Рамазан – ораза мен ғибадаттың, ізгілік пен рақымның, Алла тағала құлдарының сауабын арттыратын, құлдарына кең пейіл сыйлайтын, аңсаған әрбір адамға ізгілік пен мейірім есігі айқара ашылатын ай. Бұл айда адамдарға тура жол көрсетуші, ақиқат пен жалғанның аражігін ажыратушы– Құран Кәрім түсірілді. Бұл ай Алланың мейірімімен, кешірімімен және тозақ азабынан құтылуымен ерекшеленеді. Рамазан айының басы – мейірім, ортасы – кешірім, соңы – тозақтан құтылу. Оның артықшылығы туралы сансыз хадистер мен оқиғалар айтылады. Әбу Хурайрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбар (с.а.с) Рамазан айы туралы былай деген: «Рамазан келгенде жәннаттың есіктері ашылады, тозақтың есіктері жабылады және шайтандар шынжырланады» (әл-Бұхари 1899, Муслим 1076).
Сәлден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с) былай дейді: «Расында, Жәннатта «әр-Райян» деп аталатын қақпа бар. Қиямет күні одан ораза ұстаушылар ғана кіреді, әрі ол қақпадан олардан басқа ешкім кірмейді. (Сол күні:) «Ораза ұстаушылар қайда?» — деп сұрағанда, олар алға шығады, және олардан басқа ол қақпадан ешкім кіре алмайды. Ал олар кіріп болған соң, ол қақпа жабылады да, одан басқа ешкім кірмейді» (әл-Бухари 1896, Муслим 1152).
Бұл айда жәннаттың есіктері ашылады, өйткені мүміндер басқа уақыттарға қарағанда жақсы амалдар әлдеқайда көп жасай бастайды және бұл жағдай оларды жаңа игі істерге шабыттандырады. Тозақ есіктері жабылады, өйткені мүміндер күнәларды аз жасайды, ал шынжырланған шайтандар басқа айларда жасай алатын қиянаттарын жасай алмайды.
Алла Тағала мұсылмандарға ерекше мейірім көрсетіп, оларға деген нығметтерін толықтыру үшін оларды осы таңғажайып ерекшеліктерімен сүйіншілеген. Алла Тағала Әли Имран сүресінде былай дейді: «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, қарсылықтан тыятын, сондай-ақ Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар. » (Әли Имран, 110)
Алла мұсылманды әлемге хайырлы үммет етіп, көптеген нығметтерді берді. Сол нығметтердің бірегейі және ерекшесі Рамазан айында ораза ұстау болып табылады. Бұл шариғат, деңсаулық, дисциплина т.б тұрғысынан мол сауаптар мен пайдаларға толы. Бір жылда бір келетін Рамазан айы баршамызға пайдалы, сауапты, рухани азық боларлықтай ерекше өтуіне амал жасау бәрімізге міндет. Келе жатқан Ораза айы бәрімізге мүбәрак болып, Алла ұстаған оразаларымызды қабыл етсін.
Қажымұқан Ғилманов,
Мұхаммед—Ғариф Түлбаев атындағы Орал қалалық мешітінің бас имамы