Бас имам — Бөрлі ауданында

ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Самат Қанатқалиұлы өңірлік мешіттердің тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында  Бөрлі ауданына арнайы іс-сапармен барды.

Іс-сапардың бастауы аудан әкімдігінің ғимаратынан бастау алып, бас имамды аудан әкімі Еркебұлан Нұритдинұлы арнайы қабылдады. Қабылдау барысында аудан әкімі ислам дінінің игілігі үшін жасалып жатқан игі істерді атап өтіп, өңірдегі діни тұрақтылық жолында бірге қызмет атқаруға дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде аудан бас имамы мешіт жанынан 170 адамға арнап салынып жатқан қосалқы ғимараттың құрылысымен таныстырды.

Облыс бас имамының іс-сапарының тағы бір бағыты Ақсай қаласы жамағатымен жүздесу болды.

Кездесуде бас имам жамағатқа ихсан жайында кеңінен түсіндіріп, әрбір мұсылманның жүріс-тұрысында, сөзінде, амалында Алланың разылығын ойлап, көркем мінез танытуының маңыздылығын айтты. Сондай-ақ, ауызбіршілік пен ынтымақтың дініміздегі орнына тоқталып, бірліктің берекеге бастайтынын, ал бөлінудің қоғамға зиян әкелетінін насихаттады.

Пайғамбарымыз ﷺ: «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілікте, мейірімділікте, жанашырлықта біртұтас дене секілді» деген хадисін мысал етіп, жамағатты бауырмалдыққа, бір-біріне қолдау көрсетуге шақырды.

Сондай-ақ, Самат Қанатқалиұлы жиналғандарға күнделікті ғибадаттарды ықыласпен орындап, мешіт пен жамағатқа тұрақты қатысудың сауаптарына тоқталды.

Іс-сапар соңында бас имам жамағатпен бірге жұма намазын өтеп, ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.