Тағылымды кездесу

Кеше облыстық “Ар-Рахман” мешітінде БҚО бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «ИСЛАМ ЖӘНЕ ДӘСТҮР ҚҰНДЫЛЫҒЫ» жылы аясында мешіт жамағаттарына арнап ақдастархан жайылды.

Ақдастархан басында “Ар-Рахман” орталық мешітінің бас имамы Самат Алибаев сөз бастап, қасиетті ережеп айымен құттықтап, Бас мүфти биылғы жылды діни қызмет аясында «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялағанын мәлімдеді. Бұл бастама дәстүрлі дінімізді, ата-бабамыз сан ғасырдан бері ұстанып келген діни жолымызды, төл мәзһабымызды, ұлттық құндылықтарымыз бен қазақы болмысымызды дәріптеуге серпін береді деп сенемін. Сол жолда асыл дінімізді дәріптеуге және қала имамдары мен жамағаттарымызды ұйымшылдықпен бірге қызмет атқаруға шақырамын», – деді бас имам Самат Қанатқалиұлы
Аталмыш мешіттің ұстазы Талғат Искалиев “ Жамағаттың бірлігі мен ынтымағы” хақында уағыз айтса, асыл дініміз турасында сауалдар қойып, жауап берген жамағатқа кітаптар мен бағалы сыйлықтар сыйға берілді.
Осылайша жамағатпен бірлігімізді сақтай отырып, ислам мен дәстүр құндылықтарымызды тереңнен түсініп, Алланың жердегі үйін қадірлей білейік, исі мұсылман бауырларым!
Баспасөз қызметі