Отбасы құндылығы

Сәби бұл дүниеге келгеннен кейін оның ең негізгі жүрегін жылытып, қуанышқа бөлейтін, шынайы бақытты сезіндіретін, кіршіксіз махаббатқа кенелтетін ортасы ол – өз отбасы. Жаратушы Иеміз адам баласына бұл өмірдің негізгі инструкциясын әу баста жүйелеп бізге Пайғамбарлар арқылы жеткізген болатын. Мысалы: өсімнің дұрыс еместігі, алайда сауданың адал екендігі, ұрлықпен алған нәрсенің болмайтындығы, ал еңбекпен алған нәрсенің адал екендігі, адал асты ішіп-жеу тиылмағандығы, алайда оларды ысырап етудің жазасы бар екендігі, дәл сол сияқты зинаның харам екендігі, алайда ақ некемен қосылған адамдардың қарым-қатынасы адал екендігін де тілге тиек ете аламыз. Екі адамның қосылуынан пайда болған отбасының негізгі құңдылықтары да Алланың қойған жүйесіне сай болуы қажет. Бұл тұрғыда тақырыбымыздың негізіне сай отбасы құндылықтарын төмендегідей бөліп қарастыра аламыз:

1) Отбасындағы негізгі құндылықтар – бұл арадағы сүйіспеншілік пен мейірімділікті жоғалтпау, арттыру.

Құран Кәрімде «Рум» сүресінің 21 — аятында Алла Тағала былай дейді: «Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімін ұялатты. Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар». Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы қарағандарың. Мен де отбасыма жақсы қарағандардың ең ізгісімін» деп, отбасы мүшелеріне мейірім, сүйіспеншілік таныту қажеттігін баяндайды.

2) Бір-біріне деген қамқорлық.

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 187 — аятында былай дейді: «Олар сендер үшін киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)», – деп, ерлі-зайыптыларды киімге теңестірген. Яғни киім адамды суықтан да, ыстықтан да қорғайды, дәл сол сияқты олар бір-бірінің кемшіліктерін көлеңкелеп, жақсы жақтарын күшейтуге ат салысуы қажет. Осы тұрғыда Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисін де мысал ретінде келтіре аламыз: «Әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар, өйткені әйел (Адам атаның) қабырғасынан жаралған, ал оның ең қисық жері жоғарғы жағында. Егер сен қабырғаны түзеткің келсе, онда оны сындырып аласың, ал егер оны өз жөніне қойсаң, онда ол сол қисайған күйінде қала береді, сондықтан әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болыңдар»(имам Бұхари, Мүслим).

3) Бір-біріне сабыр сақтау, жақсы, сүйкімді жақтарын көруге тырысу.

«Ниса» сүресінің 19-аятында : «Олармен құпталған бойынша тату өмір сүріңдер. Тіпті, оларды жақтырмасаңдар да, сабыр етіңдер. Өйткені сендер жақтырмаған нәрседе Алла көп жақсылық жасап қойған болуы мүмкін», – деп айтқан.

4) Бір-бірінің көңілін көтеру, мән беру.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелінің көңілін көтеріп, сезімдеріне мән беру керектігін мына хадистен көре аламыз : «Мұсылман адам үшін үш нәрседен басқамен көңіл көтерудің барлығы жалған: садағын атуы, атын үйретуі, әйелімен ойнауы. Расында, олардың да ақысы бар», – деп айтылған (имам Ахмад).

5) Сыйлық сыйлау.

Адамдардың арасындағы сүйіспеншіліктің артуына сыйлық үлкен рөл ойнайтындығын Алла Елшісінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына хадисінен аңғара аламыз: «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, бір-біріңді жақсы көретін боласыңдар», – деген (имам Бұхари).

6) Ар-намысын сақтау, бір-біріне адал болу.

«Нұр» сүресінің 30-31 аяттарында Алла Тағала мұсылмандарға адалдық пен намысты болуға шақырады. Яғни: «Ей, Мұхаммед! Мүміндерге айт, бөгде әйелдерге сұқтанып қарамасын, көз сүзбесін, ұятты жерлерін ашпасын. Олардың осылай еткені жақсы. Шынында Алла олардың бар қылықтарын байқап тұрады. Мүмін әйелдерге айт, жат еркекке көз сүзбесін, ұятты жерлерін жапсын».

Жоғарыда келтірілген негізгі принціптерді мұсылман отбасылық өмірінде қолдана отырып, отбасы құндылығын, бір-біріне деген адалдығын, арадағы мейірімділік пен сүйіспеншілігін, бір-біріне деген қамқорлығын қамтамасыз ете алады. Нәтижесінде шынайы бақыт, жүрек тыныштығы, балаларына үлгі өнеге, абыройлы өмір сүретін болады. Ата-бабаларымыз отбасы болғаннан кейін “Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды” дейді, иә ыдыс — аяқтың сылдырлауы, екі адамның кейбір мәселеде бір ойлы болмауы қалыпты жағдай. Алайда сол ыдыс-аяқты сылдырлатпауға емес, сындырып алмауға әрекет жасау отбасындағы әрбір мүшенің міндеті. Бұл негізде Құран мен сүннетті басшылыққа ала отырып, жоғарыдағы келтірілген жүйені күнделікті өмірде қолдану талап етіледі.

Шақаев Бағдат Русланұлы

Облыстық орталық «Ар — Рахман» мешітінің ұстазы