Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Жылына бір-ақ рет келетін ұлы мүмкіндіктерге толы қасиетті ай жақындаған сайын осы сұрақтың көп адамды мазалайтыны рас. Иә, күн өткен сайын Рамазан да жақындап келеді. Ал біздің дайындығымыз қай деңгейде? Дәл бүгін есігімізден еніп тұрған шағбан айын қалай өткізуіміз керек? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрмекпіз.
Біріншіден, шағбан дегеніміз – оразаның келгенін сүйіншілейтін Рамазанның алдындағы ай (күнтізбедегі 8-айдың аты). Шағбан айының өзге айлардан артықшылығы сол, бұл айда пенденің істеген ізгі амалдары Жаратушының құзырына көтеріледі. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «…Бұл айда жасаған амалдар Алланың құзырына көтеріледі. Сондықтан мен өз амалдарымның аузым берік күйде (Аллаға) көтерілгенін ұнатамын», – деген (Насаи).
Бұл хадистен шағбан айында атқарылатын негізгі құлшылық – нәпіл (қосымша) оразаларды көбейту деген қорытынды шығаруға болады. Иә, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) басқа айларға қарағанда осы айда көбірек ораза ұстайтын, сөйтіп, Рамазанға деген құлшынысын, дайындығын күшейтетін. Айша анамыз (р.а): «Мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазаннан басқа ешбір айда толық ораза ұстағанын және шағбандағыдай көп ораза ұстағанын көрген емеспін», – деген. (Бұхари, Муслим)
Және тағы бір хадисте Айша анамыз (р.а): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешбір айда шағбаннан көп ораза тұтпайтын және ол (кейде) шағбанда түгел ораза ұстап: «Шамаларың келетін амалды ұстаныңдар, ақиқатында, сендер шаршамасаңдар, Алла шаршамайды», – дейтін еді», – деген. Ғалымдар осы хадистегі «шағбанда түгел ораза ұстап» деген сөз туралы «бұл жерде Пайғамбарымыздың с.а.с шағбанда толық немесе оның жартысынан көбінде ораза тұтқаны жайлы айтылған», – дейді (Бұхари).
Біз ілгерідегі ізгілердің Рамазанға алты ай бұрын қамданып, «қастерлі айға аман-есен жеткіз» деп Алладан дұға жасағанын білеміз. Ал шағбан айы келді деген сөз – Рамазанға небәрі бір-ақ ай қалды деген сөз. Бұл ықылас, ынтамызды, моральдық-психологиялық дайындықты одан сайын күшейту керектігін білдіреді. Бар кезде елу теңгесін садақаға қимаған адам жоқ кезде елу мың теңгені оңайлықпен бере қоймайтыны анық. Ендеше, Рамазанды барынша сауапты істермен өткіземін, биылғы оразада көбірек Құран оқып, көбірек садақа беріп, көбірек ізгі амал жасаймын деген адам сол амалдарын ертерек жасап, бойын үйрете бергені дұрыс әрі шарапаты мол шағбанда қосымша оразаларды көбірек тұту – сүннетке сай амал болмақ.
Ал белгілі себептермен былтырғы оразадан қалып қойған күндері бар адамдар қаза оразаларын не істейді?
Айша анамыз (р.а): «Менің мойнымда Рамазанның өтелмеген оразасы болатын. Мен оны Алла Елшісінен с.а.с босамауым себепті шағбанда ғана өтеуге мүмкіндік табатынмын», – деген. Ибн Хаджар (Алла оны рахымына алсын): «Бұл хадис қаза оразаны келесі Рамазанға жеткізбей өтеп үлгерудің абзал екендігін көрсетеді», – дейді. Демек, Рамазан айынан өтелмей қалған қазасы бар адамдар үшін де шағбан айы – сол олқылықтардың орнын толтыруға керемет мүмкіндік!
Рамазанға айына дайындық ретінде шағбан айында мынадай амалдарды атқаруға болады:
1. Алладан біліп-білмей істеген күнәлары үшін кешірім сүрап, тәубе ету. «Әй, иманға келгендер! Мұраттарыңа жетулерің үшін барлығың істеген күнәларыңа шынайы өкініп, Аллаға бойұсынуға қайтыңдар (тәубеге келіңдер) «Нұр» сүресі, 31-аят
2. Рамазанда жасайтын дұғалардың тізімін жасау. Себебі, Рамазанның күндізінде де, түнінде де тілектер қайтарылмайды, яғни қабыл болады. Ендеше, мұндай мүмкіндікті уысымыздан шығарып алмау үшін арнайы тізім жасап, қажетіміздің барлығын жазып қоюдың артықтығы жоқ. Және Алладан Рамазанға аман-есен жеткізуді сұрап, сол қастерлі айға күнәсіз кіріп, сауаппен шығуды нәсіп етуін тілеу.
3. Көл-көсір сауап, жақсылық пен шаттық, бақыт пен құтылудың себебі болатын ұлы айдың келе жатқанына шын жүрегімен қуану. Себебі, Рамазанға аман-есен жеткізгені – Құдайдың жарылқағаны. Алдыңнан үлкен мүмкіндіктің есігін ашқаны. Жәннатқа кірер жолыңды жеңілдеткені. Алла Құранда: «Бұл – Алланың кеңшілігі мен мейірімі. Олар осыған қуансын, бұл олардың жиғандарынан қайырлы», – деген. («Йунус» сүресі, 58-аят)
4. Оразаның артықшылықтары туралы көбірек ақпарат жинау. Отбасына, жақындарына, бала-шағасына Рамазан айы туралы насихат айту.
5. Рамазанда құлшылыққа көбірек уақыт бөлу үшін әрі шаршап, қиналып қалмау үшін жұмыстардың барлығын оған дейін реттеп, тындырып қою. Көп адамдар жазғы демалысты (отпуск) осы Рамазан айына сәйкестендіріп алады. Бұл да өте тиімді әдістердің бірі.
6. Өзі оқымаған кітаптарды дайындау. Пайғамбар с.а.с өмірбаяны, Құранды, оның мағыналық аудармасы мен түсіндірмесін оқып бастау.
7. Сүннетке сай көбірек ораза тұту.
Әбу Бәкір әл-Балхи атты кісі: «Ережеп – тұқым себу, шағбан – суару, ал Рамазан – соның жемісін жинау айы. Тұқымын сеуіп, оны суармаған адам қалай жемісін көрсін?» – десе, тағы бір сөзінде: «Ережеп – жел, шағбан – жаңбыр шақыратын бұлт, ал Рамазан – жаңбыр», – деген екен. Ендеше, Алла шарапаты мол шағбан айында құлшылығымызды бүтіндеп, сауаптарымызды еселесін. Кезінде Әш-Шәғбиден: «Құлшылықта ынта таныту үшін қай ай жақсырақ: ережеп пе, әлде шағбан ба?» – деп сұрағанда, ол: «Аллаға әркез құлшылық етуші бол, әрі «шағбаншы» болма!» – деп жауап берген екен. (“әл-Ләтаиф” 396)
Ендеше, Алла Тағала бізге құлшылық жасауда бірқалыпты, тұрақты болуды нәсіп етсін демекпіз.
Айтенов Ерлан Бауыржанұлы
Бөрлі ауданы, Ақсай қаласы мешітінің бас имамы