БҚО: ӘЙЕЛ ЖАМАҒАТЫНА СЕМИНАР

«Халал Дамудың» Батыс Қазақстан облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен әйел жамағатына «Халал ас және арлы ұрпақ» тақырыбында семинар өткізілді. 

Семинар барысында дәріс оқыған облыстың бас имамы Самат Қанатқалиұлы «Ізгі ұрпақ тәрбиедеудегі негізгі тұлғалардың бірі – әйел. Әйел – ол сүйікті жар, қамқоршы ана және тіл үйірер дәмді тағам әзірлейтін ас үй ханшайымы. Сондықтан әйел затының халал турасында білімінің болғаны маңызды. Себебі, адал астың адам рухына, денсаулығына, құлшылығына тигізер ықпалы мол. Дұғамыздың қабыл болуы, деніміздің сау болуы, ұрпағымыздың ұлағатты болуы – ішкен асымыздың адал болуына тікелей байланысты», – деп халалдың маңызын тереңінен түсіндірді.

Жергілікті өкіліміз Асхат Асылбеков «Халал Даму» қызметі, халал стандарт талаптары, тағамдық қоспалар жөнінде мағлұмат беріп, қатысушылар сұрақтарына жауап берді.