МӘҺРДІҢ МӨЛШЕРІ БАР МА?

Шариғатымызда ерлі-зайыптылардың бір-бірінде ақысы бар. Олар әйелдің ері, ерінің әйелі алдындағы және екеуіне ортақ ақылар болып бөлінеді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығында: «Шын мәнінде, әйелдерiңнiң сендердiң алдында және сендердiң әйелдерiңнiң алдында тиiстi мiндеттерiң бар», – деген. Соның  бірі – мәһр. Яғни қалыңдық неке қияр алдында күйеуінен мәһр талап етуге құқылы.

Ислам діні бойынша ер адамның әйеліне мәһр беруі – уәжіп. Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһр берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады. Ол туралы Мұхаммад Әбу Заһра өзінің «Әл-ахуалу әш-шахсия» кітабында: «Мәһр – күйеуінің мойнына жүктелген әйелдің алатын ақысы. Ол үйлену келісімінің бір үкімі немесе нәтижесі ретінде қаралады. Некенің дұрыс болу шарты емес. Сол үшін мәһірі аталмай қиылған неке дұрыс саналады. Бірақ некені қиған сәтте мәһр беру міндеті жүктеледі. Тіпті ерлі-зайыптылар мәһр бермеуге келіскен болса да, оны күйеуі беруі тиіс.

Неке қиып жатқан сәтте мәһрді атап өту – сүннет. Өйткені неке қию барысында оны атап өту нәпсіге жақсырақ әрі талас-тартыстан алшақтатады. Мәһрді неке уақытында және кешіктіріп беруге де, сонымен қатар бөліп төлеуге де рұқсат. Ханафи мәзһабы бойынша мәһр заттай не ақшалай берілуі керек. Арты дауға ұласпауы үшін заттың түрі, құны секілді ерекшеліктері нақтылануы тиіс.

Мәһрдің ең жоғарғы өлшеміне ешқандай шектеу қойылмаған. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 20-аятында: «Олардың біріне мол мәһір берген болсаңдародан ештеңе де қайтарып алмаңдар», – дейді. Ал мәһрдің ең аз мөлшері – Ханафи мәзһабы бойынша он дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған.

ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде мәһрдің ең аз мөлшері 4,25 грамм алтынмен есептелетіні жайлы пәтуа қабылданды. Мәһрдің құны аталмыш мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны сол мөлшерге толтыру керек.

Ислам – жеңіл дін. Алла Тағала мұсылмандардан оның жеңілдігін пайдалануды қалайды. Сондықтан мәһрдің мөлшерін ер азаматтың материалдық мүмкіндігіне қарап, отбасының әлеуметтік жағдайын ескере отырып айтқан жөн. Өйткені мәһр күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін қалдыратындай аз болмауы керек. Мәһрді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала (мәһр муғажжәл) беріп, қалғанын кейін (мәһр муәжжәл) бере алады. Ибн Хиббан келтірген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдердің ең жақсысы – мәһрі аз болғаны», – деген.

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

«Иман» журналы, №1, 2023 жыл