РАМАЗАН ЖӘНЕ РАЗЫЛЫҚ

Рамазан – Алланы разы ететін және Оның есепсіз беріп жатқан нығметтеріне разы болатын ай. Ораза ұстаған мұсылман барлық істі разылықпен орындауға мән береді. Себебі ораза – Алла мен адам арасындағы құпия құлшылық, Жаратушының разылығын алуды ниет етіп ұстайтын парыз амал.     

Разылық дегеніміз – түрлі сынақтарды ашуланбай қабылдау, тағдырдың ауыртпалығына разылық таныту немесе тағдырда жазылған нәрсеге қатысты Алланың жасаған таңдауына көну, бұйырған нәрсеге де, бұйырмаған нәрсеге де жақсы көзқараста болу.

Разылық – жүректің ісі. Бұл дәрежеге жете алған мүмін өмірдің бар қиындығын жан жүрегімен қабылдайды. Одан да жоғары мәртебеге көтерілгенде тағдырдың ащысына дұрыс көзқараста болатын дәрежеге жетеді. Бұл – Алланы шынайы таныған, Оны шын жақсы көрген адамға нәсіп болатын дәреже.

Бұл дәрежеге жетудің бір жолы – ораза ұстау. Өйткені разылықтың деңгейі сабырлы болудан да жоғары тұрады. Себебі Алланы таныған жан дүниедегі Алланың ризалығына себепші болатын әр істі жақсы көруге жетелейтін рухани биікке көтеріледі. Жүрегінде разылығы бар адам өмірдің бүкіл сынағы мен қиындығын Алланың мейірімі мен жақсылығы деп қабылдап, оны Алланың берекесі деп санайды. 

Алланың жазған тағдырына риза болған жан – дүниедегі ең дәулетті адам. Өйткені разылық оның жүрегіне қуаныш пен тыныштық сыйлайды. Мұндай адам қайғы-мұңнан, ашу-ызадан алшақ болады. Адамның байлығы оның дүниесінің көптігімен өлшенбейді. Адамның байлығы жүректің, иманның және разылықтың байлығымен өлшенеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Тыйым салынған істерден сақтансаң, ең көп құлшылық еткен адам боласың. Алланың саған бөліп бергеніне риза болсаң, ең дәулетті адам боласың. Көршіңе жақсылық жасасаң, мүмін боласың. Өзің үшін жақсы көрген нәрсені адамдар үшін де жақсы көрсең, мұсылман боласың. Көп күлме. Өйткені көп күлу жүректі өлтіреді».

Разылық – мүмінді дүниеде де, ақыретте да бақытқа жетелейтін жақсы қасиет. Ашулану – адамның дүниеде де, ақыретте де бақытсыз болуына жетелейтін жаман әдет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласының бақыты – маңдайына жазған Алланың тағдырына риза болуында. Адам баласының бақытсыздығы – Алланың жақсы дегенін тәрк етуінде. Адамның бақытсыздығы – ол үшін Алланың жазған тағдырына ашулануы» деген.

Разылық – Алланы таныған жандардың жүрегіне орнаған тыныштықтың себепшісі. Разылық адам баласының жүрегіне уайым-қайғы салатын үмітсіздік дертінен арылуға себеп болады. Үмітсіздік жүректің тыныштығын ұрлайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына Алланы Раббым, Исламды дінім, Мұхаммедті пайғамбарым деп, риза болуға үйрететін. Осы сөзді үнемі қайталап айтып отыруға үндейтін. 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім таң атқанда және кеш батқанда: «Алланы – Раббымыз, Исламды – дініміз  және Мұхаммедті пайғамбарымыз деп разы болдық» деп айтса, Алланың оны риза етуі ақысына айналады». Сондықтан да сахабалар осы сөзді таңертең және кешке қайталап айтуға ұмтылатын еді. Осы сөз арқылы жүрек түпкірінде жатқан Аллаға деген разылығын байқататын.

Осы сөзді көбірек қайталап айтқан адамның жүрегі жай табады. Әсіресе сын сағатта, басына қиындық түскен, жүрегі қараңғылана бастаған кезде, сондай-ақ нәпсінің қалауы мен жеке мүддесіне қайшы келетін үкімдердің орындалуы барысында осы сөзді қайталаудың ерекше маңызы бар.

Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарды пайғамбарым деп риза болудың да өз шарттары бар. Ол үшін алдымен Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірде үлгі болар ең ұлы тұлға деп танып, оның көрсеткен тура жолына ілесуіміз керек. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тура жолына ілесу кезінде нәпсі қалауын жеңуге міндеттіміз. 

Нәтижесінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біз үшін ата-анамыздан да, бала-шағамыздан да, бүкіл адамдардан да, тіпті өзімізден де артық сүйікті жанға айналуы тиіс. Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді дәл солай жасауға үндеген. Әнас ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) жеткізілген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ешқайсың мені ата-анасынан, баласынан және адамдардың баршасынан, тіпті өзінен де артық жақсы көрмейінше момын бола алмайды» деді.

Алланы Раббым, Исламды дінім, Мұхаммедті пайғамбарым деп разы болған адам иманның ләззатын сезіп, мәңгілік бақыттың иесі болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алланы – Раббым, Исламды – дінім, Мұхаммедті пайғамбарым деп разы болған адам иманның дәмін сезеді».

Разылықтың нығметі мен иман ләззатын сезе алған адамның жүрегі тыныштыққа бөленеді. Басына қиындық түскен кезде түрлі жаман ойларға берілмей, сынақты разылықпен қабылдап, сабырмен жеңеді. Ал сабырды шыңдауға ең қажетті сәт – ораза. Өйткені хадисте «Ораза – сабырдың жартысы» делінген. Алла Тағала баршамызға оразаны өз дәрежесінде ұстап, Оның разылығын алуды және Оған разы болуды нәсіп еткей. Әмин! 

Естай АЙТУҒАНҰЛЫ,

Қарағанды облысының бас имамы,

«Мұнара» газеті