Имам болу абыройлы қызмет

Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласының «ескі қала» деп аталатын тарихи бөлігінде орналасқан мәдени мұралардың бірі – Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы мешіт баршамызға «Қызыл мешіт» (Көне мешіт) деген атаумен танымал.
Тарихы тереңге тартқан бұл көне мешіт ертеректе «Қызыл татар мешіті» деп те аталған. 1871 жылы іргесі қаланған Алла үйінің сәулетшісі мен салушысы туралы, өкінішке орай, нақты деректер қалмаған. Ғимараттың құрылысы татар сәулет өнерімен салынған, екі қабатты, қабырғалары қызыл кірпіштен қаланған.
Ертеректе бұл мешіттің жа-нында екі қабатты үлкен медресе ғимараты да болған. Мұнда татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқай (1886-1913 жж.) тұрып, оқыған.
Мәліметтерге сүйенсек, бұл көне мешітте үш имам қызмет жасаған екен. Соның бірі – 1877 жылы Каирдегі әл-Әзһар университетін бітіріп, Оралға келген қазандық Мутыгулла хазрет Тухватуллин. Ол діни біліммен қатар дүниауи білім де алған. Медреседе пікірсайыстар, әдеби, Тоқай өлеңдерін талқылау кештері өтіп тұрған. Шәкірттерге діни іліммен қоса, ибн Синаның, әл-Фарабидің философиялық шығармаларын оқытып, Омар Хайям, Сағди, Фирдауси мен Науаи өлеңдерінен де сусындатқан. «Мутыгия» деп аталған медресенің ұстазы болған М. Тухватуллин 1920 жылы қайтыс боп, осы Қызыл мешіт ауласына жерленеді. Алайда, 1960 жылы оның сүйегін туған жеріне алып кеткен.
Көне мешіттің екінші имамы болған Тулбаев Ғабдул-Гариб араб тіліндегі жоғарғы рухани семинар курсын жүргізе жүріп, қаламыздағы қазақ және татар зиялылары оқыған «Рахибийя» медресесін ашқан. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ғабдул-Гариб қаладан кетуге мәжбүр болады, өмірінің соңғы жылдарын Орынбор облысы Баширова ауылында өткізіп, 86 жасында қаза тапқан. Ал, көне ме-шітті оның ұлы Мұхаммед-Ғариф басқарып қалған.
Мұхаммед-Гариф Түлбаев 1878 жылы дүниеге келген. Ресей империясында жоғарғы діни білім алып, кейін Ыстамбұлда іс-тәжірибеден өтіп, Меккеде қажы-лық парызын өтеп келіп, имам болып тағайындалған. Мұхаммед-Ғариф татар, араб, қазақ, түрік тілдерін меңгерген. Ол «Рахибийя» медресесінде шәкірттерге тек діни білім ғана емес, сондай-ақ гуманитарлық білімдерді де тереңдеп оқытуға ден қойған.
1930-жылдары мешіттердің жұмыстарына тыйым салыну басталып, имам 1940 жылы қамауға алынып, қуғын-сүргінге ұшырап, Өзбекстанға жер аударылады. Осылайша Қызыл мешіт 1930 жылы жабылып, ғимараты 1990 жылға дейін әртүрлі мақсатта пайдаланылды. Қуғын-сүргінге ұшырағандарды жинайтын орын, құрылыс учаскесі, мүгедектер үйі, СПТУ жатақханасы, тіпті диірмен мен қойма ретінде де қолданылған. 1990 жылы ғимарат босап, қараусыз қалады да, оның есік-терезелері, еден ағаштары, құрылыс заттары талан-таражға түседі. Қабырғалары ғана қалып, күні кешеге дейін күл-қоқыс орнына айналған болатын.
Тарихи мұраларға бей-жай қарамайтын азаматтар табылып, татар мәдени орталығының төрағасы, кәсіпкер Хайруллин Ришад оны қалпына келтіру ниетімен құзіретті орындардан рұқсат алып, 2005 жылы мешітті жөндеу жұмыстарын бастайды. Бір жылдың ішінде кәсіпкерлердің демеушілігімен «Қызыл мешіт» қалпына келді. Заман талабына сай безендіріліп, қайта жанданған мешітке Мұхаммед-Ғариф Түлбаев аты берілді.
Биыл мешіт іші тағы да бір жаңарып, ішкі жөндеу жұмыс-тарынан өтті. Бұл игі іске «Строй-ГИД» ЖШС-і (бас директоры Хайруллина Галина Вавиловна) мен жеке кәсіпкер Қадрашев Асхат демеуші болды. Ал жеке кәсіпкер Руслан Лұқманұлы осы мешіттің тұрақты демеушісі, барлық шараларды ұйымдастыруда қол ұшын созып келеді.
Бүгінгі таңда Қызыл мешіттің бас имамы қызметін Қажымұқан Ғилманов атқаруда. 1997-1999 жылдары Мерке медресесін тәмамдаған, 2004 жылы Ислам институтының 4 айлық курсында білім алған Қажымұқан Елтайұлы М.Тухватуллин мен Мұхаммед-Ғарифтей діни біліммен қоса дүниауи білімді ұштастырып, Алматы қаласындағы «Дарын» әлеуметтік-гуманитарлық уни-верситетін тарих және география мамандығы бойынша аяқтаған. «Нұр-Мүбәрәк» универ-ситетінде білім алған. Армат Қуан да аталмыш университетте оқыған.
Сондай-ақ, бұл Алланың үйінде «Орал» медресесінің түлектері Бағдат Шақаев пен Саят Қанатқалиұлы. Екеуі де Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы университетіндегі Тарих және Дінтану мамандығын алып, жас та болса, ілімі мол жігіттер наиб имам болып қызмет етуде. Ал, Серік Мұстафин Ақтөбе медресе- колледжі білім алып, Орал қаласындағы БҚИТУ-нің тарих мамандығы бойынша білімін жалғастырды.Жоғары білімді наиб имам қызметін абыроймен атқарып келеді. Меккеде қажылық парызын өтеп келген Айхан Дінқуатов молда да қызмет атқарады. Осы шағын мешіт ұжымы көпшілікке үлгі болып, жыл сайын Мәуліт, Айт мерекелерін өз күштерімен тойлауды дәстүрге айналдырып келеді. Тәуелсіздігімізді алғалы жұмысын жандандырған көне мешіт өзі орналасқан аумақтағы тұрғындар үшін санаға сәуле құяр рухани орта болып, көптеген жүректерге иман нұрын ұялатуға септігін тигізуде.

Нұрлан САМАТҰЛЫ,
ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы