الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Исра және Миғраж түні ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккедегі әл-Харам мешітінен Құдыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне исра (яғни түнгі сапар) жасады. Одан миғражға, яғни жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пайғамбарлармен кездесіп, үнемі құлшылықта жүретін періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгілерін көріп, бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді. Бұл оқиға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына һижрет етуінен он сегіз ай бұрын болды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 1-аятында:
سُبْحَانَ الَّذِي أَسْرَى بِعَبْدِهِ لَيْلًا مِنَ الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ إِلَى الْمَسْجِدِ الْأَقْصَى الَّذِي بَارَكْنَا حَوْلَهُ لِنُرِيَهُ مِنْ آيَاتِنَا إِنَّهُ هُوَ السَّمِيعُ الْبَصِيرُ
«Пендесін бір түні оған белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбәрак еткен Ақса мешітіне (исра жасатып) апарған Алла Тағала әртүрлі кемшіліктен пәк. Күмәнсіз, Ол естуші, білуші», – деп айтқан.
Имам Мұхаммед Ғазалидің (Алла оны рақымына алсын) «Фиқһу сира» кітабында бұл жөнінде былай дейді: «Исра – Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне жасалған ғажайып сапар. Ал, миғраж исраның артынша болған оқиға. Миғраж мүбәрак Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аспан қабаттарына көтеріліп, жаратылыстың білімі жетпейтін деңгейге дейін барып, қайтадан Меккедегі Харам мешітіне оралу сапарын айтамыз».
Ардақты Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исра жасағаны туралы қасиетті Құранда айтылғандықтан бұған сену әрбір мұсылманға – парыз. Имам ат-Тахауи (Алла оны рақымына алсын):
وَالْمِعْرَاجُ حَقٌّ، وَقَدْ أُسْرِيَ بِالنَّبِيِّ ﷺ وَعُرِجَ بِشَخْصِهِ فِي الْيَقَظَةِ إِلَى السَّمَاءِ، ثُمَّ إِلَى حَيْثُ شَاءَ اللَّهُ مِنَ الْعُلَا، وَأَكْرَمَهُ اللَّهُ بِمَا شَاءَ، وَأَوْحَى إِلَيْهِ مَا أَوْحَى: مَا كَذَبَ الْفُؤَادُ مَا رَأَى
«Миғраж оқиғасы – хақ. Ақиқатында, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі сапарға шығарылды, ол тұлғасымен (денесімен) бірге ояу кейіпте аспанға көтерілген. Сосын Алла қалаған биіктікке дейін барған. Алла Тағала оны Өзінің қалауынша ардақтады һәм қалауынша уахи етті: «Жүрек көргені туралы иесіне өтірік айпады». «Сонда Алла құлына уахи ететін нәрселерін көкейіне салды» («Нәжім» сүресі, 11-аят)», – деп баяндаған.
Миғраж түні мынадай маңызды оқиғалар орын алған:
Бірінші: Бұл оқиға арқылы мүминдердің сенімдері сыналды
Исра мен Миғражда ғайыпқа иман келтірудің көріністері баяндалған. Ғайыпқа иман келтіру – көрмеген нәрсеге сену деген сөз. Асылында, иман келтірудің ең басты шарты, көзге көрінбеген нәрселерге, яғни ғайып әлеміне сенуден тұрады. Алла Тағала Қасиетті Құраннның «Бақара» сүресінің алғашқы аяттарында:
ذَلِكَ الْكِتَابُ لاَ رَيْبَ فِيهِ هُدًى لِلْمُتَّقِينَ
الَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِالْغَيْبِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاَةَ وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنْفِقُونَ
«Міне, осы кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші. Сонда олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) жұмсайды», – деп айтқан.
Сондықтан да Миғраж оқиғасы арқылы адамдардың сенімдері сыналды. Өйткені бұл оқиғаны Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хабарлаған уақытта көп адамдар күдіктеніп, түрлі әңгімелер айта бастады. Алайда, иманына берік жандар сенімді болған Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр айтқан хабарының шындық екендігін айтып, еш күмәндасбастан сенді.
Сол уақытта адамдардың арасында Құдыста болып көргендері де бар еді. Міне сол Бәйту әл-Мақдисты көргендер Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның қандай екендігін сұрап, сынамақ болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көргенін сипаттап берген уақытта, Құдысты көргендер: «Иә сондай, иә сондай», – деуден ары өте алмайды.
Өзінің сауда керуендерін күтіп отырған кейбір мүшріктердің бірқатары Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біздің керуенімізді қай жерде көрдің?» – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға да керуендерінің қай жерде келе жатқанын, онда неше адам бар екендігін, жағдайлары қалай екенін, сол түні қай жерде қонғанын, кім басшы екенін және ол қара боз түйеге мініп келе жатқанын, тіпті сол түйеге не артылғаны туралы анық сипаттама береді. Кейін адамдар керуенді күтіп алып, қараса, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқанындай болып шығады.
Екінші: Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) биік дәрежесі айқындалды
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл пайғамбарлардың мөрі, дәреже тұрғысынан ең үлкені. Исра мен Миғраж оқиғасы ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басына келген түрлі ауыртпалықтардан кейінгі Алланың сүйікті елшісіне жасаған сыйлығы болды. Бұл оқиға Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұңын кетіріп, қайғысын сейілтті. Миғраж оқиғасы турасында Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Мен үйде ұйқылы-ояу жатқанымда кенет маған (періште) келіп, көкірегімнен бастап кіндік тұсыма дейінгі жерді жарып, жүрегімді шығарды. Менің алдыма иман (нұрына) толы алтын ыдыс әкелініп, жүрегім жуып шайылды. Сонан соң (жүрегім) иман (нұрына) толтырылып орнына қойылды. Сосын алдыма қашырдан аласа, есектен биік бір ақ жануар әкелінді. Бұл пырақ еді. Қадамы көз жеткен ең алыс қашықтыққа әп-сәтте жетеді. Сол жануарға міндім де, Жәбірейіл мені алып көкке көтерілді», – деп айтқан (имам Бұхари).
Хадистегі Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегінің шайылуы, пыраққа мінгізілуі, көкке көтерілуі Хак елшісінің биік дәрежесін білдіреді.
Сонымен қатар ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бен Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) «Сидратул Мунтәһаға» («шекараның соңы», «соңғы бекет» деген ұғымдарды береді) келгенде, Жәбірейіл періште оған: «Менің барар жерім осы жерге дейін. Ары қарай бара алмаймын», – деуі, тағы да Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәрежесінің жоғары екендігін көрсетіп тұр.
Әлде бір адамның есімін атамай әкесінің есімімен немесе өзге де көркем атауларымен атау – ол адамға деген құрметтің белгісі екендігі белгілі. Осыған ұқсас қасиетті Құран Кәрімдегі Исра жөнінде келген аятта Алла Тағала Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
بِعَبْدِهِ
«Пендесін», – деп атайды. Ғалымдарымыз Алла Тағала қасиетті Құранда Алла елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Өзіне қатысты етіп: «Пендесін» деуі ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) биік дәрежесін көрсететіндігін айтқан.
Міне, осы миғраж түніне қатысты болған бұл жайттар Алла елшісінің биік мақамын, үлкен дәрежесін паш етеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 79-аятында:
عَسَى أَنْ يَبْعَثَكَ رَبُّكَ مَقَامًا مَحْمُودًا
«Раббыңның сені бір мақтаулы орынға жеткізуінен үміт етіледі», – деп айтқан. Бұл аяттағы «мақтаулы орын» дегені ғалымдарымыз ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қияметте шапағат ететіндігін айтқан.
Қияметте адамдардың бастарына қауіп төнгенде сүйікті Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне шапағат етуіне рұқсат етіледі. Бұл жайында хадисте былайша баяндалады. Қысқаша тоқталатын болсақ:
«Ақыретте адамдар Адам пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) бастап, барлық үлкен пайғамбарларды жағалап қауға сұрайды, алайда олар (пайғамбарлар) азаптан құтқара алмайтындықтарын айтып, бір-біріне сілтейді. Ең соңында Мұхаммед Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келеді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алладан олар үшін кешірім сұрап, Алланың берген рұқсатымен оларға шапағат ететін болады».
Хадистің түсіндірмесін жасаған ғалымдар «Мен қиямет күні адамзаттың мырзасы боламын» деген сөйлемнің мағынасын басқа хадистерге де сүйене отырып: «Барлық пайғамбарлар Мұхаммед Мұстафаның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туының жанында жиналады, себебі, оның орны мақам махмуд, яғни үлкен шапағат орны болады», – деп түсіндіреді.
Үшінші: Миғражда намаз құлшылығы парыз етілді
Миғраж түнінде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне бес уақыт намаз оқу парыз етілді.
Демек, намаз құлшылығы жер бетінде емес, миғражда міндеттелді. Бұл намаз құлшылығының қаншалықты үлкен маңызға, ұлы дәрежеге ие екендігін көрсетеді. Сондықтан намаз – «мүминнің рухани миғражы» деп аталған. Намаз арқылы мұсылман адам рухани ем алып, жаман әдеттерден арылатын болады. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Анкабут» сүресі, 45-аятында:
وَأَقِمِ الصَّلَاةَ ۖ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَىٰ عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ
«Намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды…», – деп айтқан.
Намаздың адам баласына әкелер пайдасын терең түсініп, діні мен дәстүрін ұштастыра білген бабаларымыз да өз өсиеттерінде намаз оқу туралы көптеп айтқан. Бұқар жырау бабамыз: «Бесінші тілек тілеңіз, бес уақытта бес намаз, біреуі қаза болмасқа», – десе, Қаблиса жырау:
Мына кеңдік заманда,
Хақ бұйрығын тұтыңыз,
Құдайдың кешпес парызы,
Бес уақыт намазды,
Баққан қойдай күтіңіз, – деп өсиет қалдырған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқу жайында, оған берік болуды, намаздың пайдалары мен хикметін әрдайым сахабаларына айтып отыратын болған. Сондай хадистердің бірінде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларынан: «Қалай ойлайсыңдар, егер де сендердің біреулеріңнің есіктеріңнің алдында өзен ағып жатса әрі ол оған күн сайын бес уақыт жуынатын болса, оның бойында кір қалама ма?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Жоқ, оның ешбір кірі қалмайды», – деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес уақыт намаз да тура сол секілді. Адамның істеген қателіктерін жуып-шаяды», – дейді (имам Бұхари, Мүслим).
Төртінші: Хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) «Сыддиқ» (Шыншыл) атанды
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлімін көрген әр сахабасының өзіндік орны мен дәрежесі бар. Әйтсе де, өзінің ерекше істерімен кейбір сахабаларға ерекше дәреже беріліп, тірі күнінде-ақ жәннатпен сүйіншіленген. Осындай сахабалардың басында хазіреті Әбу Бәкір сыддық тұрады. Хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) Ислам діні жолында жанын да, малын да пида етуімен, турашылдығымен, шынайылығымен басқаларға жарқын үлгі болды. Бүкіл ғұмыры биязылық, жомарттық, жанкештілік тәрізді адамдық асыл қасиетке толы өтті. Ол Исламға дейін де Ардақты Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дос болатын. Алла елшісі пайғамбарлығын жария еткенде ол Иеменде сапарда жүріп, ол турасында бейхабар еді. Ол Меккеге оралған кезде дін жаулары оған: «Әбу Тәліптің жетімегі өзіне пайғамбарлық келгенін айтуда, – деп тегіс жамырасты. Хазіреті Әбу Бәкір: «Мұны ол өз ауызымен айтты ма?» – деп сұрады. Оларлың «Иә» деген сөзін естісімен-ақ, еш ойланбастан: «Егер мұны өзі айтқан болса, онда ол рас айтты», – деді. Сөйтіп ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барып, бұл сөздерді өз аузынан естіп, еш кідірместен кәлима шәһәдат айтып, иман келтірді.
Бұл жайлы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Исламға шақырған кезімде, Әбу Бәкірден басқада сәл тосырқау мен күмән болды. Бірақ Әбу Бәкірге Исламды түсіндіргенімде еш күдіктенбестен, кідірместен иман келтірді», – деп оның осы жақсы қасиетін айтқан.
Исра және Миғраж турасындағы хабарды естігенде де хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) еш ойланбастан оны шындыққа шығарды, күмәнсыз қабыл етіп сенді.
Исра мен Миғраж оқиғасы орын алғаннан кейін ертеңінде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл мұғжизаны айтып адамдарға хабар етті. Мүшріктер бұған сенбеді. Тіпті, кейбір мұсылмандардың өзіне де бұл мұғжизаны мойындау ауыр соқты. Олар Әбу Бәкірден: «Ең жақын досыңның не айтқанын білесің бе? Бұл түні ол Ақса мешітіне барып сол жерде намаз оқығанын, ол жерде бұрынғы пайғамбарлармен жүздесіп көкке көтерілгенін және сол түні қайта оралғандығын айтуда. Сен не дейсің, әлде бұған да сенесің бе?» – деді. Сонда хазіреті Әбу Бәкір бір нәрсені айқындап алғысы келіп: «Сіздер мұны оның өз аузынан естідіңіздер ме? – деді. Олар: «Иә, өз аузынан естідік», – дегені сол-ақ екен, хазіреті Әбу Бәкір: «Осыны Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар өз аузымен айтқан болса, ол рас айтты. Әрине, мен оған сөзсіз сенемін. Өйткені жеті қабат аспан үстінен оған бір-ақ сәтте келген уахи хабарларына сеніп, оны мойындап жүрген мен, бұл айтқанына неге сенбейін?!» – деп жауап береді.
Осыған орай ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған ілтипат білдіріп: «Уа, Әбу Бәкір, сен онсыз да сыддықсың (турашыл, шынайысың)», – деді. Содан бері бұл сипат қияметке дейін құрметті атау ретінде үнемі Әбу Бәкірдің атымен қатар (Әбу Бәкір «Сыддық» деп) атала бастады.
Қадірменді жамағат!
Исра мен миғраж оқиғасы – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басынан өткен тамаша мұғжизалардың бірі. Бұл оқиғаның біздер үшін берер тәлімі мен ғибраты өте көп. Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) былай жеткізеді:
فَأُعْطِيَ رَسولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عليه وسلَّمَ ثَلاثًا: أُعْطِيَ الصَّلَواتِ الخَمْسَ، وأُعْطِيَ خَواتِيمَ سُورَةِ البَقَرَةِ، وغُفِرَ لِمَن لَمْ يُشْرِكْ باللَّهِ مِن أُمَّتِهِ شيئًا، المُقْحِماتُ
«(Миғраж түнінде) Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үш нәрсе берілді. Олар: бес уақыт намаз, «Бақара» сүресінің соңғы аяттары және үмметінен Алла Тағалаға ешбір ортақ қоспай, үлкен күнә жасамағандар үшін кешірім жасалды», – деген (имам Мүслим).
Алла Тағала біздерге осы мұғжизадан сабақ алып, жақсылыққа асығып, жамандықтан тыйылған құлдарынан болуымызды жазсын. Қасиетті жұма күнін баршамызға мүбәрәк еткей!