Жұмысына жеткенше асығып келе жатқан Айжұмаға жердің мұздағы да кедергідей алға басқан қадамын жылжытпай, кібіртіктеп, «Қап, енді кешігетін болдым-ау! Басшымыз да жаңадан келген кісі еді, білсе, мұның арты жақсылыққа апармас» деген алаң оймен ілгерлей берген. Қарсы алдынан жар сипалап, қолындағы наны мен сүт салған дорбасын қысып ұстап алған «қарға қадам басу мұң» болған бір қарияны көрді. Өзінің көзі де көрмейтін болса керек, қабырғаға сүйеніп, әлсін-әлі тоқтап, тыныс алып, «Христос, Христос!» дей береді. Енді бір қадам аттаса, ылдиға түсіп, құлап кеткелі тұр. Айжұма өзінің жұмысқа бара жатқанын ұмытып, дереу тұра шапты. Сақал-шашын ақ қырау шалған христиан шалын аяп кеткені сонша, сөзімен де қолымен де демеп, оны қауіпсіз жермен жүргізіп, сәбидей жетеледі. «Христос, спасибо! О, господи, Христос!» деп өзінің білгенінен жаңылмай жыламсырай күбірлеген қария Айжұманың демеуіне көніп, одан айырылса, құрдымға кететіндей қолынан тас қылып ұстап алған. Қарияны үйіне дейін апарып салған Айжұмаға алғысын айтудың орнына білген орысшасымен Иса пайғамбардан, онда да оны құдайға теңеп, рахметін жаудырған орыс шал есіне әлдене түскендей, дауыстап атын сұрады.
- Сенің атың кім?
- Айжұма.
- Сен маған не үшін көмектестің? Аяп кеттің бе?
- Әрине.
- Жоқ, сен шыныңды айтшы. Мені шынымен аядың ба? Көзі соқыр бейшара деп…
- Үлкен кісі екеніңізді көріп тұрмын. Оның үстіне бүгін жол тайғақ екен. Қалай көмектеспей жаныңыздан асып өте бермекпін? Мен мұсыл… Мен қазақ қызымын ғой.
- А, сен мұсылман, әрі қазақ қызысың ба?
- Жақсы, ата. Мен жүрейін.
- Ай… Атың кім деп едің? Иә, сен сонда маған мұсылман болған соң көмектестің бе? Айтшы, осыны білгім кеп тұр, – деп қария Айжұманың жеңінен ұстаған күйі әлі жібермей тұр. Айжұма сабыр сақтап, байыппен жауап қатты.
- Солай деуіңізге болады.
- Сонда да бір нәрсені түсінбей тұрмын. Не үшін? Айналада сен сияқты мұсылмандар, болмаса мен сияқты христиандар көп емес пе? Олар неге маған сен сияқты қол ұшын бермейді, а? Маған осыны айтшы. Күнара дүкенге барамын. Ешкім көмектескен емес. Үйіме өзім ілдәлдалап жетем. Күні кеше аяғым тайып, оңбай құладым. Басыммен үйдің қабырғасына соғылдым. Сүтімді ақтарып алдым. Жанымнан аяқтың дыбыстарын естіп жаттым. Біреуі келіп тұрғызған емес, ең болмағанда «е, байғұс, құлап қалыпты ғой» деп аялдаған да жоқ. Зу-зу өте шықты. Бәрін сезіп жаттым. Қай дінде екені бәрібір. Олар ең алдымен адам баласы емес пе? Біреуі маңыма жоламады. Содан қорланып, жыладым. Иә, бірде сөйтіп жығылып жатқанымда екі жігіт көмектескені бар. Ауыздары құрғамай жүрген біреулер. Оларға менің құлағаным таптырмас олжа болған. Екеуі жетіп келді. Үстері мөңкіп тұр. Көмектесті. Асты-үстіме түсердей сөздерін айтып, тегіс жолға салып жіберді. Бірақ артынан араққа ақша сұрап тұр. Сөздеріне қарағанда сол екеудің бірі орыс, бірі қазақ секілді. Көзім көрмегесін ажырата алмадым. Бірақ есімдері… есімдері есімде жоқ, әйтеуір екеуміз сияқты, екі ұлттың баласы, яғни бірі мұсылман, екіншісі христиан. Бірақ екеуі де ішкілікке салынған. Қол ұшын бергендеріне мен пақырдан, төрінен көрі жақын қарттан ақша сұрайды. Сонда дін қайда, адамшылық қайда? Бірі де жоқ. Солай, бұл дүниеде бәрі сатуылы. Ал сен маған неге көмектестің? Мүмкін сен де менен ақша сұрарсың, а? Құдайға да керегі жоқ қайдағы бір қаусаған орыстың шалына сен неге көмектесуің керек? Осыны айтшы маған. Неге деймін? Басқалар неге сен сияқты емес?
- Ата, білмедім. Мен тек Алланың ризалығы үшін сізге көмектестім. Басқалай ойым болған жоқ.
- Кім үшін, кім үшін дейсің?
- Алла үшін.
- Сонда Христос үшін бе?
- Жоқ, ата. Алла-Тағаланың ризалығы үшін. Сіз айтып тұрған адам Иса пайғамбар ғой. Ол құдай емес. Пайғамбар. Ал Алла бүкіл әлемдердің патшасы. Мені сізге көмектесуге бұйырған Алла деп білсеңіз, сол дұрыс, бұл дүниедегінің барлығы соның қалауымен болып жатқан тірлік.
- Алла дейсің бе? Айтпақшы, сендердің құдайларың Мұхамед емес пе?
- Жоқ, ата. Ол Мұхаммед с.ғ.у. да Алланың елшісі, сіз аузыңыздан тастамай жүрген Христостан кейінгі пайғамбар, ең соңғы пайғамбар, яғни Құдайдың кітабын, сөзін бізге, бүкіл адамзатқа жеткізуші сүйікті пайғамбарымыз. Біз сондай пайғамбарлар жіберіп, бізді сақтандырған, өзінің қаһарынан абай болуға шақырған Алланың ризалығын алуға талпынамыз. Сізге сол мақсатпен қол создым.
- Алланың ризалығы үшін… – деп қайран қалған, осы жасқа келгенше бұл сөзді бірінші рет естіп тұрғандай күй кешкен қария Айжұманың қолын жіберіп, үні бәсеңсіп, біртүрлі жыламсырап, – қызым, ендеше, Аллаға көп рахмет. Сені жұмсаған Аллаға рахмет. Мен осы уақытқа шейін Хрис… Алла дейді, Алла… – дей берді.
- Сау болыңыз, – деп асыға басқан Айжұма жұмысына келсе, сезгендей жаңа басшысына мұның кешіккенін жеткізіп үлгеріпті. Айжұма осы компанияда есепші болып істейтін еді. Орнына қызығып жүргендердің көп екенін, әрі сүрінуін күтіп, тілеп жүргендердің алыста еместігін сезетін, бүгін сондай пенделердің қуана беруне болғандай екен. Бастық мұны кабинетіне шақырып, танысты, әрі жұмыстан екі сағатқа кешіккенін айтып, өз еркімен арыз жазуын сұрады. Айжұма аз-кем отырды да, көзінің жасын сығып алып, арыз жазуға кірісті. Сол сәт басшының телефоны безілдеп қоя берді. Бұл басшы ірі компаниядан осы қызметке ауысып келген болатын. Ал оған қоңырау шалған осыған дейін істеген жерінің басшысы, яғни мұның да бұрынғы қожайыны болатын. Екі басшы сөйлесті. Бұл кезде Айжұма арызын жазып болып, рұқсат болса, тұрғалы отырған. Телефондағы әңгімеден соң жаңа басшының өңі өзгерді. Сөйтіп жатқанда хатшы қыз Астанадағы басшылықтан хабарласқанын, факспен хат жібергенін айтып, оны әкеп берді. Онда жылдық есеп-қисаптың дұрыстығын, өзгелерге қарағанда тиісті құжаттарды дер кезінде қатесіз тапсырғандарын жазып, бухгалтер Айжұманың атына алғыс айтуды да ұмытпай, тіпті сыйақы тағайындасаңыз артық етпейді дегенді де ұмытпапты. Басшы дағдарды. Өңі бір қызарды, бір бозарды. Осының алдында ғана орынбасарларымен, Айжұманың үстінен шағымданған бірер қызметкердің қатысуымен өздері шешім шығарып, жұмыстан босатуды ұйғарып қойған болатын. Ал әлгінде қоңырау шалған өзінің бұрынғы бастығы «сенен тәжірибелі жақсы есепші ауыспайды ма» деп өтініш білдіріп отыр. Бүгіннен бастап қызметке алып, алдын-ала еңбек ақысын да төлеймін дегенін естігенде, ондағы еңбектің қомақтылығын ойлап өткен бұл басшы ернін тістеледі. Айжұма арызына қолын қойып, бастығының алдына жылжытты. Бұл қолына қаламсабын алғанмен әлі ойланып отыр.
- Менің сізге істеген бір жақсылығым болсын. Сіз бұл жұмыстан кеткеніңізбен, бұдан да жоғары жалақысы бар ірі компанияға барсаңыз қалай болады? Жаңа оның басшысымен сөйлестім, сіз келгенше қоңырау шалып ескертіп қойып едім, өзі шығып, бір орынның бос екенін, сізді қаласаңыз бүгіннен бастап қызметке алатындарын, тіпті айлық ақшаңызды алдын-ала беріп қоятындарын да айтты. Мен ол жерді жақсы білем, өйткені онда өзім істегем.
- Сонда қалай, әлі ештеңе істемей тұрып ақша беретіні?
- Ол жер сондай жер. Өте бай компания. Айдың аяғында сыйақыны және береді. Өкінбейсіз. Сіз бұл арадан кінәлі болғандықтан кетіп жатырмын деп ойламаңыз, жоғарлап барамын деп біліңіз. Ал бұл сіз бен біздің арамыздағы құпия болсын, – деп жаңа басшы айжұманың арызына қолын қойып, жаңа қызметінің мекен-жайы, байланыс телефоны жазылған кішкене қағазды ұстатты, – өздері де қоңырау шалар. Әйтсе де, міне, мұнда бәрі жазылған, алыңыз.
- Рахмет. Аллаға шүкір. Бәрінен бұрын балаларым аш қалмаса болғаны, – деп Айжұма есікке қарай беттеді.
- Айтпақшы, сіздің Астанаға жіберген есеп құжаттарыңыз дұрыс болыпты. Бүкіл алажағыңызды аларда, сыйақыңызды да қоса аласыз. Жолыңыз болсын, – деп жаңа басшы Айжұманы жылы жымиып шығарып салды. Айжұманың жүзінен қайғыруды күткендер оның табын да байқай алмай, бірі шын аяп, бірі өтірік жаны ашығансып, «Енді қайтесің? Пәлен жыл істеген жерден шығарып жатыр. Қайда барасың?» дейді. Айжұма олардың барлығына күлімсірей қарап:
- Бұйырғаны болар. Маған бола уайым шекпеңдер. Бізді ризықтандырушы басшы, не қатып қалған жұмыс емес, Алла ғой, – деп күлімсіреп, заттарын жинастырып, сондай көңілді күйде бәріне ризашылығын білдіріп, тысқа да шықты. Қалта телефоны шырылдап қоя берді.
- Сәлематты болыңыз. Рахмет.Иә, бұл мен, Айжұма тыңдап тұр. Жарайды, аздан соң барамын. Көлік жіберудің қажеті жоқ. Келіп тұр дейсіз бе? Ыңғайсыз болды ғой, – деп өзін күтіп тұрған шетелдік әдемі көліктің өзіне бола келіп тұрғанын білген Айжұма кейінге қарайлаған. Тілеулестері мен күндестері терезеден қарап тұр екен. Айжұма оларды байқамаған болып, назарын тез көкке қарай аударып, «Шүкір, бергенің мен бермегеніңе шүкір, шүкір, Алла» деп күбірлей берді.
Мұнайдар Балмолда