الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Мұсылман адамның бойынан табылуы тиіс ізгі сипаттардың бірі – кешірімділік. Өмірде кемшіліксіз адам болмайтындығын ескеретін болсақ, отбасы мүшелерінің, туыстардың, дос-жарандардың, қызметтес адамдардың қарым-қатынасында осы кешірімділік сипаты аса қажет. Себебі адамдардың теріс мінез-құлықтарына сабыр ету, кешіріммен қарау адами байланысты үзіп алмау үшін аса маңызды. Қасиетті Құран Кәрімнің «Шура» сүресі, 43-аятында Алла Тағала:
وَلَمَنْ صَبَرَ وَغَفَرَ إِنَّ ذَلِكَ لَمِنْ عَزْمِ الأُمُورِ
«Кім сабыр етіп, кешірімді болса, сөз жоқ, істердің ең маңыздысы (сауабы) осы», – деп айтқан.
Дін мен дәстүрін қатар алып жүрген ата-бабаларымыз жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтындығын ескеріп, «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» немесе «Жақсы адамның ашуы – шәй орамал кепкенше» – деу арқылы, ренжуді ұзаққа созбай, тезірек кешірудің адам бойындағы ізгі қасиеттерден екендігін айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дін дұшпандарының жасаған зұлымдықтарының өзіне кешіріммен қарай білген. «Алланың арыстаны» деген лақап атқа ие болған, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақын бауыры Хамзаны өлтірген Уахшидың өзін кешіріп, оған Исламды қабылдауға шақырып, бірнеше мәрте хат жазған. Бірақ Пайғамбардың жақынын өлтірген Уахши үмітсіздікке түсіп, мұндай күнәмді Алла Тағала кешірмес деген оймен, мұсылмандықты қабылдауға тәуекел ете алмай жүреді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Қасиетті Құранның «Зүмәр» сүресі, 53-аятындағы:
قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِن رَّحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعاً إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ
«Уа, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер. Расында Алла Тағала күнәлардың барлығын кешіреді. Күмәнсіз, Ол тым жарылқаушы әрі өте мейірімді» деген Алла Тағаланың кәләмын жазып жібереді. Осылайша Уахши тәубеге келіп, мұсылманшылықты қабылдайды.
«Кешіре білу» екі ғана сөзден тұратын, атқаруға оңай іс болып көрінгенімен, кешіру керек болған жағдайға тап болғанда, адам нәпсісіне өте ауыр келеді. Себебі мұндай жағдайға тап болғанымызда нәпсіміз араласып, жүрегімізде ренжіген адамымызға деген жеккөрініш, ыза мен кек салады. Осы кезде Алланың разылығын ойлап, Оның кешірімін үміт етіп, өзгенің қателігін кешіре білу – үлкен іс.
Табиғин Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Мүминнің мінезінің ең абзалы – кешірімділік», – деп айтқан.
Расында да өкпелеу, ренжу, көңілге алу әркімнің де қолынан келеді. Алайда, кешіру – жүрегіне иман ұялаған, Алла Тағаланың кешірімін үміт ететін құлдарға тән қасиет.
Бойында кешірімділік сынды асыл сипаттың болуын қалаған адам мына істерге мән бергені дұрыс:
Бірінші, кешірімді болу – Алла Тағаланың бұйрығы екендігін ұмытпау
Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 199-аятында:
خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ
«Кешірімділік жолын ұстан, жақсылыққа (ғұрыпқа) бұйыр және надандардан сырт айнал», – деп бұйырған. Алла Тағаланың кешірімділікті бұйрық түрінде айтуы – бұл сипаттың қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетеді. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Құранның «Мәидә» сүресі, 13-аятында қандай жәбір көрсе де, кешірімділікті серік етуін бұйырып:
وَلاَ تَزَالُ تَطَّلِعُ عَلَى خَائِنَةٍ مِّنْهُمْ إِلاَّ قَلِيلاً مِّنْهُمُ فَاعْفُ عَنْهُمْ وَاصْفَحْ إِنَّ اللهَ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ
«Сен олардың өте азынан басқасының қиянаткерліктерін әрқашан көресің. Дегенмен, оларды кешірім ет, көңіліңе алма. Расында Алла ізгі іс істеушілерді жақсы көреді», – деп айтқан.
Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кешірімді болуды бұйырған жоғарыдағы аяттарда кешірімділікті العفو (әл-ғафу) және الصفح (әс-сафху) деген екі түрлі атаумен атаған. Бұл екі сөздің мағынасына келер болсақ, «әл-ғафу» (العفو) қателік жасаған адамды кешіру болса, «әс-сафху» (الصفح) қателік жасаған адамды кешірумен қатар жүрекке түскен ренішті өшіру дегенді білдіреді. Демек, мұсылманның кешірімі тек тілмен ғана емес, реніш пен өкпені жүрегінен шығарып, ұмытуы қажет.
Екінші, адам баласын кешіру – Алла Тағаланың кешіріміне себеп болатын ұлық іс
Адамдардың қателігіне көз жұмып, оларды кешіре білу – қиямет күні Алла Тағаланың кешіріміне бөленуге септігі тиетін сипат. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресі, 22-аятында Алла Тағала:
وَلْيَعْفُوا وَلْيَصْفَحُوا أَلا تُحِبُّونَ أَنْ يَغْفِرَ اللَّهُ لَكُمْ وَاللَّهُ غَفُورٌ رَحِيمٌ
«Кешірімді болып, кеңшілік жасасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деп айтқан.
Қисса
Бірде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хусейін ренжісіп қалған екен. Сонда Хусейін ағасы Хасанға өзінен кешірім сұрауын өтініп, хат жазып жібереді. Бұл хатты оқыған Хасан сәл шамданып, інісіне: «Сен менен жасың кіші, бірінші өзің кешірім сұра», – деп қайта хат жазып жібереді. Сонда інісі: «Асыл ағатайым менің! Пендені кешіргенді Алла Тағала кешіреді емес пе? Мен сіздің бірінші болып Алла Тағаланың кешіріміне ие болғаныңызды, менен бұрын жәннат иелерінен болуыңызды қалап, бірінші болып кешірім сұрауыңызды өтініп едім», – деп, қайта хат жазған екен. Інісінің жазған бұл хатын оқығанда Хасанның жүрегі елжіреп, көзіне жас келіп, інісі Хусейінге барып: «Мен өзімнің нәпсіммен ойлап тұрсам, сен қияметтің бақытын ойлап тұр екенсің. Кешір мені, інім менің», – деп інісін құшақтап, кешірім сұраған екен.
Үшінші, ренжіскен жағдайда қателікті өз бойынан іздеу
Адам нәпсісіне сүйікті болған істердің бірі – өзін ақтап, өзгені айыптау. Осы себепті де екі адам ренжіскен уақытта көбіне екеуі де қателікті бір-бірінен көріп, өз қателігіне мән бермей жатады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Мәидә» сүресі, 105-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا عَلَيْكُمْ أَنْفُسَكُمْ لاَ يَضُرُّكُم مَّن ضَلَّ إِذَا اهْتَدَيْتُمْ إِلَى اللهِ مَرْجِعُكُمْ جَمِيعًا فَيُنَبِّئُكُمْ بِمَا كُنْتُمْ تَعْمَلُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Сендер өздеріңді түзетіңдер. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқан біреу сендерге зиян тигізе алмайды. Барлықтарыңның барар жерлерің Алла жақ. Сонда Алла сендерге не істегендеріңнің хабарын береді», – деп, иман келтірген жандарға қателікті ең бірінші өз бойларынан іздеуді бұйырған.
Бірде ғалым адамға жұрттың барлығына ренжи беретін, бір өкпешіл адам келіп, өзінің бұл дертінің себебін сұрағанда, әлгі ғалым оған: «Өз күнәңды түйедей деп санайсың, өзгенікін түймедейге балайсың», – деген екен. Осыған ұқсас Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз да:
Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше,
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен күрес өлгенше! – деп айтқан.
Сол себепті де мұсылман адам қандай да бір реніш туындай қалған жағдайда, оның себебін бірінші өз бойынан іздеп, өзіне: «Мен бір нәрсені дұрыс жасамадым ба?» немесе «Менен қандай қателік кетті?» деген сұрақтарды қойып, ол қателіктерді бойынан тапқан жағдайда, тәкаппарлықтан ада болып, ренжіскен адамынан бірінші болып кешірім сұрауға тырысуы қажет. Бұл – нағыз мүминге тән көркем сипат. Халқымыз тағы бір өсиетінде «Өзгені айыптағаныңдай – өзіңді айыпта, өзіңді кешіргеніңдей – басқаларды кешір», – деген.
Алла Тағала Қасиетті Құранның «Хижр» сүресі, 85-аятында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
فَاصْفَحِ الصَّفْحَ الْجَمِيلَ
«Ендеше сен (ел-жұрттың қатесін, қиянатын) көркем түрде кешір», – деп айтқан. Бұл аятта Алла Тағала кешірімге қатысты «Көркем түрде кешіру» деген ұғымды білдірген. Оны ғалымдарымыз: «Көркем түрде кешіру – қандай да бір адамның қателігін кешірумен бірге, оның айыбын ашу, тәкаппарлық жасау, артық сөз айту, жек көру сынды адам баласының мінезіне жат істерден ада болуды айтады», – деп түсіндірген.
Төртінші, кешіру – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті ту етіп, әр кез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындаған. Оның кешірімділігі жайында көптеген мысалдар келтіруге болады. Тіпті Мекке мүшріктері қаншама өзіне қорлық көрсетіп, жәбір берсе де оларға қарғыс айтып, дұға жасамаған. Сахабалар Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Неге оларға (мүшріктерге) лағынет айтпайсың?» – деп сұрағанда:
إنِّي لَمْ أُبْعَثْ لَعّانًا، وإنَّما بُعِثْتُ رَحْمَةً
«Мен лағынет айту үшін жіберілмедім, негізінде мен мейірім ретінде жіберілдім», – деп, жауап берген болатын (имам Мүслим).
Қисса
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзін сиқырлаған Ләбид ибн Ағсам атты яһудиді кешіріп жібергендігі жайында Зайд ибн Арқам былай дейді: «Пайғамбарымызды бір яһуди сиқырлайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше күн ауырады. Сонда бір күні Жәбірейл (ғ.с.) келіп: «Сені сиқырлаған кісі бірнеше түйнек түйіп, пәлен деген жердегі құдыққа тастады. Бір адамды жібер барып алып келсін», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хазіреті Әлиді жібереді. Түйнекті әкеліп шешкен кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірден өзіне келіп, орнынан тұрады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгі яһудиге титтей де ашуланбастан, кек сақтамастан кешіреді. Бұл туралы оның бетіне басып айтпайды, айыптамайды, ренжімейді, ұрыспайды, тіпті бұл дүниеден өткенше көрмеген екен» (имам Бұхари). Міне, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кешірімділігі осындай кең еді.
Сондықтан өз хадисінде кешірімді болуды өсиет етіп: «Сенімен байланыс үзгенмен табыс (қарым-қатынас жаса), саған сараңдық қылғанға жомарт бол, зұлымдық жасағанды кешір», – деген (имам Ахмад).
Бесінші, кешірімді болу – ізгіліктің, парасаттылықтың белгісі
Алла Тағала «Әли-Имран» сүресі, 133-134-ші аятында:
وَسَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِنْ رَبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالْأَرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ
«Раббыларыңның кешіріміне һәм шынайы тақуалар үшін әзірленген кеңдігі жеті қат аспан мен жердей болған жұмаққа асыға ұмтылыңдар. Нағыз ізгілер – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер және ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз Алла ізгі жандарды (игі іс істегендерді) жақсы көреді», – деген.
Кешірімді болу адамның әлсіздігі емес керісінше кеңшілдігі. Алайда кешірудің де өзіндік межесі, шеңбері бар. Сіздің кешірім жасауыңыз бауырыңыздың жаман іс-әрекетін жалғастыруына жол ашса, ол кешірімнен қайыр жоқ. Ал сіздің кешірім жасауыңыз адамды жақсылыққа бастап жатса, қателігін мойындап келешекте қайталамауға әрекет жасаса, онда кешірім жасаудың сауабы да, пайдасы да мол болады.
Алтыншы, мұсылман кісі үш күннен артық ренжіспейді, кешіреді
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَا يَحِلُّ لِمُسْلِمٍ أنْ يَهْجُرَ أَخَاهُ فَوْقَ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ
«Қандай да бір мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуі дұрыс болмайды (адал болмайды)», – деген. Демек, мұсылман адам қандай жағдайда болмасын өзара ренжіскен бауырына өкпесін үш күннен асырмауы тиіс. Бірақ бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Егер де реніш дін мәселесіне қатысты болса, оның жөні бөлек, оның тысындағы кез келген реніш жөн емес.
Ислам дінінде реніштің мерзімін үш күнмен шектеген. Себебі бұл аралықта сіздің алқынған жүрегіңіз баяулап, болған істі ақыл көзімен қарай бастайсыз. Нәтижесінде бойыңыздағы бауырластық сезімі қайта жанданып, арадағы кедергілер бауырластықтың аясында жойылады. Сөйтіп, ренжіскен бауырыңызбен құшақ айқастырып, қайта қауышасыз.
Құрметті жамағат!
Ислам – кешірімділік пен бауырмалдық діні. Ислам осындай ұлы жетістіктерге кешіріммен жетті. Себебі кешірім адамдар арасындағы сүйіспеншілікті нығайтады. Кешірім адамдар арасындағы араздықты жеңіп, бір-бірімен достастырады. Кешірім бір-бірінен алыстап кеткен адамдардың арасын жақындатады. Кешірім отбасының салауатты өмір сүруіне жетелейді. Ислам дінінің басты талабы да осы.
Сонымен қатар кешірімділік – бұл дүниеде ғана емес, адам баласының екі дүниеде дәрежесінің көтерілуіне, қияметте мол сауапқа кенелуіне себепші болатын іс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَا نَقَصَتْ صَدَقَةٌ مِنْ مَالٍ ، وَمَا زَادَ اللَّهُ عَبْدًا بِعَفْوٍ إلا عِزًّا ، وَمَا تَوَاضَعَ أَحَدٌ لِلَّهِ إلا رَفَعَهُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ
«Садақа еш уақытта байлықты азайтпайды, өзгелерді кешірумен Алла құлының даңқын арттырады. Алла үшін кішіпейілдік танытқан пендені, Ұлы Алла Тағала әлбетте жоғарылатады», – деп айтқан (имам Мүслим).
Кешірімділік – Алла Тағаланың адам баласына берген асыл қасиет. Өйткені кешірімді болу адамдар арасына мейірім шуағын төгеді. Мына пәни әлемнің мәнін сезіндіреді. Біз кешірім жасау арқылы бітпес даудың түйінін шешіп, ата жауды адал досқа айналдырамыз. Кешірімділік арқылы қатаңдық пен қатыгездіктің құрсауынан арылып, береке-бірлік пен бақытқа жетеміз. Мысалы, адамдарға кешірім жасау, кешіріммен қарау Алланың мейіріміне жол ашады. Ал кешірім сұрамау мен кешірмеу – адам өмірін түпсіз тұңғиыққа тірейтін жағымсыз мінез. Сондықтан арадағы өкпе назды ұмыттыратын ең жақсы қасиет осы – кешірімділік.
Бұл жайлы Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз:
Біреудің мінін кешірсең,
Құдай да сені кешеді.
Бірін де қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Пейілі жаман адамның,
Орыны дайын деседі – деп айтқан.
Адам баласы кешірімді болғаннан кішірейіп қалмайды. Керісінше дәрежесі артып, Алла Тағаланың сый-сияпатына бөленеді. Алла Тағала ондай пендесіне мынадай сый-сияпат дайындаған:
- Кешірімді кісі жақсылық жасаушылардың қатарынан орын алып, Алланың жақсы көрген құлына айналады.
- Кешірімді болған кісінің дәрежесі артады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер адамның денесіне зұлымдықтан болған қандай да бір зиян жеткенде оны кешіріп жіберетін болса, Алла ол адамның дәрежесін көтеріп, күнәсін кешіреді», – деген.
- Кешірімді кісінің ақыретте есебі жеңілдейді.
Қорыта айтқанда, кешірімді болу – адам бойынан табылатын ең ізгі қасиет. Бабаларымыз «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», – деп өсиет қалдырған. Сондықтан пенде болғасын «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ» болмайды, адам болғасын қателесіп тұрады. Ең бастысы кешіре білу, кешірімді болу.
Жаратқан Алла біздерге кешірімді, бір-бірін кешіре білетін көркем мінезді пенделерінен болуымызды нәсіп етсін.
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі