ҚР Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында «Бірлік» қоғамдық бірлестігі мен Теректі аудандық мешітінің ұйымдастыруымен діндар жамағат арасында шағын футболдан ашық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында облыстық мешіттің наиб имамы Наурыз Убаев және Теректі аудандық мешітінің бас имамы Еркінбек Ебелекқажиев мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бөрлі, Тасқала және Теректі аудандарынан 4 команда қатысқан ойын тартысты өтті. Әсіресе, Бөрлі ауданының намысын қорғаған «Ақсай мешіті» командасы барлық айналымда өзгелерден ерекше әдісімен көзге түсті. Бір ойында көз ілеспес жылдамдықпен қақпаға 13 рет гол салған команда ойыншыларына таңданбаған адам қалмады. Теректі ауданынан қатысқан Теректі және Подстепный ауылдарының ойыншылары да жеңімпаз атану үшін барын салды.
Сонымен, 4 сағатқа созылған турнирде «Ақсай мешіті» командасы І орынды қанжығаларына байлады. ІІ орын Теректі ауылының ойыншыларына бұйырды. Подстепный ауылының жамағаты ІІІ орынды місе тұтса, Тасқала ауданынан қатысқан команда белсенді қатысқаны үшін алғысхат алды.
Марапаттау сәтінде үздіктер де назардан тыс қалмады. Қарсыластың қақпасына бірнеше рет гол соққан Азамат Дәулетияров (Бөрлі) «Сұрмерген», теректілік Нұрәділ Бұсырманов «Ең үздік қақпашы», Ақжол Ізтілеу (Подстепный) «Ең үздік қорғаушы», Тасқала ауданының ойыншылары – Рамазан Ғұбайдуллин және Әбілхайыр Ғариф «Ең үздік ойыншы», «Ең үздік шабуылшы» аталымдарына лайық деп танылды.
Жеңімпаздар «Бірлік» қоғамдық бірлестігі атынан естелік сыйлықтармен марапатталды.
Теректі аудандық мешітінің баспасөз қызметі