Әйел-қыздар секторының жетекшісі Әбдубали Әсел Оразбекқызының ұйымдастыруымен Қасиетті Миғраж түніне орай БҚО әйел жамағатына арналған “Миғраж – ұлы мұғжиза” атты рухани кеш өткізілді. Шараның бастамасы ақ жаулықты әжелеріміз бен апа-сіңлілеріміздің оқыған Құран хатымын Махмуд қари түсіріп, облысымыздың жаңа тағайындалған бас имамы Самат Қанатқалиұлы Түркия және Сириядағы бауырларымызға дұға бағыштады. Елімізге есендік тілеумен басталған шарада Құран тәпсіршісі Өтегенқызы Бақытгүл ұстаз миғраждың қадір-қасиеті мен мән-мағынасын түсіндірді. Тәпсір сабағынан тәлім мен таным танытылып, арты ауызашармен жалғасты. Дастархан басындағы жамағат арасынан білімді қыздарымызға Миғраж жайында сұрақтар қойылып, 10 қыз іріктелді. Сайыс қатысушылары 6 кезеңнен тұратын түрлі тапсырмаларды орындап, “Исламдағы әйел мәртебесі” және “Бақыттың кілті” кітапшалары сыйға тартылды. 230 адамды құраған мешіт жамағаты бұдан соң да ілім талап етушілердің қатарынан табылсын деп тілек білдірді.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз хатшысы