ОРАЗАҒА НИЕТ ЕТУ ЖӨНІНДЕ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАР

Алла қаласа сағындырған Рамазан айының келуіне төрт аптадай ғана уақыт қалды. Құлшылық қабыл болуы үшін оның дұрыс орындалуы да өте маңызды. Осыған орай muftyat.kz сайты ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі дайындаған «Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан оразаға қатысты пәтуалар мен сұрақ-жауаптарды жариялап отырмақ.  

Бүгін назарларыңызға оразаға ниет ету жөнінде жамағат тарапынан жиі қойылатын сұрақтардың жауабын ұсынамыз.

1. Сұрақ: Оразаға ниет етудің үкімі қандай?

Жауап: Пәлен күні Алла үшін ораза тұтамын деп жүрегімен шешім қабылдауды – ниет деп атайды. Ниет ету – оразаның дұрыс болуының басты шарты[1]. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

 إنَّما الأعمالُ بالنِّيَّاتِ

 «Амалдар ниетке байланысты»[2], – деген. 

Ниетті тілмен айту шарт емес. Сәресіне тұру немесе тұрамын деп ниеттеніп жатудың өзі ниет еткен болып саналады. Рамазан оразасына күн батқаннан бастап, таң атқанға дейінгі уақыттарда ниет ету абзал.

Егер бір жағдаймен таң атқанға дейін ниет ете алмай қалса, яки ұйықтап қалса, онда сәске уақытқа дейін, яғни бесін намазына бір сағат уақыт қалғанға шейін ниет етуіне болады. Одан кейін ниет етсе, сол күннің оразасы дұрыс болмай қалады[3].

Оразаға ниет еткенде диета ұстау, арықтау мақсатында емес, оразаның сауабын үміт етіп, бір ғана Алланың разылығы үшін ұстау керек.

2. Сұрақ: Ниет қалай болуы тиіс?

Жауап: Оразаның өзі бірнеше түрге бөлінеді:

  • Парыз ораза – Рамазан айының оразасы.
  • Уақытын белгілеп, серт етіп ұстайтын ораза.
  • Уақытын белгілемей, серт етіп ұстайтын ораза.
  • Рамазан айының қазасы.
  • Бұзылған нәпіл оразаның уәжіп болған қазасы.
  • Кәффарат (жаза) оразасы.
  • Нәпіл ораза.

Рамазан айы және уақыты белгіленген серт оразасы мен ерікті оразаларға түннен бастап ниет етуге болады. Бірақ шарт емес. Түске дейін ниет етсе болады. Ал, рамазан оразасының қазасы, уақытын белгілемей, серт етіп ұстайтын ораза, кәффарат, бұзылған нәпіл оразаның қазасы сияқты ораза түрлеріне түннен ниет ету қажет[4].

3. Сұрақ: Рамазанның әр күніне ниет ету шарт па?

Жауап: Рамазан айының әр күні өз алдына жеке құлшылық болғандықтан әр күнге жеке-жеке ниет ету қажет[5]. Рамазан айының басында бір рет ниет ету жеткіліксіз болады. Егер рамазанның барлық күндері оразаға да, ауыз ашуға да ешқандай ниет етпесе, оразаның қазасын өтейді[6].

4. Сұрақ: Күн батпай жатып ертеңгі оразаға ниет етсе, дұрыс бола ма?

Жауап: Күн батпай жатып келесі күні ораза ұстауға ниет етсе, оразасы дұрыс болмайды. Тіпті күн батпай жатып есінен талып қалып, келесі күні бесіннің уақытына дейін жалғасса немесе осы аралықта ұйықтап қалса, ол күні ораза ұстаған болып саналмайды. Ал күн батқаннан кейін ниет етсе, оразасы дұрыс болады[7].

5. Сұрақ: Оразада «аузымды аштым» деп, ештеңе ішіп-жемесе, ораза бұзыла ма?

Жауап: Ораза ұстаушы ауыз ашуға тек ниет етсе, оразасы бұзылмайды. Тамақ пен мұрыннан ішке ас-су кірсе ғана ораза бұзылады.

«Әл-Фәтауа әл-Һиндия» кітабында: «Ораза ұстаушы ауыз ашуға ниет етсе, алайда ауыз ашатын ешбір жағдай орын алмаса, оның оразасы толық болады»[8] делінген.

[1] «Әл-Фәтәуа әт-Татархания», 2/97.

[2] Бұхари, №54. Муслим, №1907. 

[3] «Әл-Муфассал фи әл-фиқһи әл-ханафи», 1/272.

[4] «Әл-Лубаб фи шархи әл-китаб», 1/162-163.

[5] «Әл-Фәтәуа әл-Һиндия»: 1/215. «Әл-Фәтәуа әт-Татархания», 2/97.

[6] «Әл-Фәтәуа әт-Татархания», 2/98.

[7] «Әл-Фәтәуә әт-Татархания», 2/97-98.

[8] «Әл-Фәтауа әл-Һиндия», 1/215.