Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай Орал қаласы, Деркөл кентінде мешіттің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Сәрсенбінің сәтінде Сәрсенұлы Темірболат ата аты берілген жердегі жаратқан мекенінің ашылуына арнайы келген ҚМДБ-ның стратегиялық талдау және даму бөлімінің меңгерушісі Смайл Сейітбек арнайы келіп, ұлық мерекемен құттықтап, ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазретіміздің дұғай сәлемін жеткізді. Жаңа мешіттің бас имамы жерлесіміз, Орал медресесінің алғашқы түлегі , Байтерек, Ақжайық, Бөрлі аудандық мешіттерінде бас имамы, облыстық “ Ар-Рахман” мешітінде наиб имамы болған Ерлан Әйтеновке Құран кітабын тарту етті.
Бүгінгі таңда бірлігіміздің мызғымас берік екендігінің бұлтартпас айғағы тәрізді имандылық үйі көптеп салынып жатыр. Ол мешіттер сан ұрпаққа қызмет етеді. Осы мешітті салуға қаржылай көмек көрсеткен жандарға алғысымыз шексіз, – деді Смайыл Сейітбек.
Одан әрі Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев сөз алып, жамағатты қуанышымен құттықтады.
Ел игілігі үшін имани шаруа атқарған барша азаматқа алғысымызды білдіреміз, – деді Арсен Зиннатұлы.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Самат Әлібаев сөз алып, мешіт салуға мұрындық болған азаматтарға алғыс айтып, Альбина Есболатқызы мен Бахтияр Якупов алғысхатты табыс етті.
Бір мезетте 400 адам құлшылық етуге мүмкіндік беретін мешіт ашылып, бесін намазы оқылған соң жамағатқа ыстық палау мен салқын көже тегін таратылды.
“Дін мен дәстүр” бағыты бойынша ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, бағалы сыйлықтар берілді.
Ақжайық төрінде Алла үйі көп салынуды нәсіп етсін!
Баспасөз қызметі