Халқымыздың сан ғасыр бойы ұлы Шығыс өркениеті аясында дамығаны белгілі. Ұлтымыздың перзенттері білім мен ілімнің озық үлгілеріне ислам мәдени орталықтарындағы орта және жоғары оқу орындарында сусынданды. Осы оқымысты-ғұламалар бүкіл ел аумағында мешіт, медресе, мектеп ашу арқылы сауаттандыру, иманға тәрбиелеу, кәсіпке баулу және тағы басқа ағартушылық қызмет жүргізіп, мемлекеттік биліктің мызғымас тірегі болды. Соның ішінде ахун мен молдалар және олардың қызметі халыққа діни білім беруде үлкен роль атқарды. Мысалы, тарихи Бөкей өңірінің дамуы үшін осы өңірді басқарған хандар мен олар тағайындаған діни қайраткерлердің қызметі талайлардың таңданысын туғызады.
Бағзы замандағы молданың қоғамдағы орны үлкен еді. Сәлем берген балаларға әлі күнге дейін «молда бол» деп жатады. Неге? Өйткені ол заманда ең білімді адам молда еді. Молда сөзі «ғалым» сөзінің синонимі ретінде де қолданылды. Ең бай адамның бірі де, қоғамда ұстаздың, дәрігердің, соттың, әкімнің орнын молда алмастырған. Молда жаңа туған балаға азан шақырып ат қойған, ерлі-зайыптының неке қиғызғанына да, талақ айтып ажырасқанына да молда араласып, құжат толтырған. Қайтыс болған адамның қандай аурудан қайтқанына қарап, ауылға соған сәйкес дәрі-дәрмек алдырған. Аса қауіпті ауруларға байланысты шара қолданған.
Дәстүрлі ислам өкілдері – молда-ишан, хазірет, ахун, қалпе туралы еліміз тәуелсіздік алған жылдарынан бастап кеңінен зерттеле бастады. Ә.Дербісәлі, Ә.Нысанбаев, Ғ. Есім сынды жетекші отандық исламтанушылар, шығыстанушылар мен философтар өз еңбектерімен діни тұлғалардың, ғұлама-теологтарды зерттеудің теориялық-методологиялық негіздерін салды, дәстүрлі ханафи мазхабындағы діни формалардың ерекшеліктерін зерттеді.
Ахун – ислам дініндегі лауазым, бұл елдің діни сауатын ашатын, діни қызмет атқаратын ғалымға берілетін атақ. Қазақ даласында XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап ене бастады. Олар халыққа, әсіресе ауыл балаларына діни жөн-жоралғы үйреткен, құлшылық-ғибадат жолдарын көрсеткен. Ахундар көбіне әйгілі медреселерден, діни білімді ғалымдардан білім алған. Өз білімін ылғи жетілдіріп отырған. Қазір бұл лауазымды наиб мүфти деген лауазым алмастырды.
Бөкей ордасына Бөкей ханның шақыртуымен келген алғашқы ахун Жаббар Хамадов болды. Ол –ахун, хаж-харамайн (қасиетті Мекке мен Мәдинаны қажылық қылған), қази, тархан. Ол Ішкі орда ханы болған Бөкей хан Нұралы хан ұлына, оның орнын басқан Жәңгір ханға қызмет еткен. 1811 жылы Ішкі Қазақ ордасының имамы болып тағайындалған. Атқарған еңбегі үшін 1815 жылы Бөкей ханнан, 1821 жылы Шығай сұлтаннан мақтау қағазын алған. 1824 жылы «қази»деген жоғарғы діни дәрежесін алса, 1826 жылы «ахун» атанған. Жабир Хамадұлына Бөкей ордасы тұрғындарының метірке кітабын толтыру міндеттелген. Оның ұлы Ғабдысаттар имам хатиб болған. 1860 жылы қажылыққа барған. [1]
Ішкі Ордадағы мұсылмандық дін жүйесі Жәңгір ханнан бұрын Бөкей ханның бастауымен қалыптаса бастаған еді. Бөкейліктің бірінші ахуны (Дін басы) болған Жаббар Хаматұлы Ордаға шақырып, қазақ арасындағы дін қызметіне жеккен де Нұралы хан ұлы Бөкей хан еді.
Белгілі татар дін ғұламасы, патшалық Ресейдегі мұсылман діни қызметшілері туралы көп томдық еңбек жазған Ризаеддин Фахреддин «Асар» кітабында Жаббар Хаматұлының Татарстандағы Спасс уезі Жаңачалны ауылында туғанын, Меккеде оқығанын жазады. Оны Бөкей хан өз ордасына алдырып, ұлы Жәңгірге мұғалім еткен. Міне, Жәңгір ханның өзі жас күнінде дін әліппесін осы Жаббардан үйренген екен.
Белгілі қаламгер Тілекқабыл Боранғалиұлы «Олардың дені діни танымы шектеулі, кей жағдайда дүмше келетін. Көңілі толмаған хан татардан оқыған-тоқығаны мол, мұсылмандық қағидаларын ғылыми уағыздай алатын бірнеше молда алдырды. Ең білімдісін ахун етіп қойды» дейді. Тілекқабыл Боранғалиұлы ағамыз. [2]
Көріп отырғанымыздай, ХIX ғасырдың ортасында Еділ мен Жайықтың арасын жайлаған Бөкейлікте дін ісі жолға қойылып, мешіт медресе жүйесі қалыптасып үлгірген.
Молданы сол замандағы ел мен жердің айнасы десе болады. Әр ауыл аумағы қайсы, шекарасы қай жерден бітеді, ауылда тұратын ер мен әйел, бала-шаға саны туралы мағлұматтың бәрі мешіт құжаттарында жазылатын болған.
Молда білімді кадр тәрбиелеу үшін жастарды алыс шетелдерге дейін оқуға жіберіп отырған. Шекіскенді бітістіріп, дау-дамайларды тиімді жолмен, шариғатқа сәйкес шешіп берген. Бұған «Елін жауға бермейтін батыры бар ма? Елін дауға бермейтін биі бар ма?» дегенде «Батыр деген не тәйірі екі қатынның бірі туатын, би деген – ақ шариғат, ілеуде мыңнан біреу туатын» деген сөздер дәлел.
Бабаларымыздың медреселерде ислам тарихы, дін ғылымы, араб тілі пәндерін енгізіп, діни тәрбиеші молаларды тағайындауы қоғамда діни тәрбиені сақтап қалуға жасаған әрекеттері болатын және осы жолдағы қосқан үлестері мен өнегелері бүгінгі таңға дейін маңызын сақтап қалды.
Мұратбек Жахатов
Бәйтерек ауданы,
Асан ауылдық мешітінің бас имамы