МИНИСТР БАС ИМАМДАРМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

Бүгін Астана қаласындағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі облыс және республикалық маңызы бар қалалардың бас имамдарымен кездесті.

Басқосуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы министрге діни саладағы басым бағыттар мен игі бастамалар жайлы баяндап, мүфтият 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялағанын, медресе-колледждерде факультатив дәріс ретінде «Алаштану», «Тұлғатану» пәні оқытылатынын, республикалық маңызы бар 3 қаладан, сонымен қатар барлық облыс орталықтарынан қайырымдылық негізінде студенттерге арналған мүфтият жатақханалары ашылатынын атап өтті.

Дархан Қуандықұлы Діни басқарманың ел игілігі жолындағы ізгі іс-шараларына оң баға беріп, тілеулестік ниетін жеткізді. Сонымен қатар мүфтияттың ағартушылық, ақпараттық-түсіндірме, діни оңалту, имамдардың білімі мен біліктілігін көтеру, дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау т.б. жұмыстары жайлы жылы пікірін білдіріп, осы бағыттағы іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асыра беру қажеттігін тілге тиек етті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған