Қазақстан қажылары Отанымызға түгелдей аман-есен оралды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділдә Бекжігітов хабарлады.
«Қажыларымыздың соңғы бөлігі, яғни 510 азаматымыз елімізге жетті. Ұшақтар алдын ала белгіленген уақытқа сәйкес ұшты. Тікелей рейстерге қатысты кешігу немесе басқа уақытқа ауыстыру сынды жағдайлар орын алмады» деп атап өтті Ж.Бекжігітов.
Айта кетейік, биыл елімізден келген 5081 жерлесіміз қажылық парызын өтеді. Қазақстан қажылық миссиясы Мекке қаласында ашылған жұмыс кеңсесінде бес бағыт, яғни уағыз-насихат, алғашқы медициналық көмек, ұйымдастыру-үйлестіру, пәтуа беру, ақпарат тарату бойынша жұмыс істеді.