Еңбек –қашан да бәрін жеңбек!

                                       

Берекені көктен тілеме,

Еткен еңбектен тіле

(М.Әуезов)

 «Намаз оқылып болған соң, жан–жаққа тарап Алланың мол рақымынан (кәсіптерің арқылы) өз ризық-несібелеріңді іздеңдер» (Жұма сүресі, 10-аят) дейді қасиетті кітабымыз.

Әбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с) «Расында, қайсыбіріңнің болмасын бір құшақ отын шауып, оны өзі арқалап, сатып күн көруі, беруі де, бермеуі де мүмкін әлдебіреуден қол жайып қайыр садақа тілегеннен әлдеқайда қайырлы», – деп айтты» – делінген (Бұхари, 50-53; Муслим, 106)

Шындығында дырдушылық пен жұмысы жоқтықтың соңынан пасықтық пен дерт ереді, ал керсінше ақылдың әлденеге талпынуы тірлікті нығайтуға мәңгі-бақи бағытталған сергектік әкеледі. Еңбек – тіршіліктің негізі, ал адамның өзінің қалыптасуында, санасына, сөйлеу тәрізді қатынасқа қабілеттілігі мен қасиеттерін қалыптастыратын шешуші күш. Қоғамның да қоғам болуы тікелей еңбекпен байланысты. Еңбек етудің мән-маңызы мен қадірін, еңбектің берекесін санамызға балалық шақтан үйдің үлкендері құятын. Мектеп табалдырығын аттаған сәтте де, ұстаздарымыздың бастауыштан-ақ Ы.Алтынсариннің Атымтай жомартымен таныстырып, үлгі етуі – бала кезімізден беретін айрықша тәрбиесі емес пе? Кішкентай кезімізде танысқан Атымтай Жомарт бәріміздің есімізде шығар:

Атымтай жомарт өзi есепсiз бай бола тұрып, күн сайын бiр мезгiл үстiне ескi-құсқы киiм киiп, отын кесiп, шөп тасып жұмыс қылады екен. Бiр күнi өзiнiң жақын, таныстары сұрады дейдi:
– Жомарт, құдай бергей дәулетiңiз бар, ашқа – тамақ, жалаңашқа – киiм, үйсiздерге – үй болдыңыз, сөйтiп тұрып өз басыңызды кемшiлiкке салып, жете алмаған жарлыша отын кесiп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не? – деп.
Жомарт айтты дейдi:
– Төрт түрлi себеп бар. Әуелгiсi: әдемi ат, асыл киiм, асқан дәулеттi өне бойы әдет етсең, көңiлге жел кiргiзедi; сол желiккен көңiлмен өзiмнен терезесi төмен бейшаралардан жиренiп, көз салмай, кем-кетiкке жәрдем берудi ұмытармын деп қорқамын.

Екiншiсi: бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшiлiк емес екенiн бiлiп, кейiнгiлер әбiрет алсын деймiн.

Үшiншiсi: күн сайын өз бейнетiммен тапқан бiр-екi пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнiң тәттiлiгi, сiңiмдiлiгi болады екен.

Төртiншiсi: құдайтағаламның берген дәулетiн өзiмсiнiп, тиiстi орындарына жаратпай, көбiсiн өзiм iшiп-жеп, өзiм тұтынсам, мал берген иесiне күнәлi болармын деп қорқамын, – дедi.

Заманның өзгеріп, барлық жүйенің автоматтандырылып, адам баласының еңбек етуі бұрынғы заманмен салыстырғанда қазір әрине неғұрлым жеңілдеді. Көптеген автоматтандырылған жүйелердің пайда болуы уақыттың үнемделіп, адамзаттың өнімділігінің артуына себеп болды. Сонымен қатар адамзаттың еңбекке қатынасының да өзгергенін байқамай өту мүмкін емес. Жұмыс жоқ деген желеумен, немесе жұмыстың түрі мен талабын, тәртібіне мойынұсынбау, менің талаптарыма қайшы деген сылтаумен, әйтеуір бір кемшілігін тауып, жұмысынан бас тартып, диван тоздырып жатырған да бауырлар табылады. Әркім өз нәпақасын түрлі жолмен табамын деп, оңай олжа іздеп жүргендеріміз де баршылық. Мәнді мағыналы еңбек үшін, сапалы білім қажет. Акциямен курс сатып алып, бір сиқырын үйреніп байып кетудің жолы да болмайды. Білім алу да еңбек, жалқаулық пен енжарлықты дос еткен, білім алуға  құлқысы жоқ, бірақ сәтті түрде оңай олжаға тап келіп, немесе ұтыстан жеңіп алып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен табыс тапқысы келетіндер бар екені, және сондай ниетпен аса байып та қалғысы келетіндер бар екені жасырын емес. Бірі курс сатып, «еңбек етіп» ақша тапқанымен,ол әдіс барша тыңдарманды сол жолмен табысқа әкеледі деген сөз емес. Адам болам деген ынта-ықылас ешкімнің ынталандыруынсыз, әу баста әркімнің өз жүрегінде болуы қажет.

Тіршіліктің ішкі-сыртқы жағдайларын жақсартуға тырысу, талпыну адам баласына тән нәрсе. Ал ішкі-сыртқы жағдайды жақсарту жолы еңбек пен қанағатта.  Ал еңбектің тек мағыналы нәтиже ғана емес, мәнді үздіксіз процесте де өмірінің сәнін кіргізіп, берекесі мен ажарын кіргізетінін құлағына құйып өскен жан қандай еңбекқор болар еді. Ұжым не кәсібінің ортасында, қоғамда белсенді өмір сүруге талпынудың адамзат үшін рухани толу, қуаныш сезімдерін толықтыру, толыққанды әрі пайдалы адам болу, бұл дүниелік миссиясын атқару – осының бәрі жиналып келіп тұлғаның тұтас бақытты болмысын құрайтынын жете меңгерсе, бәрі де тынымсыз еңбекті таңдар еді. Материалдық құндылық пен ақшаға табынған қоғамда, басты мақсаты өзін табу емес, ақша табу болған пенденің өмірі күйзеліс пен қиындыққа толы болары рас. Әл-Фараби «Тиісінше еңбек ету денеге күш береді, ал шектен тыс артық, немесе жеткіліксіз еңбек күшті қайтарады, немесе әлсізді әлсіз халінде қалдырады» деген. Байқайтынымыз еңбек тәрбиесіне басты назар аударылуы керек. Еңбек ету үстінде адам өзі ғана тәрбиеленіп қоймай, жолдастық, өзге адамдармен қарым-қатынасы тәрбиеленеді. Бүгінгі таңда өз шекараңды біл деп, өзгелермен қарым-қатынасты алыстатып, теріс жақтарын дәріптейтін, көңілге қарау дегенді білмейтін сыңаржақ пікірлер қалыптасып, ол қоғам мен ұжымдардағы адамдардың бір-біріне деген ынта-ықыласының азаюына әкелуде. Ал бірлескен еңбек пен бір нәтижеге ұмтылу керсінше адамның бойында басқа пайдалы сезімдерді тәрбиелеп, жағымсыз да зиянды ойлардың пайда болуына мүмкіндік бермейді. Адамның көңіліне қарап сөйлеу де имандылықтан, бұл адамның көркі. Ал адам көркі сол қоғамда, еңбекте, қызметте көрінеді, шыңдала түседі, үлгі боп, өзгелердің де көркеюіне себепші болады. Абай атамыз:

Орынды іске жүріп ой таппаған,

Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.

Қасиеті болмайды, ондай жігіт,

Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.

және «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деді. Ата-баба даналығымен біз еңбек жолын, адал кәсіп жолын таңдасақ, біздің Алла алдында да, адамдар алдында да абыройлы болмақпыз. Күйзеліс пен қасіреттен, зиянды әрекеттерден арылып, жеке өміріміз бен отбасымыздың берекелі де мерекелі болуын қаласақ, екі қолға бір күрек іздеп, берекені тынымсыз еңбектен іздеуіміз керек.

Әл-Миқдад ибн Мағдикариб (р.а.) жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ешкім де табан ақы, маңдай терімен тапқан тағамынан қайырлы ас ішкен емес. Шынында, Алланың пайғамбары Дәуіт те (ғ.с.) ризығын өз еңбегімен табатын елі», – деп айтты делінген (Бұхари, 15/37). Еңбектің наны тәтті де, сіңімді болғандықтан, әрі адал кәсіптен бойыңызға қуат дарып, небір ауыртпалықты да, уайымды да ұмытып, бақытты да табысты тұлғаға айналасыз. Еңбек –қашан да бәрін жеңбек!

                                                                              Нұрлан Саматұлы,

                                         ҚМДБ-ның  БҚО бойынша   баспасөз хатшысы.