ӘРБІР ІСТІ ЫҚЫЛАСПЕН ОРЫНДАУ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Адам баласының атқаратын құлшылығы, ізгі істері кемел әрі дұрыс болуы үшін ең қажетті маңызды сипат – ықылас. Ықылас деп – Алла Тағалаға ешбір нәрсені ортақ етпей, әрбір істі жалғыз Оның ризалығын қалап, шынайы берілуімен құлшылық етуді айтамыз.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Бәйина» сүресі, 5-аятында:

وَمَا أُمِرُوا إِلاَّ لِيَعْبُدُوا اللهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ حُنَفَاءَ وَيُقِيمُوا الصَّلاَةَ وَيُؤْتُوا الزَّكَاةَ وَذَلِكَ دِينُ القَيِّمَةِ

«Асылы, олар тек қана хақ діннен ауытқымай, Аллаға шын ықыласта болып, Оған құлшылық етуге, намаз өтеуге, зекет беруге бұйырылған. Нағыз тура дін міне – осы», – деп айтқан.

Ықыластың орны жүрек. Имам Журжәни (Алла оны рақымына алсын): «Ықылас – жүректі лас дақтардан ада етіп, тазарту. Кез келген нәрсеге өзге бір зат араласып тұрады. Егер ол сол кемшіліктен арылып тазарса «халис» (таза) деп атайды», – деген. Ендеше әр адам өзінің жүрегіне мән беріп, оның тазалығына, шынайы ықыласты болуына назар аударуы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

إِنَّ اللهَ لاَ يَنْظُرُ إِلَى صُوَركُمْ وَأَمْوَالِكُمْ، وَلَكِنَّ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ

«Расында Алла сендердің түр-әлпеттеріңе, мал-мүліктеріңе қарамайды, алайда жүректеріңе және іс-амалдарыңа қарайды», – деген.

Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Істің көптігіне емес, аз болса да ықыласпен істеуге көңіл бөлу керек», – деп ықыластың маңыздылығын айтқан. Жәләлуддин Руми (Алла оны рақымына алсын): «Сенің барлық іс-әрекетіңе ықылас қажет. Сонда ғана Алла Тағала жасаған сауапты істеріңді қабыл алады. Өйткені ықылас – құлшылық құсының қанаты. Сен қанатсыз бақыт мекеніне қалай ұшпақсың?!» – деген.

Осыған орай мұсылман адам әрбір ізгі амалды бір Алланың разылығын көздеп, риякерлік, көзбояушылық, мақтан қуу сияқты істерден аулақ болады. Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылған ықылас тақырыбын ғалымдарымыз жан-жақты зерттеп, ол жөнінде талай кітаптар арнаған. Мұндай тақырыпта жазылған еңбектерді оқу, ықыластың артықшылығын, ықылассыздық зардаптарын білу мұсылманның ниет-ықыласының артуына, ізгі амалдарды ең көркем түрде атқаруына себеп болады.

Адамның ықыласты болып, амалдарды шынайы ниетімен атқаруы үшін ықыластың мынадай артықшылықтарын білуіміз маңызыды:

Бірінші: Ықыласпен жасалған амал қабыл болады

Амалдың қабыл болуының екі шарты бар. Біріншісі – ықылас, екіншісі – іс-амалдың ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып келген шариғатқа сәйкес келуі. Бұдан түсінетініміз Алла Тағаланың емес, адамдардың разылығы мен мақтауын қалап атқарылған амал қабыл етілмейді. Сол сияқты шариғатқа қайшы келетін істер де қабыл болмайды. Мұсылман адам ізгі амалы қабыл болуы үшін тек Алла Тағалағаның ғана разылығын көздеп, шынайы ықыласпен орындап әрі шариғатымызға қайшы келетін істі істемеуі керек. Бірде ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Сондай бір адам болады, Алланың сауабынан үміт етіп, ислам жолында күреседі, бір жағынан оны сол үшін мақтап, мадақтағанын қалайды», – деп еді Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оған ешқандай сауап жоқ», – деді. Әлгі кісі осы сұрағын үш рет қайталап сұрағанда да осылай жауап беріп, үшіншісінде: 


إِنَّ اللَّهَ لَا يَقْبَلُ مِنْ الْعَمَلِ إِلَّا مَا كَانَ لَهُ خَالِصًا وَابْتُغِيَ بِهِ وَجْهُهُ

«Алла Тағала тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді», – деп айтады (имам Нәсәи, Әбу Дәуід).

Сондықтан да әрбір ізгі амалымызда ықыласымыздың дұрыс болуына үлкен мән беруіміз қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

مَنْ فَارَقَ الدُّنْيَا عَلَى الْإخْلَاصِ لِلَّهِ وَحْدَهُ وَعِبَادَتِهِ لَا شَريِكَ لَهُ، وَإِقَامِ الصَّلَاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، مَاتَ وَاللهُ عَنْهُ رَاضٍ

«Кімде-кім ешбір серігі болмаған Аллаға ықыласпен құлшылық етіп, намазын оқып, зекетін беріп дүниеден өтетін болса, Алла Тағала разы болған күйде дүниеден өткен болып есептеледі», – деген (имам Ибн Мәжә).

Пенденің бойына бітетін жақсы мінез, көркем сипаттың барлығы адамның ішкі ниетін жөндеумен, әрбір істі шынайы орындаумен болады. Ықыласты болуды қалаған адам адамдардың көзіне түсіп, белгілі дәрежеге ие болу, олардың мақтағанын сүю, өзгелердің көзінде жақсы болып көріну секілді нәпсі қалауын тыйып, Жаратушыдан ықыласты болуын тілеп, дұға етуі тиіс. Сондықтан ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اَللَّهُمَّ رَبَّنَا وَرَبَّ كُلَّ شَيْءٍ، اِجْعَلْنِي مُخْلَصًا لَكَ وَأهْلِي فِي كُلِّ سَاعَةٍ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ، يا ذَا الْجَلَالِ وَالْإِكْرَامِ

«Уа, Раббымыз және барлық жаратылыстың Раббысы! Мені және жанұямды әрдайым (әрбір сәтте) дүние және ақыретте ықыласты болуын нәсіп ет! Сен аса жомарт Иесісің»  деген дұғаны үйреткен (имам Әбу Дәуід).

Қисса

Ертеде бір хан түс көріп, түсінен шошып оянады. Таңертең уәзірін шақырып: «Дайындал, сарайдан сыртқа шығамыз», – депті. Екеуі қарапайым киiм киіп, ел арасын аралай бастайды. Бір ауылға жеткенде, түсінде көрген жерін танып, тоқтайды. Адамдар көп, бәрі өз тіршілігін жасап жүр. Жерде бір адам өліп жатыр. Бiрақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сонда хан жергілікті адамдардан: «Уа, адамдар! Бұл кім? Неге бұлай тапталып қор болып жатыр? – десе, тұрғындар: «Бұл адам – араққұмар біреу. Ол ешкіммен араласқан емес. Онымен 40 жылдан бері көрші тұрам. Бірақ көрші болып бас қосқан емеспіз. Өзі нағыз ағаш шебері. Таң атқаннан кешке дейін жұмыс жасайды. Бірақ қай жерде арақ болса сатып алады. Тіпті үйіне жөзекшелерді әкетіп барa жатқанын да көретінмін. Ешбір адамға жақсылығы тимеген. Сондықтан да осылай жатыр», – деп адамдар тарап кетеді. Сонда уәзірі: «Жүріңіз, хан ием, біз де кетейік», – дейді. Хан: «Жоқ, менің түсіме бұл адам неге кіргенін түсінбедім. Алла маған «оны жерле» деп аян берді. Мен Алланың қалауын орындаймын. Тек оны жуындыратын жер керек. Жүр, оны мешітке алып барайық», – дейді.

Мешітке алып барса, мешіттің имамы оларды кіргізбейді. «Бұл адамды кіргізе алмаймын. Ол Аллаға қарсы шықты. Алла оның жазасын берді», – деп жолатпайды. Хан оны көрші ауылдағы мешітке алып барады. Ол мешіттің имамы оны көргенде жылай бастайды. Сонда Хан: «Сіз оны танисыз ба?» – деп сұрағанда имам: «Иә, ол өте жақсы адам еді. Намазын уақытында оқып, Алланың жолында жүрген адам болатын», – дейді. Сөйтіп үшеуі оның жаназасын шығарып жерлейді. Хан «Неге адамдар ол жайында әртүрлі пікір айтты? Ол шын мәнінде қандай адам?» – деп ойлана бастайды. Сұрастыра келе, оның үйін тауып барып, есігін қағады. Есікті бір әйел ашады. Хан оған барлық мән-жайды айтып, күйеуiн жерлеп келгенін жеткізеді. Оны естіген әйел көзіне жас алады. Хан: «Сіздің жолдасыңыз қандай адам еді?» – деп сұрайды. Әйел: «Мен онымен мақтанам! Ол өз жанын Алланың жолында құрбан етті», – дегенде, хан оған: «Бірақ көршілеріңіз теріс пікірде. Олардың айтуы бойынша араққұмар, әйелқұмар болған екен. Ешбір адамға көмегі тимеген деп наразылықтарын білдірді», – дейді. Сонда әйел: «Мырза, олар жолдасым қандай жақсылық жасағанын қайдан білсін! Иә, ол арақ сатылатын жер бар десе, жанын беріп болса да сатып алатын. Бiрақ өзі ішкен емес. Өзгелер ішпесін деп ауылдағы бүкіл арақты сатып алып, үйге әкеп дәретханаға төгетін. Сол секілді жөзекшелерді үйге әкелетін. Өзгелер олармен бірге болып, күнәға батпасын деп, оларды үйге әкелетін. Мен сендердің уақыттарыңды сатып алдым. Ол уақытты қалай өткізсем де өз еркім деп, түніменен оларға Алланы насихаттап, имандылыққа шақыратынбыз. Соның арқасында жеңіл жүрісті әйелдер біршама азайып қалған еді», – дейді. Сонда Хан: «Бірақ неге көршілерге ештеңе айтпаған?» – деп сұрайды. Әйел: «Мен оған қаншама рет айттым. Елге шыныңды айт. Олар теріс пікірде. Ертең біз дүние салсақ кім жерлейді дедім. Бірақ ол тыңдамады. Менің жақсылығымды Алла көріп тұр. Маған сол жеткілікті. Адамдардың қалай ойлатынында шаруам жоқ. Ең бастысы Алланың алдында арым таза. Адамдарға айтып олардың қошеметіне ие болу мен үшін қажет емес. Ақыретте Алланың қошеметі қажет. Сені кім жерлейді деп қорықпа. Алла сүйген құлын ешқашан ит-құсқа жем етпейді. Мен Аллаға сенем. Егер Алладан әмір келіп жатса, тіпті ханның өзі жерлеуі мүмкін деп күлетін. Ол намазын көрші ауылдағы мешітке барып оқитын. Неге өзіміздің ауылдағы мешітте оқымайсың десем, бар жан-тәнімен Аллаға берілген имамның артында тұрып намаз оқып жатып, көзімді жұмғанда Қағба көрінгендей болады дейтін», – деп жауап береді. Бұған таң қалған Хан түсінде көрген аянның ақиқатын түсінген екен.

Екінші: Мақтан сүюден сақтану

Абай Хакім

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек бекер мал шашпақ.

Бес дұшпаның білсеңіз, – деп айтқанындай мақтану – адамның бүкіл жақсылығының құрдымға кетуіне себепші болатын іс. Мұсылман адам бір амалды жасар алдын не үшін, кім үшін жасайтынына көңіл бөлу керек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ғафыр» сүресі, 14-аятында:

فَادْعُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ لَهُ الدِّينَ

«Құлшылықтарыңды шын ықыласпен Алла үшін жасап, Оған дұға етіңдер»– деп айтқан.

Жүрегі ықыласқа толы адам сөгістен де қорықпайды әрі ешкімнен мақтау, алғыс та күтпейді. Істеген ісі үшін атақ, абырой, даңққа кенелуді ойламайды. Істі алғаш бастаған кезде қандай шынайы болса, үлкен жетістікке жеткен кезде де сол шынайылығынан айрылмайды.

Бірде Айша анамыз (Алла оған разы болсын) жоқ-жітік пен міскіндерге жәрдем берген кезде міскін рақметін айтып дұға жасайды. Сол кезде Айша анамыз да ол кісіге дәл сондай дұға етеді. Одан: «Адамдарға жақсылық жасайсың әрі оларға дұға етесің, мұның қалай сонда?» – деп сұрағанда: «Оның мен үшін жасаған дұғасы менің берген садақамның ақысы болуынан қорқамын. Берген садақамның ақысыз таза болуын қалаймын және оның сауабын тек Алладан ғана үміт етемін. Сондықтан міскіннің маған жасаған дұғасына мен де қайталап дұға етемін», – деп жауап берген екен.

Зұннұн Мысри (Алла оны рақымына алсын): «Мына үш нәрсе ықыластың нышаны. Олар:

  1. Халықтың мақтауы мен даттауына көңіл бөлмеу;
  2. Істеген жақсылығын тез ұмыту;
  3. Істеген ісінің ақыретте сауап әкелетінін де ұмыту», – деген.

Қисса 

Бір күні бір кісі: «Мен міндетті түрде садақа беруім керек», – деп ниет етеді. Сөйтіп, ол түннің бір уақытында садақасын алып шығып байқамастан бір ұрының қолына ұстатып жібереді. Ертесі күні қала халқы: «Таңқаларлық жайт! Кеше түнде біреу бір ұрыға садақа беріпті», – деп әңгіме тарата бастайды. Әлгі кісі: «Уа, Алла! Саған мақтаулар болсын! Мен бүгін де садақа беремін», – дейді. Ол тағы да садақасын алып үйінен шығып (бұл жолы да білместікпен) бір жезөкшенің қолына ұстатады. Ертесі күні қала тұрғындары: «(Мүмкін емес) Кеше түнде бір адам жезөкшеге садақа беріпті», – деп бұл жолы да әңгіме тарата бастайды. Әлгі кісі:  «Уа, Аллам! Жезөкшеге болса да садақа бергенім үшін Саған мақтаулар болсын! Мен міндетті түрде тағы да садақа беремін», – дейді. Осы түні де садақасын алып, үйінен шығып, оны (бұл жолы да білместікпен) бір бай кісінің қолына ұстатып жібереді. Ертесі күні халық: «(Бұл не қылған сұмдық) Кеше түнде біреу бай адамға садақа беріпті», – деп әңгіме ете бастайды. Әлгі кісі: «Уа, Аллам! Ұрыға болса да, жезөкшеге болса да, байға болса да садақа бере алғаным үшін Саған шүкір етемін», – дейді. (Шынайы ықыласы үшін) ол кісіге түсінде: «Ұрыға берген садақаң, бәлкім оны жасаған ұрлығынан ұялтып, ұрлық етуден бас тартқызар. Жезөкше әйел, бәлкім арсыз әрекетіне өкініп, абыройлы бір әйел болар. Бай адам да осыдан ғибрат алып, Алланың өзіне берген дүниесінің бір бөлігін мұқтаж жандарға тарқатар», – деп айтылады.

Үшінші: Ықыласты пенделер шайтанның азғыруынан аман болады

Ібіліс Алланың құзырынан қуылғанда өзінің қуылуына себепкер болған Адам Атаны және оның болашақ ұрпағын тура жолдан тайдыруға уәде береді. Аллаға құлшылық етуден тосып, тозақтық серіктерім етемін, оларға күнә атаулыны жақсы көрсетіп, алдынан, артынан, астынан, үстінен келіп тура жолдан тайдырамын дейді. Сонда Алла Тағала шайтанға өзінің ықыласты құлдарын тура жолдан тайдыра алмайтынын ескертеді. Ол турасында қасиетті Құранның «Хижр» сүресі, 39-42-аяттарында былай деп баяндалған:

قَالَ رَبِّ بِمٓا اَغْوَيْتَني لَاُزَيِّنَنَّ لَهُمْ فِي الْاَرْضِ وَلَاُغْوِيَنَّهُمْ اَجْمَع۪ينَ اِلَّا عِبَادَكَ مِنْهُمُ الْمُخْلَص۪ينَ قَالَ هٰذَا صِرَاطٌ عَلَيَّ مُسْتَق۪يمٌ  اِنَّ عِبَاد۪ي لَيْسَ لَكَ عَلَيْهِمْ سُلْطَانٌ اِلَّا مَنِ اتَّبَعَكَ مِنَ الْغَاوينَ

«Ібіліс шайтан: «Уа, Раббым! Адастырғаның үшін (ант етемін), олар үшін жер бетіндегі (қу дүние мен күнә атаулыны) көздің жауын алатындай етіп безендіріп қоямын, сөйтіп олардың барлығын азғырып, тура жолдан тайдырамын. Алайда ықыласты құлдарыңның жөні басқа (мен оларды тура жолдан тайдыра алмаймын)», – деді. Сонда Алла: «Міне, (ықыласқа, толық мойынсұнушылыққа негізделген) осынау жол – Өзім кепіл болған тура жол. Менің (ықыласты) құлдарыма сенің ешқандай ықпалың жүрмейді. Сенің ықпалың тек өзіңе ерген адасқан азғындарға ғана жүретін болады», – деп айтты.

Имам Құртұби (Алла оны рақымына алсын): «الَّا عِبَادَكَ مِنْهُمُ الْمُخْلَصِينَ» сөзін «Ешбір риясыз, шын ықыласпен Аллаға құлшылық ететін пенделерің» деп түсіндіре келе, Иса Пайғамбар мен оның ең жақын серіктестерінің арасындағы болған өзара әңгімені мысал ретінде келтіреді. Сонда серіктестері: «Алла үшін ықыласты болу дегеніміз не?» – деп сұрады. Иса Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Алла үшін ықыласты болу дегеніміз – қандайда бір ізгі амал істегенде адамдардың мақтағанын күтпеу», – деп жауап берді.

Қадірменді жамағат!

Амал мен ықылас дене мен жан секілді бір-бірінен ажырамас дүниелер. Ықылассыз жасалған амал рухсыз дене сияқты. Сондықтан да қандай үлкен амал жасалса да, бірақ онда ықылас болмаса, ақыретте ешқандай құны болмайды. Ықыласты адам ғана Алла Тағаланың құзырында шексіз сауапқа бөленбек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 146-аятында:

اِلَّا الَّذ۪ينَ تَابُوا وَاَصْلَحُوا وَاعْتَصَمُوا بِاللّٰهِ وَاَخْلَصُوا د۪ينَهُمْ لِلّٰهِ فَاُو۬لٰٓئِكَ مَعَ الْمُؤْمِن۪ينَ وَسَوْفَ يُؤْتِ اللّٰهُ الْمُؤْمِن۪ينَ اَجْرًا عَظ۪يمًا

«Алайда шынымен тәубеге келіп, Аллаға бет бұрып, толық түзеліп, Алланың дінін шынайы ықласпен ұстағандардың жөні бөлек. Міне, солар мүминдермен бірге. Алла күндердің күнінде мүминдерді үлкен сый-сияпатқа бөлейді», – деп айтқан.

Алла Тағала баршамызға шынайы ниет пен ықылас нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етсін!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі