Дін мен дәстүр бір – бірімен тығыз байланысты екенін дәріптей келе, 2024 жылды бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы “дәстүр құңдылығы” жылы етіп жариялады. Қазіргі таңда дәстүрдің негізгі мағынасы мен атқару қызметіне байланысты түрлі көзқарастарға кезігіп жатамыз. Жалпы дәстүр сөзі арабша دستور “дустур” сөзінен шығып, негізгі мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң деген мағыналарды білдіреді. Қазіргі таңда бұл сөз бір елдің конституцаясы деген мағынада қолданылады. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының “Дін және дәстүр” атты кітабында бұл сөз турасында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйені қазақтар “ дәстүр” деп атаса керек деп негізгі ойды кең ауқымды тұжырымдаған. Дәстүр сөзімен бірге әдет, ғұрып деген сөздерде қатарласып жүреді және де бұл сөздердің түп негіздері арабшадан еңген. Яғни, “ғұрып” сөзі араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдірсе, “әдет” сөзі адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. Жалпы бұл сөздердің түп-терені жақын, мағыналары ұқсас болып келеді. Орысша-қазақша сөздікте салт-дәстүр сөзіне былайша мағына береді. Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.
Бір ұлтты жою жолында дұшпандар оның үш ерекшелігін жоюды көздеген. Олар: тілі, діні, дәстүрі. Осы үш ерекшелікті жою арқылы бұл ұлттың – ұлт, ел, мемлекет болып өмір сүруіне тосқауыл қойған. Тарих беттеріне зер салсақ, басқыншы елдер қол астындағы елдердің негізгі құңдылықтары болып саналған дәстүрлерінен алшақтатып, өзге бір жоралғылар мен дәстүрлерді, өзге дін мен тілді тықпалағанын көреміз. Ал өзінің діні, тілі , дәстүрін жоғалтқан ұлт, ұлт болып өмір сүруін жоғалтады. Қазақтың салт- дәстүрі мен әдет-ғұрпы мың екі жүз жылдан астам уақыт бойы негізгі дініміз болып келе жатқан Ислам шариғатымен тығыз байланысты. Осынша жыл біте қайнасқан дініміз бен дәстүріміз ұлттық болмыстың ажырамас қайнағына айналды. Шариғат үкімдерінің шекарасынан шықпаған негізгі дәстүріміздің түп тамыры діндегі бұйрықтар мен тиымдарға тіке байланысты. Осы орайда дәстүрдің озығы мен тозағы бар екендігін тілге тиек ете келе, кейбір дәстүрлеріміздің түп негізі бұлынғырлықты көрсететін жоралғылардан құралғанында байқап жатамыз. Алайда салыстырмалы түрде негізгі түп-тамыры Ислам шариғатынан алынған дәстүрлеріміз де жетіп – артылуда. Мысалы, қазақ қоғамында сәби дүниеге келгеннен бастап жасалатын дәстүрлердің алғашқысы “қалжа” дәстүрі болса, ислам шариғатында бұл “ақиқа” деп аталады. Атауы екі түрлі болғанымен, негізгі атқару қызметі бір. Екеуінде де құрбандық шалынып, сәбидің салихалы ұрпақ болуына дұға жасау, қуанышты дүйім жұртқа естірту, босанып келген анаға қалжа етінен сорпа ішкізіп, әлдендіру. Сонымен қатар, сәбиді қырқынан шығарудың да түп негізі Исламнан. Сәбиін дүниеге әкелген ана үшін 40 күн демалуы, әлденуі, намаз, ораза іспеттес парыздардан уақытша босатылуы барлығы шариғат үкімдеріне негізделсе, қазақ қоғамында да қырық күн өткеннен кейін әлденген ана мен балаға дұға жасап, 40 күн өткеннен кейін тазаланудың нышаны іспеттес етіп, сәбиді жуындырған. Одан бөлек, үйге қарай жүгірмеу, табалдырықта отырмау, үлкенге құрмет, кішіге ізет, үлкеннің алдын кеспеу, болар баланың бетін қақпау сыңды ғұрыптар мен дәстүрлеріміздің негізі де Ислам дінімен тікелей байланысты. Жалпы дәстүріміз бен ғұрыптарымыздың ислам шекарасынан шықпаған тұстарын ала отырып, қазақ халқының Ислам дінімен ұштасқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын жаңғырту біздің қолымызда. Өз дінімізді, ата-баба ұстанымын, негізгі тіршіліктерін зерттеп, зерделеуге әрекет жасасақ, шариғатпен ұштасқан, тиымдар мен рұқсаттарға баса назар аударған өмір тіршілігін көреміз. Қазақ ұлты ұлттық құңдылығын жоғалтпай, діні, тілі, дәстүрін жойып алмауға әрекеттенуі керек және бұл бізге берілген бабалар аманаты екенін ұмытпаған жөн.
Қажымұқан Гилманов,
Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы Орал қалалық мешітінің бас имамы