БЕСІК – ҰЛТТЫҚ ҚҰҢДЫЛЫҚ.

Ислам дінінің негізгі қайнар көзі Құран Кәрімде дүние есігін ашқан сәби үшін жасалатын алғашқы әдеттер мен қарым-қатынас хаққында бірнеше аяттар келтіріледі. Бұл аяттарға сүйене отыра, Ислам дінің ұстанушылар бұл іс – шараларды сәби дүниеге келгеннен бастап міндетті рәсімдер ретінде атқаруда. Соның бірегейі сәби дүниеге келгеннен кейін дүйім жұртқа естірту (сүйінші сұрау), ат қою, қырқынан шығару, сүннетке отырғызу т.б. Ал бүгінгі біздің тақырып ретінде қозғап отырған қазақ қоғамындағы танымал дәстүрлердің бірі – бесікке салу. Жалпы бесік ислам дінінде айтылмаған, Құран аятында келмеген есімдерден емес. Бесік Құранда келген сөздердің бірі, яғни Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде Иса пайғамбар туралы былай дейді: «Сондай-ақ, ол бесікте де, ересек-егде шағында да адамдармен тілдеседі әрі ізгі жандардың бірі болады». Бұл аяттағы “мәһд” сөзі тәпсіршілердің тарапынан “бесік” деп түсіндірме жасалған. Араб тіліндегі مَهَدَ- يَمْهَدُ етістігінің түбірі (масдары) болып саналатын مَهْدٌ сөзі “бесік, төсек, отанның негізі (қайнағы), балғын талдан жасалған сәби төсегі” болып аударма жасалады. Түсіндірмелі сөздіктерде бұл сөз «баланың тыныш ұйықтауы үшін әзірленетін арнайы орын» деп түсінідірілген. Алау Әділбаев өзінің “Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының ислам шариғатымен үйлесімі” атты кітабында бесік турасында Ибн Ашур деген ғалымның тәпсіріндегі түсіндірмені келтіреді, бұл тәпсірші өз тәпсірінде аталмыш аятты түсіндіру барысында былай деп тұжырымдайды: “«мәһд» сөзі «Сандыққа ұқсайтын ағаштан жасалған, қақпағы жоқ бұйым. Ол – сәбидің сүт еметін шағында жататын орны. Құлап қалмауы үшін бала соған салынып қойылады», – дейді. Алау Әділбаев тәпсіршінің сөзін жалғастыра келе : “бұл анықтама қазақтың мыңдаған жылдардан бері қолданып келе жатқан бесігіне өте ұқсас” деген тұжырымға келеді. Біз Иса пайғамбарымыздың бесікте жатқандығын сипаттаған аятқа зер сала отырып, Мәриям анамыз Оны босанғаннан кейін бесікке бөлегендігін топшалай аламыз. Бесік асыл дінімізден алшақ болған бұйым немесе жаңа бір (бидғат) іс-әрекет (ғұрып, дәстүр) ретінде қарастырудың еш негізі жоқ.
Жалпы діннен бөлек бесік – бала гигиенасы мен ой және дене тазалығына көп әсерін тигізеді. Себебі бесікте сәби шүмекке үйретіліп, зиянды болған заманауй жөргектерді қолданбайды, сонымен қатар, бесікке бөлеу кезінде ана әрдайым балаға бесік жырын айта отырып, оған деңсаулық, сана, иман берілуін тілеп отырады. Ерте замманда бесік жырын үйретудің негізгі мектептері болған және оның мазмұнына, әуезіне егже – тегжейлі мән берілген. Алау Әділбаев өз кітабында : “тәжірибелі аналар оның иләһи мазмұндарын таза сақтап, келіндеріне үйретіпті. Бесік жыры жайлы «Алла-наме», «Әлдинаме» деген ескіше жазылған кітаптардың да болғанын айтады. «Аналар әлдисіз жасай алмас» деген нақыл сөз содан қалған дейді” – деп “әлди” сөзінің негізгі шығу тарихы “Алла” деген сөзбен байланысты екендігін тілге тиек еткен.
Асыл дінімізден еңген қазақ дәстүріндегі бесікке бөлеу әдетінің негізгі пайдасын толыққанды ашып келтіру бір бетке сиятын дүние емес. Ғасырлар бойы өз тарихы мен тәрбиелік, тазалық, рухани, сана тұрғысынан үлкен роль атқарған бұл дәстүр парақтап жазуды талап етеді. Жалпы бесіктің негізгі қолдану ережелерін (конструкция) дұрыс пайдалана отырып оны қолдану жаны нәзік, кіршіксіз таза сәбидің жанына, тәніне, рухани дамуына өз әсерін тигізетіндігін тұжырымдай аламыз.
Қажымұқан Ғилманов,
Мұхаммед-Ғариф Түлбаев атындағы Орал қалалық мешітінің бас имамы