Қаратөбе аудандық мешіт жанынан аудан тұрғындарының күшімен 200 орындық асхана ашылды. Құрылысы ол екі жыл бұрын басталған игілікті нысанның ашылуына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Орал орталықмешітінің наиб имамы Самат Алибаев қатысып, қаратөбеліктердің қуанышына ортақтасты.
Наиб имам шалғайдағы аудан халық өз қаржысымен ауқымды асхана салып, имандылық үйі іргесінен игілікті іс тындыруы бұл асыл дінімізге деген құрметтің бір белгісі деп, осы іске ұйытқы болған барша азаматтарға алғысын айтты.
Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев: «Қаратөбе жері қашанда береке мен бірліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Бұл ауданда қай салада да ілгерілеушілік бар. Бүгінгі шара сондай ауызбірлігіміздің бір көрінісі», — деді. Асхананың бой көтеруіне демеушілік танытып, белсенділік көрсеткен бірқатар азаматтар аудан басшысы мен бас имам тарапынан Алғыс хаттарға ие болды.
Зәулім асхананың ашылу салтанатына Орал орталық мешітінің наиб имамы Самат Қанатқалиұлы, аудан имамы Әділжан Төлебайұлы, аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы мен аудан тұрғындары қатысты. Асхана ішіне кең дастарқан жайылып, меймандарға қонақасы берілді. Қайырлы іске ауыл үлкендері батасын беріп, ақ жаулықты аналар шашу шашты.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі