Бараат – күнәлардан тазаруға, оттан құтылуға мүмкіндік беретін, дұғалар қабыл болатын, берекелі түн. Биыл Бараат түні біздің елде 6 наурыздан 7 наурызға қараған түнге сәйкес келіп тұр.
Пайғамбарымыз бұл түн жайында жұбайы хазреті Айша (р.а.) анамызға былай деген: «Міне, бұл түн Шағбан айының ортасындағы – Бараат түні. Бұл түнде Алла бәни Кали қауымының қойларының санындай адамдарды Тозақтан азат етеді, бірақ, бұл түнде Аллаға серік қосушыларға, ағайын-туыстарымен қарым-қатынасты үзгендерге, адам өлтіргендерге, ата-анасына қарсы шығып, ренжіткендерге және ішкілік ішушілерге ілтипат көрсетілмейді». Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз : «Бараат сіз үшін ең үлкен мүмкіншілік. Өйткені анық бір түн. Шағбан айының 14-нен 15-іне қараған түн. Қадыр түні Бараат түнінен ұлық болса да, қай күні екені белгісіз, жасырылған. Бұл түнде көбірек ғибадат етіңіз, әйтпесе, Қиямет күнінде өкінесіз», – деген екен. Жоғарыда айтылғандай, адамдардың бір жылдық тағдыры жазылып, періштелерге тапсырылады, яғни, бұл түнде бүкіл жаратылыстың бір жылдық ризық-несібесі, байлық пен мұқтаждық халдері, бұл дүниеге қатысты дәрежелері, осы жылда туылатын және өлетін адамдар – барлығы осы түнде белгіленеді. Бараат түнінде намаз оқу, дұға ету, дүниеден өткен ата-баба, ағайын-туыстарға сауабын бағыштап хатым оқу үлкен сауап болады. Бұдан басқа Бараат күнін оразамен өткізу де Пайғамбарымыздың сүннеті.(1)
Бұл түндерді құлшылықпен ояу өткізу – мұстахаб. Сондықтан мұндай істерді жалғыз өткізген жақсырақ. Фиқһ ғалымдары қасиетті түндерде, мысалы Бараат түнінде мешітке жиналуды мәкруһ санаған. Хасан ибн Аммар Шурунбуләли (оны Алла рахмет етсін) бұл туралы: «Жоғарыда айтылған және басқа да қасиетті түндерді арнайы ғибадатпен өткізу мақсатында мешітке жиналу – мәкруһ. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да, сахабалар да олай істемеген», – деп айтқан .
Сахабалар, табиғиндер және одан кейінгі ғасырда өткен ғалымдар бұл түнді ұлықтаған және оған ерекше дайындық көрген. Бараат түнінің берекесіне қол жеткізу үшін ғалымдар төмендегі істерге мән беруді айтқан:
- Құптан мен таң намазын жамағат болып оқу.
- Құлшылық етуге шамасы келмесе, жоқ дегенде күнә істерден арылу.
- Тәубе ету және истиғфар айтуға көңіл бөлу
- Өзі және мұсылман үмметі үшін қайырлы дұғалар жасау.
- Шамасына қарай зікір айту, нәпіл намаз оқу, Құран тиләуат ету.
- Мүмкіндік болса, Шағбан айының он бесінші күні ораза тұту. (2)
Бұл мүбәрәк, қасиетті түнде еліміз, халқымыз, қасиетті дініміз, өзіміз, жанұямыз, бүкіл мұсылмандар үшін дұға етіп, Алладан бұл дүние және ақиреттің бақытын сұрауымыз керек.
Бұл түнде орындаған барша құлшылықтарымызды, дұға – тілектерімізді, истихфарларымызды Алла қабыл еткей. Барша күнәмізден тазартып, Рамазан айына аман-есен жеткізгей! Әмин!
Серік Қайратұлы,
Тулбаев Мухаммед-Гариф мешітінің наиб имамы
Қолданылған тізім:
(1) asyldin.kz
(2) Хасан АМАНҚҰЛ, Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары