырады. Дініміздегі көрші ақысының орны барша ақылардың ішінде ең жоғары тұрады.Өйткені, көршімен жақсы тұру – Алланың әмірі. Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні ең бірінші дауласатындар – көршілер», − деген. Сол себепті халқымызда «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген сөз қалған. Сонымен қатар қазақта «Құдай қосқан көршім» дейді. Басыңа іс түссе, қысылтаяңда, алыс-берісте, көмек пен жәрдем, қуаныш пен қайғыда, тіпті атқан таң мен батқан кеште бірінші куәгер болатын да көрші. Көршінің туыстай болатындығына байланысты Ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», − деген.
Ислам дініндегі көрші ақысын немесе көршіге жасалатын жақсылықты атап өтетін болсақ: көршіні көрген кезде сәлем беру және сәлем қайтару, көрші қонаққа шақырса бару, көршіге зиян тигізбеу, көршілерден келген қиындықты көтере білу, көршінің айыбын жауып, арын сақтау, қуаныш кезінде құттықтау, қаза жағдайда көңіл айту, жеміс-жидек, қандай да бір тағам түрін сатып алған кезде бір бөлігін көршіге сыйлау, көршіге кешірімді, жұмсақ болу, көршіні орынсыз айыптамау, көршіге ыңғайлы уақытта қал-жағдайын сұрап бару, мұқтаж көршіге көмектесу, маңызды істерде көршімен ақылдасу.
Халқымыз «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас» − деп көрші ақысын белден басатындарды қатты сынаған. Ал Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сендердің біреулерің өзінің жапсарлас қабырғасына көршісінің арқалық бөренесін қоюына тыйым салмасын», – деген. Яғни, егер бір зиян келмейтін болса, көршінің құрылысы үшін өз үйінің қабырғасын тірек етуге рұқсат беруі тиіс екен. Ислам дінінде көршіге қандай да бір залал тигізуге қатаң түрде тыйым салынған. Әбу Һурайрадан (Оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп ескерткен: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенген болса, көршісіне еш зиянын тигізбесін».
Әбу Шурайхтан (Оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уаллаһи, ол иман келтірмеді! Уаллаһи, ол иман келтірмеді! Уаллаһи, ол иман келтірмеді!» – деп үш рет айтады. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өзінен бір зиян келмейтіндігіне көршісі сенімді болмаған жан»,– деген екен. Ондай жанның жасаған ғибадаттары мен жақсылықтарының да сауабы аз.
Бүгінгі күні мұсылман бола тұра көршісімен мәмілеге келмей, үй арасын сантиметрмен өлшеп жүрген бауырларымызды көріп, іштей қынжылып жатамыз. Бұл мұсылманшылдықтан, қазақилықтан емес. Керісінше, көршімен ақылдасудың өзімізге де, көршімізге де тигізер пайдасы көп болмақ. Көршіге қатысы қандай да бір мәселелерде онымен ақылдаса отырып қимылдау керек. Пайғамбар (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде үйді немесе қораны сатарда әуелі қабырғалас көршісімен ақылдасуды бұйырады.
Сонымен қатар көрші болудың қиындықтары да болады. Мұндай жағдайда сабырлық таныту әрі көршінің кем-кетіктеріне кешіріммен қарай білу қажет. Бәлкім, ондай адамдарды Алла Тағала жақсы көреді және көршісінің кесір кесапаттарынан қорғайды.
Адам дүниеден өткен, яғни қайтыс болған үйден ас ішілмейтін жағдайда қонақасы дәмін көршінің үйінде береді. Өкінішке орай, бүгінде мұндай үрдіс ұмытылып барады. Қиындықта қол ұшын созып, көршісіне көңіл айта келген жандарға дәм татырмақ түгілі, сол көршісінің өзі қазалы үйден дастархан дәм етіп отырады. Саналы көршің сараламас, бірақ кей кездерде санасыз көрші арасы түсініспей, бірімен-бірі айқайласып, тіпті жұдырықтасып, бірінің есігін бірі ашпай жататындар да кездеседі. Дана халқымыз көрші туралы «Иманды көршің болса – сырласың, имансыз көршің болса – қу басың», «Отты шұқысаң өшеді, көршіні шұқысаң көшеді» сынды көптеген нақыл сөздер қалдырған. Бірақ оның байыбына барар жан қайда?
Жалпы, жаман көрші болмайды. Көрші таңдау мүмкіндігі туып жатса, әрине, мешітпен көрші болуға тырысқан жөн. Өйткені, сол маңайда жақсы орта қалыптасып қана қоймай, күнделікті естіліп тұратын азанның дауысы құлшылыққа, ізгі амалдар жасауға итермелеп тұрады.
Дініміз көрші ақысы жайында жоғарыда айтылған аят-хадистердегідей қарым-қатынасты бұйырады. Алайда қазіргі қоғамда көршімізбен қандаймыз? Көбіне көрші ақысын ескерусіз қалдырып жатамыз. Әлбетте, көпке топырақ шашудан аулақпыз.Көршілерін қонаққа шақырып,шаңырағына береке кіргізіп отырған жандардың қатары да аз емес. Көршімен тату болсақ, қонақжай әрі жәрдемшіл болсақ, бұл өмірімізге де, ақыретімізге де пайдалы
болары сөзсіз. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы басқаға үлгі болған, ислам дінімен біте қайнасқан көрші құндылығынқұнсыздандырмауы қажет. Мұсылманның мұсылмандығы да осы амалдан көрініс таппақ.Алла Тағала баршамызға көршімен бауырдай тату болуды нәсіп етсін! Ең бастысы, көршімізді танып жүрейік.
Еркінбек ЕБЕЛЕКҚАЖИЕВ,
Теректі аудандық мешітінің бас имамы