Күндердің сұлтаны қасиетті жұма күні Тараз шаһарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы арнайы ат артып келді.
Наиб мүфтидің іс-сапары Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттерімен кездесуден басталды. Шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев пен Жамбыл облысы әкімдігі Дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев қатысты.
Наиб мүфти «Жастар және ізгі қоғам» тақырыбында насихат айтып, мүфтият бекіткен 5 бағытты жіліктеп талдап атап өтті. Қазақ халқының дәстүрі мен Ислам діні атам заманнан сабақтасып дамып келе жатқанын тілге тиек етіп, шариғатымыздың білім алуға үндейтінін жеткізді.
Өз сөзінде: «Әр ұлттың өз мәдениеті болады. Алла тағала адамдарды ұлттарға бөлді, бір-бірлерін танып, қызығып, зерттесін деді. Егер әлемнің түкпір-түкпірінде тек қазақ халқы, оның ғана мәдинеті болса, қызғушылық болмас еді,» – деп «Хужрат» сүресінен дәлелдер келтірді. Сонымен қатар, белгілі тарихшы, академик Болат Көмековтың зерттеулерінен мысал келтіріп: «Өркениет қалыптасу үшін оның 4 нәрсесі болуы керек: жері, халқы, тілі, мәдениеті (діні). Тарих қойнауына көз жүгіртіп қарасақ, бұл төртеуі де қазақта ежелден болған» – деп тілге тиек етті.
Жастардың қазіргі қоғамдағы түйіткілді сұрақтарына жауап беріп, студенттер үлгі-өнеге болған насихатты көкейлеріне түйіп алды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі