АСТАНАДА ДІНИ ОҢАЛТУҒА ҚАТЫСТЫ СЕМИНАР ӨТТІ (ФОТО)

Мүфтияттың «Жат діни ағымдардан сақтандыру» бағытының жоспарына сәйкес Астана қаласында «Деструктивті діни ағым жақтастарын оңалту жұмысындағы теологиялық, психологиялық және әлеуметтік ерекшеліктер» тақырыбында екі күндік кәсіби біліктілікті арттыру семинары өтті.

Оған Астана, Алматы, Шымкент және барлық облыс орталықтарының діни оңалту жұмысына жауапты қызметкерлері қатысты. Семинарда ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы, мемлекеттік саясаттың Ұлттық мектебі директоры Талғат Жақиянов, Бас мүфтидің кеңесшісі Бижігіт Қойшиев, белгілі психолог Лола Шакимова, «Хусамуддин ас-Сығынақи» ислам институтының ұстазы Ясир Ахмед Сетохи және «Нұр-Мүбарак» ЕИМУ оқытушысы Нұржан Смағұлов дәріс оқыды.

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы аталмыш жиынның қорытынды рәсіміне арнайы қатысып сөз сөйледі.

«Бүгінде сіздер діни оңалту жұмысы бойынша жат діни ағым жақтастарымен жүйелі түрде жеке кездесулер өткізіп жүрсіздер. Құдайға шүкір, деструктивті діни идеология шырмауынан толық бас тартып жатқандар баршылық. Бұл сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі. Сондықтан сіздерге қаржылық және материалдық қолдау көрсету біздің басты назарымызда болады», – деді Бас мүфти.  

Іс-шара соңында ҚМДБ Төрағасы семинарға қатысқан оңалту жұмысына жауапты мамандарға сертификат табыстады.