الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Дініміздің негізін сақтаушы басты жолдардың бірі – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю. Ол шариғат термині бойынша «әл-Әмру биль-мағруфи уә наһ-ю анил-мункәри» деп айтылады. Мағруф – ақыл мен дініміз тұрғысынан жақсылық деп қабылданған нәрселер болса, мункәр – ақыл-санамыз бен дінімізге қайшы құбылыстар. Алла Тағала қасиетті Құранда:
كُنتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ تَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَتُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ
«Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, жамандықтан тыятын, сондай-ақ Аллаға сенетін қайырлы үмбет болып шығарылдыңдар», – деп айтқан («Әли Имран» сүресі, 110-аят).
Аятта қайырлы үмбет болудың шарты – «жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю». Міне, осы міндет орындалған кезде үмбет әрқашан да басқа адамдардан артық, қайырлы болып, бүкіл адамзатқа игілік пен адалдық жолында жол көрсетеді.
Атақты тәпсірші, куфалық Әбул-Нәзир Мұхаммад әл-Кәләби осы аят туралы: «Бұл аят – ізгілік тұрғысынан алғанда, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетінің орны айрықша екенін баяндайды. Өйткені аятта бұл үмбеттің, еш шүбәсіз, басқа үмбеттерден қайырлы (жақсырақ) екенін білдіретін айқын дәлел бар. Мұны басқа үмбеттермен салыстырғанда, алғашқы мұсылмандар мен Ақырзаман (бүгінгі) мұсылмандар арасындағы ұқсастықты дәл көрсетеді. Сондықтан ізгілік тұрғысынан сахабалардың басқа мұсылмандардан артықшылығы әрі өзіне тән өзгешелігі болды», – деген.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде шынайы мұсылмандықтың белгісі – қоғамға, айналасындағыларға, отбасына, жақындары мен діндес бауырларына пайдалы болу екендігі турасында айтылған. Сондай хадистің бірінде:
مَنْ رَأَى مِنْكُمْ مُنْكَرًا فَلْيُغَيِّرْهُ بِيَدِهِ فَإِنْ لَمْ يَسْتَطِعْ فَبِلِسَانِهِ فَإِنْ لَمْ يَسْتَطِعْ فَبِقَلْبِهِ وَذَلِكَ أَضْعَفُ الإِيمَانِ
«Қайсыбірің жаман бір істі көріп қалсаңдар, оны қолымен түзетуге тырыссын. Егер оған шамасы келмесе, бұл әрекеттің дұрыс еместігін тілімен түсіндірсін. Егер оған да шамасы жетпесе (яғни қолымен немесе тілімен ештеңе істей алмаса) онда жүрегімен бұл әрекетті ұнатпасын. Бұл – иманның ең әлсіз көрінісі», – делінеді (имам Мүслим).
Бұл хадис туралы кейбір ғұламалар: «Жамандықты қолмен тыйып, тілмен түсіндіру – ғалымдарға тиісті, ал жүрегімен жаман іске қарсы болу – жай мұсылмандарға (адамдарға) тән», – десе, басқа бір ғалымдар: «Кім болғанына қарамастан қандайда бір жамандықты болдырмау үшін қолдан келгенінше әрекет ету – әр адамға уәжіп», – дейді.
Дініміздегі жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюдың мән-маңызын ұғу үшін оның қасиетті Құран аяттар мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде баяндалған мынадай артықшылықтары жөнінде білуіміз маңызды:
Бірінші: Жақсылыққа шақырып жамандықтан тыю – пайғамбарлардың төл уазипасы
Жақсылыққа шақыру – барша пайғамбарлардың негізгі ісі. Алла Тағала оларды осы ұлы міндетті атқару үшін адамзаттың ішінен таңдап алған. Сондықтан да қоғамды ізгілікке шақыру, жаман істен тыю адам өміріндегі ең маңызды қызмет болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Фұссилат» сүресі, 33-аятында:
وَمَنْ أَحْسَنُ قَوْلًا مِمَّنْ دَعَا إِلَى اللَّهِ وَعَمِلَ صَالِحًا وَقَالَ إِنَّنِي مِنَ الْمُسْلِمِينَ
«Аллаға шақырып, əрі ізгі іс істеп жəне «Шын мəнінде, мен мұсылмандарданмын» деген адамның сөзінен кімнің сөзі жақсы бола алады?» – деп айтқан. Егер кімде-кім сол елшілер атқарған ұлы істі атқаратын болса, ол да осы аятта айтылғандардың қатарына кіреді.
Көптеген пайғамбарлар пұтқа табынып, Аллаға ортақ қосушы қауымдарды жалғыз Аллаға құлшылық етуге шақырған. Бірінің қауымы пайғамбарларды жоққа шығарса, енді бірі таразыдан жеді. Ал енді бір қауым жаман арсыз іске барды. Осындай түрлі азғындыққа түсіп, күнәлі іс жасаған адамдарды тура жолға шақырып, насихат айту үшін Алла Тағлала оларға ең сүйікті құлдары болған пайғамбарларын жіберді. Оларды жамандықтан тыйып, егер арсыздық істерін қоймаса, қатты азаппен азапталатындықтарын ескертті. Қауымдардың ішінде насихатқа құлақ асып, ізгілікке жөнделгендері де, пайғамбарларына қарсы шығып, насихатқа құлақ аспай, азап душар болғандары да болды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Анкабут» сүресі, 40-аятында:
فَكُلاً أَخَذْنَا بِذَنْبَهِ فَمِنْهُمْ مَنْ أَرْسَلْنَا عَلَيْهِ حَاصِباً وَمِنْهُمْ مَنْ أَخَذَتْهُ الصَّيْحَةُ وَمِنْهُمْ مَنْ خَسَفْنَا بِهِ الأَرْضَ وَمِنْهُمْ مَنْ أَغْرَقْنَا وَمَا كَانَ اللهُ لِيَظْلِمَهُمْ وَلَكِنْ كَانُوا أَنْفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ
«Олардың күнәларының салдарынан кейбіреулерін үстіне тас жаудырып, кейбіреулерін ащы дауыспен, кейбірін жерге жұттырып және кейбіреулерін суға батырып, бәрін қолға алдық. Алла оларға зұлымдық етпеді. Бірақ олар өз-өздеріне зұлымдық етті», – деп айтқан.
Алла Елшісінің де (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең бірінші міндеті адамдарға ізгілікті жеткізу болды. Міне, сондықтан Оның көрсеткен табандылығының нәтижесінде әрбір ізінен жаңылмай басқан сахабалар жамағатында да бұл сезім нық орнықты. Соның нәтижесінде қоғамда ізгілік жайылып, асыл дініміз көркейді. Сахабалар төрткүл дүниеге жақсылықты жеткізу үшін бір-бірімен жарысты.
Екінші: Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю – мүминнің сипаты
Адамдарды ізгілікке шақыру, оларды теріс істерден қайтару – мүмин адамның бойындағы ең ізгі көркем мінездің бірі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 71-аятында:
وَالْمُؤْمِنُونَ وَالْمُؤْمِنَاتُ بَعْضُهُمْ أَوْلِيَاءُ بَعْضٍ يَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنْكَرِ وَيُقِيمُونَ الصَّلاةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَيُطِيعُونَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ أُولَئِكَ سَيَرْحَمُهُمُ اللَّهُ إِنَّ اللَّهَ عَزِيزٌ حَكِيمٌ
«Мүмин ерлер мен мүмин әйелдер, бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бойсұнады. Соларды Алла рақымына бөлейді. Расында Алла тым үстем, аса дана», – деп айтқан.
Адамдардың бойындағы теріс істі даналықпен дұрыстау, нағыз жанашырлықтың, бауырмалдықтың көрінісі. Бұл ретте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الْمُؤْمِنُ مِرْآةُ أَخِيهِ الْمُؤْمِنِ
«Мүмин – мүмин бауырының айнасы», – деген (имам Термизи, Әбу Дәуід).
Айнаға қарап адам баласы өз бойындағы кемшілікті жөндейтіні сияқты, мұсылман адам да өзге мұсылманды оның бойындағы кемшілігін жөндейтін айна іспетте көруі қажет. Өзгелерді шынайы бауыр тұтушы дін бауырының күнәлі іс жасауына жол бермейді. Керісінше ізгілікке бұрылуын қалап, оның жөнделуін мақсат етіп, ізгі іске бұйырады, жамандықтан қайтарады. Халқымыздағы «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» деп айтылғанындай, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю жоқ болса, қоғамда күнәһарлық, арсыздық белең алады.
Қисса
Баяғыда бір жас жігіт бес уақыт намазға мешітке бара жатқан жолында әркез арақ ішіп отырған, өзімен құрдас таныстарын көреді екен. Жігіт олардың қастарынан күнделікті өткен сайын сәлем беріп, өзімен бірге мешітке барып, намаз оқуға шақырады. Әлгі отырғандар жігіттің сөзіне мән бермейді, айтқанына да көнбейді. Әйтсе де жігіт күнделікті олардың қасынан өтіп бара жатқанда жақсылыққа шақыруын тоқтатпайды. Бір күні жігіт әдетінше мешітке кетіп бара жатқан жолында сол баяғы отырған құрдастарын көріп: «Мына жаман істеріңді қойыңдар, арақ денсаулықтарыңа зиян, отбасыларыңа жамандық алып келеді. Одан да жүріңдер, менімен бірге мешітке барыңдар» дейді. Сонда араларынан біреуі тұрып: «Уа, құрдас! Сен осы біздің мешітке бармайтынымызды жақсы білесің. Бірақ неге сонда да күнделікті бізді өзіңмен бірге баруға шақыра бересің?» – деп сұрайды. Сонда жігіт: «Егер мен сендерді өзіммен бірге баруға шақырмасам, сендер мені өздеріңмен бірге отыруға шақырар едіңдер» – деген екен.
Үшінші: Жақсылыққа шақырудың сауабы зор
Бір адам өзге біреуді жақсылыққа шақырып, ізгі іс істеуіне себепші болса, сол ізгілік істеуші адамның сауабындай сауапқа ие болады. Осы себепті адамның зор сауапқа кенелуіне, ақыретте Алла Тағаланың мейіріміне бөленуіне себепші болатын мұндай ізгі істен ешкім құр қалмауға тырысуы қажет. Хайбарда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туды хазірет Әлидің (Алла оған разы болсын) қолына табыс етіп тұрып: «Оларды әуелі исламға шақыр. Егер олар мұсылман болса, мал-жандарын аман сақтайды. Ақыреттегі жағдайлары Алланың құзырында. Уа, Әли! Аллаға ант етейін, сенің себепкерлігіңмен бір кісінің болса да тура жолға келуі жер беті толған қызыл түйені Алла жолында беруіңнен де артық», – деген (имам Бұхари).
Қызыл түйе Пайғамбар заманында ең құнды әрі бағалы түйе болатын. Осы мысалды беру арқылы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды жақсылыққа шақырудың, жамандықтан тыюдың материалдық байлықтан да артық екендігін баяндаған. Өйткені ізгі де жақсы адам, өзгелерге де осы бір жақсылықты қалайды.
Бірде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құтба оқып тұрған кезде мешітке бір адам: «Адамдардың ең жақсысы кім?» – деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған, көп оқыған, әрі сол оқығанын көңіліне тоқыған, Алладан қорқатын және туыстық қатынастарын үзбеген кісі», – деп жауап берген.
Бірде Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағаладан: «Уа, Раббым, дін бауырын теріс жолдан қайтарып, оған жақсылық етуді үйретіп, жамандықтан қашуды түсіндірген адамның құзырындағы өтеуі не болады?» – деп сұрапты. Сонда аса мейірімді Раббымыз: «Оған бүтін кәлималарым мен бір жылдық ғибадат сауабын жазамын және оған азап беруден ұяламын», – деп жауап берген екен.
Төртінші: Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю қоғамның ізгілікке бұрылуына ықпал етеді
Қоғамда ізгіліктің жайылып, адамдардың түрлі арсыз істерден тыйятын негізгі іс – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю. Қай бір қоғамда үлкендер жастарына насихатшы, білімділері көпшілікке насихатшы болса, ондай ортада ізгілік жайылып, адамдардың құқығы құрметтеліп, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық сияқты түрлі күнәлі істерге жол берілмейді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзара насихатшы болғандар жайлы мынадай мысал келтірген: «Олардың жағдайлары түскен жеребе бойынша бір жартысы астында бір жартысы кеменің үстіне отырған жолаушыларға ұқсайды. Астында отырғандар үстіндегілерден су сұрап, олардың мазасын алады. Алайда үстіндегілер астындағылардың бұл өтінішіне тас кереңдік танытып, құлақ аспайды. Астындағылар, амал жоқ, қолдарына балта алып кеменің түбін тесе бастаған кезде төбедегілер келіп «бұл істеп жатқандарың не?» деген кезде төмендегілер «біз су алар кезде сендерді мазаладық, алайда біз суға мұқтажбыз. Енді сіздерді мазаламай-ақ суға қол жеткіземіз» дегенде үстінде отырғандар оларды тоқтатса әрі өздерін, әрі төмендегілерді де құтқарады. Егер оларды тоқтатпаса өздерін де, төмендегілерді де өлімге итермелейді» (имам Бұхари). Сондықтан үстіндегілердің төмендегілерге қолұшын беруі әрі-беріден соң өздері үшін қажет. Қоғамды кеме деп алсақ, осы кемедегілердің тағдыры ортақ болғандықтан олар бір-біріне көз жұмып қарамауы керек. Шырақтың отымен келесі шырақты тұтатсаң, бұдан бірінші шырақтың оты кеміп қалмайды, керісінше, екі шырақ жанса, жарық та, жылу да мол болады. Осы себепті де Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын әрдайым қоғамда жақсылықты жаюға шақыратын.
Бір күні ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына: «Сендерге еш уақытта жол бойында отыруға болмайды!» – дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Біз жол бойында жиналуға мәжбүрміз, өйткені онда біз бір-бірімізбен сұхбаттасамыз», – дейді. Сонда Алла Елшісі: «Егер сендер онда жиналуға мәжбүр болсаңдар, онда жолдың ақысын өтеңдер!» – дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Жолдың ақысы деген не?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл дегеніміз адамдарға сұқтанып қарамау және оларға зиян тигізбеу, сәлем бергенге жауап беру, жақсылыққа шақыру және жамандықтан қайтару», – дейді.
Қадірменді жамағат!
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дін дегеніміз – насихат», – деп айтқан. Сонда сахабалар: «Ол кімге қатысты?» – деп сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға, Оның Кітабына, Оның Елшісіне, мұсылмандардың басшыларына және де бүкіл мұсылмандарға қатысты», – деген.
Ендеше, жақсылықтың жаршысы болу әр мұсылманның қасиетті борышы. Бұл істі жүрегімен сезініп, ынтамен орындаған адамның бұл дүниесі де, ақыреті де жемісті болады. Бір адам кітап жазып түсіндірер, біреуі көркем мінезімен жақсылыққа себепші болар, біреу насихат айту арқылы әлдебір жақынын жаман істен қайтарар. Яғни әркімнің шама-шарқы жеткенше бұл істі орындауы қажет.
Алла Тағала жүрегімізге тақуалық, әрбір ісімізге ықылас, қоғамымызға ізгілік нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі-дұға тілектерімізді қабыл етсін!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі