АЛЛЕРГИЯСЫ БАР АДАМДАР ОРАЗАНЫ ҚАЛАЙ ҰСТАЙДЫ?

Жалпы аллерголог мамандар аллергияның көптеген түрлері барын айтады. Емделу тәсілдерінің кейбірі оразаны бұзатын табиғи саналатын ауыз, мұрын, тік ішек сынды жолдар. Бұл жолдар арқылы ішке жеткен нәрселер оразаны бұзады.

Сондықтан аллергиясы бар адамдар мыналарды ескергені жөн:

  1. Ораза ұстайтын уақыттан бұрын, алдын ала оразаға дайындалып, ем шараларын жасап, аллергиясының әсіресе Рамазан айында болдырмау жолдарын қарастырғаны абзал. Аллерголог мамандар кісі аллергиядан толық жазылып кете алмаса да, ем алу арқылы кей түрлерін уақытша тоқтатуға болатынын айтады.
  2. Рамазан айы келгенде аллергиясы себепті ораза ұстауына қиындық туса, аузын ашпай, ораза бұзылмайтын тәсілдермен емделуді амалдап көргені абзал. Аллергиясына алатын емдерін барынша ауыз бекіткенге дейінгі және ауыз ашқаннан кейінгі уақытқа қалдыру. Мүмкін болмаған жағдайда дәрілердің тамаққа кетіп қалмайтын жолдарын қарастыру. Егер укол сынды екпелермен емделер болса, адамға күш-қуат, нәр бермейтіндігіне дәрігерлердің нұсқауымен көз жеткізу.
  3. Оразаны бұзбайтын емдік амал табылмаған жағдайда, аллергиясы қозбайтын уақытта қазасын өтеп беру ниетімен ораза ұстамауына болады. Жазылғаннан кейін қазасын өтейді.

Аллергияның оразаға тән тұстарының бірі – тыныс алу жолдары бітелгенде мұрын мен тамақ арқылы демікпесіне тамызғы немесе спрей шашу арқылы емделу. Ханафи фиқһында: «Тамызылған дәрі ішке кетпей, мұрында тұрақтап қалатын болса, оразаны бұзбайды»[1] делінген. Сондықтан барынша сақтық жасап өте аз мөлшерде тамызған жөн. Байқаусызда тамаққа кетіп қалатын болса, рамазаннан кейін бір күн қазасын өтейді.

Тамаққа не мұрынға тамызғы кетіп қалу қаупі болғандықтан мұрынға иіскейтін немесе мұрын мен тамаққа спрей сынды шашатын түрін аздап қолдануға болады.

«Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан

[1] «Радду әл-мухтар», 6/285.