Көрші ақысы

                                                 

    Әлемдердің Раббысы – Алла Тағалаға мақтау айтып, біздерге Ислам діні үкімдерін жүктеп, мәртебе бергені үшін шүкір етеміз. Оның ардақты Елшісіне (ﷺ) қиямет-қайымға дейін салауат-сәлем айтамыз.

Алла Тағала «Ниса» сүресінде былай деп бұйырады:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَنْ كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا

«Аллаға құлшылық жасаңдар. Оған ештеңені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңмен, туған-туыстарыңмен, жетімдермен, қамқорлықты керек қылған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астарыңдағы қызметшілермен жақсы араласыңдар. Алла барлық дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді»

          Шамамен осыдан үш жүз жылдай бұрын Мөңке бидің айтқан мына жорамалы бүгінде іс жүзіне асып жатқандай;  «Бір-біріне қарыз бермейді, Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді». Қарызын қоя тұрайық. Өйткені, кредиті есіне түсіп, қан қысымы жоғарылап кететіндерге зиянымыз тимесін. Қозғайын деп отырғанымыз. Көрші ақысы. Ақыретте Алла алдына барғанда ең бірінші кезекте «Көршіңізбен тату болдыңыз ба?» деп қоңсы ақысы сұралады екен. Ата бабамыз «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көрші артық» деп білген. Ақиқатында күнделікті жүзбе-жүз жүздесіп, туыс-туғаныңнан артық амандық-саулық сұрасып, шүйіркелесе шәй ішетін жақын жан ол-көрші. Көршісі шәй сұраса, май қосып берген. Бұл бұрындары. Бүгіндері жатқан бәсекелестік. Қоңсымның қорасы тым биік болып кетті. Не даңғазадай дарбазасына қызығушылықпен емес қызғанышпен қарайтын көршілер бар. Қазіргі қоңсы ақысы тек сәлемдесуден ары аспайды. Оған себеп. Күнделікті күйбең тіршілік. Айтпағымыз. Қазіргідей нарықтық заманда, адами асыл құндылықтарымызды ұлықтау өзімізге пайда. Күнделікті қарбалас тірліктен, қоңсымыздың ақысын қаншалықты беріп жүрміз. «Көрші ақысы-Тәңір ақысы», деген қағиданы ұстанып жүрміз бе? Міне, осындай бабалардан қалған аталы сөзді, тақырып арқауына айналдыруды жөн көрдік. «Жақсы көрші тапқаның-көп олжаға батқаның». Бұл мақалдың мәні бүгінде дәурені жүріп тұр. Себебі, жақсы көрші, қиын жағдай бола қалса, қол ұшын беретін, қыруар жұмысың болса, асарлататын, қажетіңді жараса, сұрағыныңды беретін де көршілер. Көршімен сыйластық-қоғамның татулығының айқын белгісі.

Қазақ үшін көршінің орны мүлде бөлек. «Көршілік сыйластық, көшкенде қимастық» деген тіркестер де нағыз ынтымақтастық қазақы ережені мықты сақтаған көршілерге қатысты айтылса керек.

Қазақта «көрші ақысы – тәңір хақысы» деген сөз бар. Алыс-жақын ағайынмен тату тұрып, жақсы көрші болудың өзі үлкен сын. Жаңадан көшіп келген үйге қоныс тойын өткізуде де қазақ халқы көрші-қолаңмен танысып-білісуді мақсат тұтқан. Жаңа көршіні ерулікке шақыру да содан туса керекті. 

Әбу Ханифаның бір көршісі бар болатын. Ол адам кешке үйінде ішімдік ішіп, дабырлап сөйлеп, айғайлап ән айтып, көршілерінің мазасын алатын. Бірде даусы шықпай қалған кезде Әбу Ханифа:

«Көршімнің даусы неге шықпай қалды, қайда жүр өзі?» деп алаңдаушылық білдіреді.
    Жақындарынан оған жала жабылып, әкімнің оны түрмеге қаматқанын естігенде, Әбу Ханифа одан хабарсыздығына қатты қапаланады. Көршісіне көңіл бөлмегені үшін өзін іштей айыптайды. Ертесі таң намазын оқи сала жолға шығып, салып-ұрып әкімге барады. Әкім үлкен құрмет көрсетіп, не жұмыспен келгенін сұрайды.

Әбу Ханифа: «Көршім қателікпен түрмеге қамалыпты. Осы жағдайдың түзетілуін, көршімді түрмеден шығаруды қалаймын»,-дейді.

      Жағдайды қысқа уақытта қолға алған әкім ол адамның кінәсіздігін анықтап, дереу оны түрмеден шығарады. Түрменің алдында күтіп тұрған Әбу Ханифа көршісін атына мінгестіріп, үйіне қарай аяңдап келе жатып:
«Қадірлі көршім, айып етпе, жағдайды кеш естігендіктен көршілік міндетімді де кеш атқардым»,-дейді.

    Сонда көршісі: «Мені қатты ұялттыңыз, Алланың атымен уәде беремін, енді ішімдік ішіп, сіздерді мазаламаймын»,-деген екен. 

  Көршімен тату болсақ, қонақжай әрі жәрдемшіл болсақ бұл өмірімізге де, ақыретімізге де пайдалы болары сөзсіз. Алыстағы ағайыннан қасыңдағы көршің жақсы деген қазақ мақалы да тегін емес. Мұсылман халқы аталмыш мәселеге аса назар аударуы қажет. Мұсылманның мұсылмандығы да осы амалдан көрініс таппақ.

        Алла Тағала баршамызға көршімен бауырдай болуды нәсіп етсін! 

 Қажымұқан Ғилманов,

 Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы мешітінің бас имамы