«Сопылық дегеніміз – барлық жақсы мінездерді қолданып, барлық жаман мінездерден арылу дегенді білдіреді. Сопылық – тұнып тұрған көркем мінез, көркем мінезі сенен асқан адамның сопылықта да сенен асып түскені. Сопылық дегеніміз – нәпсіні құлшылыққа жаттықтырып тәрбиелеу және Алланың үкімдеріне қайтару.
Сопылық – барлық мүліктің Иесі Алланың құзырына барудың, ішкі жан-дүниеңді жамандықтан тазалап, жақсы қасиеттерге толтырудың көркем жолын айқындайтын ғылым. Сопылықтың бастауы – білім, ортасы – амал, ал соңы Алланың үлкен сыйы». Ислам ғалымдары сопылық ұғымына қатысты осындай анықтамалар берген.
Сопылық ұғымының шығу төркіні жайында айтылған сөздер өте көп. Солардың бірнешеуін айта кетейік. Сопылық ұғымы «суфа»яғни, жүнсөзінен алынған. Өйткені, сопы Алла Тағалаға мойынсұнғандығы соншалықты, Алла Тағаламен арадағы қарым-қатынас барысында түтілген жүнге ұқсайды. Сопылық ұғымы «сифат» яғни, сипат сөзінен алынған. Өйткені, сопылық – тұнып тұрған сипаттардың жиынтығы іспеттес. Жақсы сипаттарды бойына сіңіріп, жаман сипаттардан бойын алшақ ұстау – сопының ең басты қасиеттерінің бірі.
Сопылық ұғымы «сафф» яғни, сап, қатар сөзінен алынған. Аллаға деген қарым-қатынасында жүрегінің тазалығы тұрғысынан және өзге де құлшылықтарда өзгелерден оқ бойы озық тұрғандықтан ең алғашқы сапта тұрған жандарға ұқсайды.
Халыққа шынайы сопылық ілімін дәріптеу барысында біз тек нәпсіні тазартуды, жүректерді тазалауды, мінез-құлықты түзетуді және сол арқылы ихсан дәрежесіне жетуді ғана мақсат тұтамыз. Міне, осыны біз сопылық деп атаймыз. Қаласаңыз оны Ислам дінінің рухани, ихсани және мінез-құлықты түзету жағы деп қарастырыңыз. Немесе шынайы ақиқатына сәйкес келетін кез-келген атаумен атаңыз. Не десек те ислам үмбетінің алғашқы ғұламалары сопылық атауын қолданған және оның ақиқаты туралы мәліметтерді ғасырлардан ғасырларға ұстаз бен шәкірт тізбегімен жеткізіп отырған. Бұл игі үрдіске айналып, біздің заманымызға да жеткен.
Мәселен, қазақ жерінде туып өскен Ж.Баласағұни, А.Иүгінеки, М.Қашқари, А.Ясауи сынды тағы басқа ғұлама ғалым, ойшыл, ақындар күллі түркі мұрасының інжу-маржандары болып саналатыны сөзсіз.
Ұрпаққа үлгі-өнеге болған осы тұлғалардан «Құтты білік», «Ақиқат сыйы», «Диуан луғат әт-түрк» сынды бізге мұра ретінде жеткен шығармалардың барша адамзат баласының игілігі мен рухани дамуына берері мол деп сеніммен айта аламыз.
Ислам дінін алғашқылардың бірі болып қабылдаған түркі халықтары да Құран және хадис мәтіндеріне аса құрметпен қарап, діндерінің қайнаркөзі деп білді. Атқан сөзіне, өз пікіріне ең күшті дәйек, дәлел ретінде Құран және хадис мәтіндерінен үзінділер келтірді. Сонымен қатар олардың жазған қисс-дастандарында, хикая-әңгімелерінде Құран және хадис мәтіндеріне негізделген мазмұн желісі араласып жатты.
Жалпы түркілік мәдениет кеңістігінде өзіндік ілімінің негізін қалап, ойлау жүйеміз бен дүниетанымдық көзқарастарымызға, ұғымдарымызға исламдық құндылықтар негізіндегі ар түзейтін ғылымның моральдық-этикалық арнасы мен үлгісін көрсетіп кеткен тарихи тұлға болған бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің алар орны ерекше.
Орталық Азияда дәстүрлі ислам дінінің сунниттік ханафи бағытының кеңінен тарлуы Ахмет Ясауидің есімімен тығыз байланысты екені жасырын емес. Ислам діні қазақ топырағына сегізінші ғасырлардан бастап тарай бастағаны белгілі. Осы дәуірдегі «Ясауи кезеңі» деп аталатын Х-ХІІІ ғасырлар арасындағы уақыт ең маңызды кезең болып саналатыны белгілі. Өйткені, Исламның мемлекеттік дін дәрежесіне дейін көтерілуі Орталық Азиядағы алғашқы түркі мұсылман мемлекеті – Қарахан мемлекеті билік еткен кезеңмен тығыз байланысты болғаны баршаға аян.
Сопылықтың араб, парсы, түркі және тағы басқа түрлері бар. Ал біз сөз етіп отырған тұлға – Ахмет Ясауи түркі әлеміндегі сопылық түркі мектебінің негізін қалаушы екені анық. Демек, Ясауи ілімін қазақ халқының рухани мұрасының ажырамас бөлігі деп айтуға негіз бар.
А.Омаров «Абай» журналына жариялаған мақаласында: «Орталық Азия елдері, оның ішінде қазақ сахарасына әл-инсан әл-кәмил (инсани камил) дәстүр-практикасының таралуы Қожа Ахмет Ясауи әулиенің есімімен тығыз байланысты. Мұны ғалымдар нақтылы тарихи деректермен растап отыр. Сондықтан Ясауи теориялық тұрғыдан да аталмыш ілімнің негізін қалауға атсалысты дей аламыз.
Себебі, оның «Диуани хикмет» атты даналық кітабының әр жолы, әр хикметі «Алла мен адам арасын жалғастырушы – махаббат», «Махаббатқа жетуің – толық адам боулың» дегенге саяды. Әулие ойынан шығарған ұғым, түсініктерді емес, өзіне аян арқылы белгілі болған ақиқаттарды баян етті. Сондықтан Ясауи бабамыздың әл-инсан әл-кәмил концепциясының негізін қалаған автордың бірі екендігі күмәнсіз» деп жазады.
Ясауи ілімін зерттеп жүрген ғалымдардың айтуынша, Ясауи ілімі бойынша, адам рухани кемелдікке жетуі үшін қажетті білімді, яғни хикметті игеріп, діни мәлімет және құдайлық танымдармен (мағрифат) қарулануы керек. Ясауи ілімі ислам мен түркілікке негізделген тұжырым деп атайтын болсақ, оны ең алдымен Жаратушы Алла дінінің орнымен байланыстырғанымыз абзал.
Ясауидің «Хал» ілімінің негізгі мақсаты – адамды рухани кемелдендіру, жетілдіру. Ал адамның кемелденуі оның Хақпен қауышуымен байланыстырылады. Сондықтан сопылықтағы рухани кемелденген адамның жолы – Алланың разылыған бөлену жолындағы күрделі жол. Алла Тағала халқымыздың иманын кемел етіп, бірлігі мен ырысын арттырғай. Әмин!
Ерденбек ИХСАНОВ,
«Орал» облыстық орталық
мешітінің наиб имамы