Қаратөбеде ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында қор директоры Мақсатбек Мақсотұлы жалғыз басты ана Асылай Наурызқызына баспана кілтін табыстап, көп жылдан бері баспана тауқыметін тартып жүрген мұқтаж отбасына жайлы қоныс сыйлады.
Аудан орталығынан кең әрі жайлы баспанаға ие болған отбасының қуанышымен бөлісуге ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысының БҚО бойынша бас имамы Самат Қанатқалиұлы, Қаратөбе аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Әділжан Бекқазиев арнайы барды.
Қуанышты ортақтасуға келген Ар-Рахман орталық мешітінің бас имамы Самат Қанатқалиұлы баспана иесін құттықтады.
– Өмірде жақсылыққа зәру, қиындықпен күн кешіп жатқан жандар қаншама?! Олардың ауыр тағдыры естіген жанды бей-жай қалдырмасы белгілі. Әсіресе баспананың азабын тартып, үйден-үйге көшіп, пәтер жағалап күн кешіп жүрген жандар «Өз үйім – өлең төсегін» аңсайтыны белгілі. Елімізде осындай қоғамның әлсіз топтарына жәрдемдесу мақсатында құрылған «Зекет және қайырымдылық» қоры баспанаға мұқтаж азаматтарға қуаныш сыйлауда.
Дінімізде тозаңның салмағындай жақсылық жасасаң да, қайырымын көресің дейді. Тозаңның салмағын өлшеп көрдіңіз бе? Оның өлшемін, оның қайтарымын Алла Тағала ғана біледі. Біздің бұл жердегі шынайы ниетіміз сақталуы керек. Бүгінге дейін «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен 800 ге жуық пәтер берілді. Бұл – үлкен көрсеткіш. Осынша отбасыға қуаныш сыйлап, үй-жайлы болуына ықпал етіп келеді. Біз үшін одан асқан бақыт жоқ. Алла Тағала баршамызды осындай шат-шадыман сәттерімізден айырмасын. Көмек қолын созып, қайырымдылқа атсалысқан барлық ағайынға Алла Тағала разы болсын! «Қазаны бірдің қайғысы бір» дейді дана халқымыз. Бір елдің суын ішіп, отына жылынып отырған біздер, сіздермен әрқашан біргеміз. Алла берекелі шаңырақ еткей. Діни басқарма қашанда қамкөңіл жандарды назардан тыс қалдырмайды, – деді.
Сонымен қатар, «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев жаңа баспана иесіне үйге қажетті құрал жабдықтар алуға қордың атынан 500 мың теңге ақша берді.
Баспанаға ие болған жас ана қор директорына және атсыласқан жаны жомарт жандарға шынайы лебізін арнап, алғысын жеткізді.
Баспасөз қызметі