Қолыма қасиетті Құранды ала,
Жаратқан Адам қылып бір Аллаға.
Барында бақыттымын Отан-ана,
Әкелген бұл өмірге ата-анама.
Нұрланса біліп дарып жаным-кеудем,
Ұстазға тәрбие мен тәлім берген.
Қаракөз, жәудір жанар қарындасқа,
Ақкөңіл аңқылдаған ауылдасқа.
Алалап оғландарын бөлмес мүлде,
Қадамға құт тілеген жерлестерге.
Өмір ғой желі ұласқан жауынына,
Пендеге шыдау парыз дауылына.
Бар менің ағаларым тау тұлғалы,
Басатын бауырым деп бауырына.
Балаймын мен оларды қара нарға,
Ұлтының қамын жеген дараларға,
Еңселі елім деген ағаларға.
Жамандық ойламайтын жан адамға,
Аяулы алтын құрсақ аналарға.
Шыдаған дүниенің азабына,
Қайсар ел қабырғалы Қазағыма.
Ат қосқан тірлік атты аламанға,
Қысқасы бес күндегі бар адамға,
Мың алғыс!
Алтынбек Ермекқалиев