Барлық мақтау күллі әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға тән! Алланың игілігі мен сәлемі пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с), оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және олардың ізінен ең көркем түрде ергендерге болсын!
Біз он екі айдың ең қадірлісі — Рамазан айының алғашқы он күндігіндеміз. Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтатын дәлел ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Бұл айда ауыз бекітумен қатар жаман күнлі әдеттерден сақтану керек. Соның бірі тілімізбен жасайтын күнәләр.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алла өтірік айтуын және өтірікке сәйкес амал етуін тоқтатпаған адамның ішіп-жеуін қойғанына мұқтаж емес», – деген. Оразаның мұсылман баласына беретін пайдасының бірі – бос сөз бен ғайбаттан алыс болуға тәрбиелеу.
Я расымен, қазіргі қоғамда, әсіресе мұсылман жамағаты арасында тілден келген дерттер, яғни өсек, өтірік, ғайбат айту етек алып барады. Екі адамның басы қосылса үшінші адамды жамандаймыз. Ғайбат айту жеті үлкен күнәнің бірі. Адам өлтіру, біреудің ақысын жеу, зорлаумен қатар тұратын күнә. Оның алпауыттығы соншалық, алдына келгеннің баршасын жалмаған от сияқты есеп күні амал дәптеріміздегі сауаптың баршасын жоқ қылады.
Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с) сахабаларымен отырған кезде, сахабалардың бірі орталарында жоқ біреуді сипаттап: «Ол әлсіз адам» деп айтып еді, Пайғамбарымыз (с.а.с) бірден: «Сендер бауырларыңды ғайбаттадыңдар» деп тоқтатады. Сонда сахабалар: «Ол расымен сондай әлсіз адам» дегенде, «Ғайбат деген – мұсылман бауырың туралы (егер естісе) оған ұнамайтын сөз айту» деп ескерткен. (имам Бухари) Содан бастап сахабалар ғайбат айтудан тоқтап, тіпті ғайбат айтылған жерден қашатын болған.
Ғайбат айту қазіргі заманда көп айтылуының себебі, оны ауызға алғанда тәтті дәмі болады, құлағыңа жағымды естіліп, керсінше қалай қостап кеткеніңді білмей қаласың. Оның істелуі де оп-оңай. Дастархан басында отырып та, жолда жүріп келе жатырып та, жантайып жатып та жасай беруге болады. Ал одан арылу өте қиын. Емі тек – тақуалық болмақ. Ал тақуалыққа жетелейтін бірден бір – ол Рамазан айында ұстаған ораза. Ол турасында Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер» («Бақара» сүресі, 183-аят) деп айтылады.
Сол үшін Рамазан айында тақуалықты жалау қылып, ғайбат айтудан сақтанған жөн. Себебі Ғайбат айту харам амалға жатады. Оны айтқан адамға тәубе ету уәжіп болап есептеледі. Жәй «кешір Аллахым» деп айтумен адам құтыла алмайды. Тәубенің шариғаттағы шарттарын орындау арқылы Алла тағала кешіретін үлкен күнә. Оған дәлел Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيرًا مِّنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ وَلَا تَجَسَّسُوا وَلَا يَغْتَب بَّعْضُكُم بَعْضًا أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَن يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَّحِيمٌ
«Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді.» (Хужурат сүресі, 12 аят)
Алла Тағаланың әмір еткен құлшылықтарының баршасында тілді күнәдан тыйю туралы айталады. Мәселен қасиетті Рамазан айында ораза ұстап, ауыз бекітуге келетін болсақ, Пайғамбарымыз (с.а.с) бір күні ауыз бекітуімізді әмір етіп: «Рұқсат етілмейінше ешкім оразасын ашпасын», – деді. Кеш қараңғылығы түскен кезде Пайғамбарымыз (с.а.с) алдына келгендерге ауыздарын ашуға рұқсат берді. Осы кезде бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Екі жас қыз ораза ұстап, қатты шаршады. Сіздің алдыңызға келуге ұялады білем. Қарсы болмасаңыз, оразаларын ашсын», – деген кезде Пайғамбарымыз (с.а.с) рұқсат бермей қояды. Әлгі кісі тағы екі мәрте Алла Елшісінің алдына келеді. Ақырында Пайғамбарымыз (с.а.с): «Олар ораза ұстаған жоқ. Күні бойы адамның етін жегендердің ауыздары қалай берік болады? Оларға айт, ораза тұтқан болса, асқазанындағысын сыртқа ақтарсын, көрейік», – деді. Әлгі кісі Пайғамбарымыздың айтқандарын жеткізді. Олар Пайғамбарымыздың (с.а.с) айтқанын орындады. Айтқаны айдай келіп, әлгілер қан құсады. Әлгі кісі Пайғамбарымызға (с.а.с) келіп жағдайды баяндаған кезде: «Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Аллаға ант етейін, егер құспай бұл қан асқазандарында қалғанда, оларды жаһаннамның оты жұтар еді», – деді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз(с.а.с): «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ, адамдардың етін жеу арқылы харам жеді», – деген. (Ихия Улумуд-дин, 3/1, 319-320 б.)
Яғни бұл екі әйел адамның оразалары ғайбат айтқандары үшін қабыл болмады.
Оразамыз кемел түрде қабыл болу үшін тілімізді ғайбаттан, жаман сөзден тыйылу керек.
Лұқпан хакімнің өз ұлына айтқан насихаттарының бірінде: «Ей, ұлым! Сөйлеу – күміс болса, үндемеу – алтын», – дегені бар.
Ғайбат айтудың түрлері көп. Денесіндегі кемшілікті, тегіндегі кемшілікті, мал-мүлктегі кемшілікті, мінез-құлқындағы кемшілікті айту арқылы жүзеге асады. Сонымен қоса ғайбат тек тілмен болмайды. Ғайбат оймен де, ишарамен де, жазумен де болады.
Егер бізде ақыретке сенетін болсақ, Аллаға иман келтірген болсақ ғайбаттың кез-келген түрінен сақтанайық. Әйтпесе ақыретте жағдайымыз өте жаман болады. Оны Алла Елшісі (с.а.с) көзімен көрген және бізге жеткізген.
قال: قال رسول الله صلّى الله عليه وسلّم: (لما عُرِجَ بي مررت بقوم لهم أظفار من نحاس يخمشون وجوههم وصدورهم، فقلت: من هؤلاء يا جبريل؟، قال: هؤلاء الذين يأكلون لحوم النّاس ويقعون في أعراضهم
Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Миғражға шығарылғанымда қолдарында мыс тырнақтары бар, оларымен беттері мен кеуделерін тырнап жатқан адамдардың қасынан өттім. Сонда мен: «Уа, Жебірейіл! Мыналар кімдер?» – деп сұрадым. Ол: «Бұлар адамдардың ар-намыстарына тиіп, олардың етін жегендер», – деді». (Ахмет пен Әбу Дәуіт)
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с) өз хадистеріне былай деген:
«Әрбір мұсылманның қаны, намысы және мал-мүлкі басқа мұсылман үшін харам». (Имам Муслим)
Мұсылманның қаны мен малы харам болғаны сияқты ар-намысына тіл тигізу де харам екен. Біз тілімізді негізінен көбіне ғайбат айту арқылы тигіземіз.Сондай әдет болып кеткен, ғайбат айтылып жатқан отырыста қандай тақырып болса да қосылып кете береміз. Кейін тәубе ету былай тұрсын, сол күнаның ауырлығын сезінбейміз.
Пайғамбарымыз (с.а.с) заманда бір әйел адам қайтыс болады. Ол әйел адамның түнде намаз оқитын, күндіз ораза ұстайтын әдеті бар еді. Біз оны жерлеп жатқан кезде, Пайғамбарымыз (с.а.с): «ол әйел тозақта» деп айтты, біз оның түнде намаз оқитынын, күндіз ораза ұстайтынын айтқанда, «ол әйел тозақта» деп қайталап, «ол тілімен көршісіне зиян тигізетін еді»,- деді.
Бұл әйелдің түнде оқыған намазы мен күндіз ұстаған оразасы да пайда бермеді. Себебі ол көршісін ғайбаттаған болатын. Бүкіл сауабын отша жалмаған ғайбат бір жұтты.
Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте:
عَنْ أَبِى هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ -صلى الله عليه وسلم- قَالَ « أَتَدْرُونَ مَا الْمُفْلِسُ ». قَالُوا الْمُفْلِسُ فِينَا مَنْ لاَ دِرْهَمَ لَهُ وَلاَ مَتَاعَ. فَقَالَ « إِنَّ الْمُفْلِسَ مِنْ أُمَّتِى يَأْتِى يَوْمَ الْقِيَامَةِ بِصَلاَةٍ وَصِيَامٍ وَزَكَاةٍ وَيَأْتِى قَدْ شَتَمَ هَذَا وَقَذَفَ هَذَا وَأَكَلَ مَالَ هَذَا وَسَفَكَ دَمَ هَذَا وَضَرَبَ هَذَا فَيُعْطَى هَذَا مِنْ حَسَنَاتِهِ وَهَذَا مِنْ حَسَنَاتِهِ فَإِنْ فَنِيَتْ حَسَنَاتُهُ قَبْلَ أَنْ يُقْضَى مَا عَلَيْهِ أُخِذَ مِنْ خَطَايَاهُمْ فَطُرِحَتْ عَلَيْهِ ثُمَّ طُرِحَ فِى النَّارِ
Бірде Пайғамбарымыз (с.а.с) сахабаларынан: «Муфлис деген кім екенін білесіңдер ме?»– деп сұрады. Сахабалар: «Муфлис дегеніміз – ақшасы, мал-дүниесі жоқ адам»,– деп жауап берді. (Қазіргі терминмен айтсақ «таза бонкрот адам»). Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с): «Муфлис деген – олар менің үмметтерімнен, қиямет күні намаз, зекет, қажылық, ораза сияқты құлшылықтарымен келеді. Бірақ елге зиян шеккізген, біреудің ақысын жеген, балағаттаған адамнан кейін жапа шеккендер келіп ол адамнан өз ақыларын алады (әр адам келіп, оның істеген сауаптарынан алады). Кейін оның істеген жақсы амалдары бітеді, бірақ ақысын сұрап кезекте тұрғандар бітпейді. Сол кезде олардың күнәлары алынып, бұл кісінің күнәларына артылады», – дейді. (имам Ахмад 2/303, имам Муслим 2581)
Сондай бір күнде, тіпті хауандардың ақысын алып беретін есеп беру уақытында біздің жағдайымыз осындай болып қалмасын десек ғайбаттан сақтанайық.
Адам бойындағы мынадай себептер ғайбат айтуға себеп болады:
Біріншісі, Алладан қорқу денген сезім жүректе азаю;
Екіншісі, жақсы көріну мақсатында;
Үшіншісі, өзін-өзі көрсету үшін, біреуді кемсіту;
Төртіншісі, көреалмастық;
Бесіншісі, қалжындау, ойнау арқылы;
Алтыншысы, ашулану кезінде.
Осындай жаман әдеттерден арылу үшін әрқашан ғайбаттың ауыр күнә екенін біліп жүру керекпіз. Алла тағала Құран Кәрімде былай деп әмір етеді:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُوا قَوْلًا سَدِيدًا
«Әй Мүміндер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер.» (Ахзап сүресі, 70 аят)
Әр қашан аузымыздан дұрыс сөз шығып, өсек, ғайбат секілді жаман әдеттерден оттан қашқандай қашып жүретін тақуа құлдардан болуға нәсіп етсін!
Орал облыстық орталық мешітінің наиб имамы Наурыз Ибатұлы.