Рамазанға дайындық жұмыстары пысықталды

Облыстық орталық «Ар-Рахман» мешітінде ҚМДБ-ның БҚО бойынша Бас имамы Самат Қанатқалиұлының төрағалығымен Рамазан айына дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында қала және аудан, ауыл имамдарына арналған жиналыс өтті.

Аталмыш шараға БҚО өкілі аппаратының басшысы Нұрділдә Серікұлы, облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Рақымұлы арнайы қатысты.

Алдымен Самат Алибаев сөз алып, арнайы қонақтарды таныстырып, сөз тізгінін Нұрділдә Серікұлына ұсынды.

Нұрділдә Ораз мырза жиналған имамдарды келе жатырған ұлық ай Рамазан айымен құттықтап, наурыз мерекесінде бірлесе еңбек етуге шақырып, жоғары деңгейде өткізуге ат салысып, асыл дініміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда жан-жақты қолдайтынын жеткізді. Одан кейін Талғат Нығметов діни ахуалдың тұрақты екенін айтып, бірлесе жұмыс істейтінін жеткізді.

Жиында облыстың Бас имамы күн тәртібі бойынша мешіттер мен дін қызметкерлерінің Рамазан айын жоғары деңгейде атқару үшін осы бастан дайындық жұмыстарын пысықтап, ҚМДБ жоспарына сәйкес, мешіттердің қарилармен қамтылып, хатым Құран жасалуын, тарауық намазының үзбей оқылуын, ауызашарлардың тұрақты берілуін, «Ислам және дәстүр» жылына орай ерекше жобалар мен түрлі форматтағы іс-шаралардың ұйымдастырылуын, халық арасында кең көлемде насихатталып, ақпараттандырылуын, қауіпсіздік талаптары сақталуын, қайырымдылық жұмыстары жүйелі түрде өткізілуін қадағалауды тапсырды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдердің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күні бекітілді.

Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісінде пітір садақасы еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді.

Баспасөз қызметі