Ораза тұтушының ауыз ашу уақыты ақшам намазының уақыты, яғни күннің батуымен байланысты.
Бұл жайында Құран Кәрімде:
وَكُلُوا وَاشْرَبُوا حَتَّى يَتَبَيَّنَ لَكُمُ الْخَيْطُ الْأَبْيَضُ مِنَ الْخَيْطِ الْأَسْوَدِ مِنَ الْفَجْرِ ثُمَّ أَتِمُّوا الصِّيَامَ إِلَى اللَّيْلِ
«Және таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де содан соң оразаны кешке (күн батқанға) дейін толық орындаңдар» [1] делінген.
Ибн Әбу Ауфадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбармыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِذَا رَأَيْتُمُ اللَّيْلَ قَدْ أَقْبَلَ مِنْ هَا هُنَا وَأَشَارَ بِيَدِهِ نَحْوَ الْمَشْرِقِ- فَقَدْ أَفْطَرَ الصَّائِمُ
«Бірде, біз күннің батқанын байқай алмағанымызда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Түннің мына жақтан түсе бастағанын көрсеңдер, ораза тұтушы аузын аша береді», – деп саусағымен шығыс тарапты көрсетті» [2] делінген.
Бұл Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) күннің көзі бұлттан көрінбей тұрғандықтан ауыз ашу уақытын анықтауға байланысты айтылған деп түсіндіріледі[3].
Осы дәлелдерді алға тартып ғұламалар тұрғылықты және сапардағы адам өзі тұрған жерінде күннің батуымен және бұлтты күні айналаға қараңғы түскеннен бастап ауыз ашатындығын айтқан[4].
Қазіргі сәтте көпшілік қолданатын намаз уақыттары мен Рамазан айына арналған ораза тұту кестелерінде белгіленген күннің батуы тек жазықты жер үстінде жүргендер үшін арналған. Себебі, жер шарының шығыс пен батыс бөлігінде түн мен күннің алмасу уақыттары әртүрлі болатыны сияқты, жерден жоғары қарай биіктеген сайын күннің бату мезгілі өзгереді. Ғалымдар бұл мәселеде Александрия қаласында болған тарихи мұнараның биіктігіне сай үкім берген. Яғни, қазіргі таңда шамамен 50 қабатты биік ғимараттардың және таудың басында тұрған адам өзінен төменгі жазық жердің ауыз ашар уақытына қарап ауыз ашуы дұрыс болмайды. Мұндай жағдайда ораза тұтушы ең алдымен күннің батқан сәтін анықтап, ауыз ашу уақытын нақтылағаны жөн[5].
Сондықтан биіктікте ұшып бара жатқан ұшақ жолаушылары күн толық батқаннан кейін ауыздарын ашады. Ал күннің батуын көру мүмкіндігі болмаса түн қараңғылығы көріне бастаған уақыттан бастап аузын ашқаны дұрыс болады.
«Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан
[1] «Бақара» сүресі, 187-аят.
[2] Бухари №1941; №1956.
[3] Ибн Хажар әл-Асқаләни. «Фатху әл-Бәри, китабу әс-сиәм», №1941; №1956.
[4] Ибн Абидин. «Радду әл-Мухтар», 4/461.
[5] Ибн Абидин. «Радду әл-Мухтар», 4/461.