Қасиетті жұма күні Батыс Қазақстан облысындағы мешіттердің қатары тағы бір рухани ордамен толықты. Шыңғырлау ауданында жаңа мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Игі шараға БҚО бас имамы Самат Қанатқалиұлы арнайы қатысып, жамағатқа құттықтау сөзін арнады. Ол мешіттің ел ішіндегі ынтымақ пен имандылықты нығайтудағы маңызына тоқталып, жамағатты бірлікке, сабырға және дініміздің құндылықтарын сақтауға шақырды.
Сонымен қатар, мешіттің құрылысына демеушілік жасап, ерекше үлес қосқан азаматтарға алғыс хат табыс етілді. Әсіресе, мешіттің құрылысын бастап, аяқтағанға дейін бар жауапкершілікті өз мойнына алып, қомақты қаражат бөлген «Жарас» шаруа қожалығының иесі Тасмағанбетов Мейірболат Алғалиұлының еңбегі ерекше аталды.
Жаңа мешіттің ашылуы жергілікті жамағат үшін зор қуаныш болды. Ел игілігі үшін бой көтерген құлшылық ордасы – халықтың имандылыққа бет бұруына, жастардың дұрыс тәрбие алуына ықпал ететін рухани орталық болмақ.




