Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің биіктігі ең алдымен әйелдердің құрметтелуінен, екіншіден – құқық берілуінен, үшіншіден қорғалуынан танылады. Анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық – иманға ұйыған ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі болды. Өз болмысына даналық мінез бен ізгі қасиеттерді жия білуі қазақ әйелін құрметті етті. Ол құрметке лайық болды және құрметтелді де. Атамыз қазақ ел басына күн туса ер азаматтармен бірдей атқа қонған, бейбіт күнде білігі асса – билікке, өнері асса бәйгеге ерлермен бірдей таласқан әйелдеріне құқық атаулыдан тыйым салып көрген жоқ. Одан дәстүрлі қазақ қоғамы ұтпаса, ұтылмағаны тарихымыздан белгілі. Соның нәтижесінде қазақ халқы үлгілі ұлт болды. Қазақ әйелі азамат әйел болды. Өйткені нағыз азаматты сол тәрбиеледі. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететінін сезініп, елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне сіңіре білді.
25 қаңтар күні «Ізгілік» деструктивтік діни ағымдардан қорғау және көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудандық мұсылмандар мешітне қарасты мешіт асханасында әйел жамағаты және үй тұрмысындағы әйел азаматшалардың қатысуымен «Қазақ қоғамындағы әйел аналардың алар орны» тақырыбында тағылымды рухани бас қосу кеші ұйымдастырылды. Берекелі дастархан басында отбасындағы әйел аналардың орны, қыз бала тәрбиесі сөз болды. Игілікті де мазмұнды тағлымды шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин, аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Әділжан Бекқазиев, «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің бас редакторы Бегайдар Ақташев арнайы қатысты. Шараның алғашқы кіріспесі Алланың қасиетті сөзі Құраннан аят оқылып барша өмірден өткен мүмін мұсылмандардың рухына бағышталумен бастау алды. Шақырылған меймандардан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Набиоллаұлы сөз алып;
- Бұл шараның тағылымдық тәрбиелік мәні орасан зор. Қазіргі қоғамда ұлтты да, отбасындағы баланы да тәрбиелейтін әйел-ана. Аналарға құрмет қоғамда еш өзектілігін жойған емес. Бүгінгі шара рухани адамгершілік, имандылық қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңіру мақсатында ұйымдастырылып жатырған игі шара,-деп атап өтті.
Өз кезегінде аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Әділжан Төлебайұлы исламдағы әйел адамның мәртебесі қандай болу қажет? Әйел қоғамда, отбасында қандай болуы керек, ұл мен қыз баланы тәрбиелеуде қаңдай дүниелерді ескеру қажет? осы тақырыптар төңірегінде діни насихат жұмыстарын жүргізді. Тағылымды шарада салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарға бағытталған арнайы бейнеролик көрсетілді. Одан бөлек берекелі дастархан басында әйел жамағатына арнап сөз сөйлеген көпті көрген ұлағатты ұстаз, үлгілі ене Илия Сәрсенғалиқызы өмірлік тәжірибиелерімен бөлісті. Сондай-ақ әйел азаматшаларда өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Атап айқанда мешіт ауласын алдағы уақытта көгалдандыру, түрлі жеміс ағаштарын отырғызу, жастарды имани адамгершілікке баулу мақсатында жүйелі дәрістерді өткізу, әр түрлі тақырыптарда білім сайыстарын жиі ұйымдастыру сынды қоағмдық маңызы бар мәселелерді атап өтті.
25 қаңтар 2023 жыл