الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Мұсылман адамның рухани кемелдігін, бойындағы биік адами қасиетін көрсететін сипаттардың бірі – ашуға ие болу. Өмір сынақ алаңы болғандықтан адам баласы қандай жағдай болмасын сабырлы болып, өзін ұстап, байыппен шешім қабылдауы тиіс. Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 133-134-аяттарында Алла Тағала:
وَسَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالأَرْضُ أُعِدِّتْ لِلْمُتَّقِينَ.الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ
«Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей болған жәннатына жарысыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзірленген. Олар – (тақуалар) кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал сарп қылғандар. Сондай-ақ ашуларын жеңушілер, адамдарға кешірім етушілер. Алла игілік істеушілерді жақсы көреді», – деген. Бұл аяттарда Алла Тағаланың жарылқауы мен жәннаты тақуалар үшін әзірленгені баяндалғаннан кейін, тақуа құлдардың бірнеше сипаттары айтылған. Олар: таршылықта да, баршылықта да қолында барымен өзгелерге жәрдем беретіндер, ашуларын ұстай алатындар әрі өзгенің кемшілігіне кешіріммен қарағандар.
Алла Тағала адам баласының бойына жақсы және жаман мінезді қоса жаратқан. Мұның өзі адам баласы үшін үлкен сынақ. Құран адам бойындағы ондай теріс мінездерді тәрбиелеп, өзгелерге зиян беруден тыю керектігін үйретеді. Осы себептен де Алла Тағала тақуа құлдарын сипаттағанда:
وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ
«Ашуларын жұтушылар (жеңушілер)», – деп айтқан. Демек, тақуа адамға да ашу келуі мүмкін. Алайда тақуа жанның өзге адамнан артықшылығы – келген ашуына ие болып, өзгелерге тілімен не қолымен зиян келтіруден нәпсісін тыйып, ашуын жұта біледі.
أَنَّ رَجُلًا قَالَ للنَّبِيِّ ﷺ: أَوْصِني، قَالَ: لا تَغْضَبْ، فَرَدَّدَ مِرَارًا قَالَ: لا تَغْضَبْ
Бірде ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Маған кеңес беріңіз?» – деп өтінгенде: «Ашуға берілме!» – деді. Кейіннен әлгі кісі осы сұрағын бірнеше мәрте қайталаған еді, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да сонша рет: «Ашуға берілме!» – деп жауап берді. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осынау өсиетіне сүйенер болсақ, кез келген жағдайда сезімге емес, керісінше сабырға жүгіну қажет екендігі ұғынамыз.
Халқымыз да «Ашу – дұшпан» деп, оның қармағына түсіп қалудан сақтандырған. Көбіне ашу мен ақылды қатарластыра сөйлеп, «Ашу келсе – ақыл кетер», «Ашу – шабыстырады, ақыл – табыстырады» деп толғаған бабаларымыз. «Жақсы адамның ашуы – шәйі орамал кепкенше» деген де сөз бар халқымызда.
Ашудың түрлері
Ашудың барлығы бір деңгейде емес. Оның құпталатын және құпталмайтындығына байланысты ғалымдарымыз ашу мынадай үш түрлі болатынын айтқан:
Біріншісі: Құпталатын ашу
Бұл жағдайда ашуланушы адамның ақылы сергек, ашуы өз уысында болады. Кімде-кім күнәлі іс жасап, Алланың немесе адамның ақысына қол сұқса, соған қарсы наразылық танытып ашуланады. Мысалға, Мұса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) ашуы. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 150-аятында:
وَلَمَّا رَجَعَ مُوسَى إِلَى قَوْمِهِ غَضْبَانَ أَسِفاً قَالَ بِئْسَمَا خَلَفْتُمُونِي مِنْ بَعْدِي أَعَجِلْتُمْ أَمْرَ رَبِّكُمْ وَأَلْقَى الْأَلْوَاحَ وَأَخَذَ بِرَأْسِ أَخِيهِ يَجُرُّهُ إِلَيْهِ قَالَ ابْنَ أُمَّ إِنَّ الْقَوْمَ اسْتَضْعَفُونِي وَكَادُوا يَقْتُلُونَنِي فَلا تُشْمِتْ بِيَ الْأَعْدَاءَ وَلا تَجْعَلْنِي مَعَ الْقَوْمِ الظَّالِمِينَ
«Мұса еліне ыза болып, ашуланған түрде қайтқан кезде: «Менен кейін маған нендей жаман іс істедіңдер! Раббыларыңның әміріне асықтыңдар ма?» – деп (Тәурат) тақтайларын тастай салып, туысының (Һарунның) басынан ұстап, өзіне қарай тарта бастады? (Һарун) «Әй, анамның ұлы! Расында, бұл ел мені басынып, тіпті өзімді өлтіруге жақындады. Енді мені дұшпандарға күлкі қылма, мені залым елмен бірге санама!» – деді», – деп айтқан.
Аталмыш аятта Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) еліне біршама уақыттан кейін қайта оралғанда, халықтың бұзауға табынып, Аллаға серік қосқаны жайлы оқиға баяндалған. Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) осы жағдай үшін ашуланды.
Сол сияқты ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ешқашан өзінің ақысы үшін ашуланбаған. Дін мәселесіне немесе өзге адамдардың ақысына қол сұғылып жатқанын көрген кезде ашуланған.
Екіншісі: Рұқсат етілген ашу
Ашудың бұл түрінде Алланың да, адамның да ақысына қол сұғылмайды әрі адам ақылын жоғалтпайды. Ашу рұқсат етілген шеңберде ғана көрініс табады. Бұл жағдай көбіне жанашырлық пен мейірімнен туады. Мысалға, баланың оқу үлгерімінің нашарлығы үшін қынжылу, болашағына алаңдап ашулану, т.с.с.
Үшіншісі: Болымсыз ашу
Ашудың бұл түрі – Шайтанның үнемі құрығын тастап отыратын тұсы. Егер адам ашуланар болса, шайтан одан өз үлесін қалай да болса алып қалуға бар күшін салады. Бұл жағдайда ашуға булыққан адам не айтып, не істеп, не қойғанын білмейді. Оның ақылы ашуының тізгінінде кетеді. Мұндай адам ашуы тарқағаннан кейін істегені үшін қатты өкінеді.
Ашуды емдеудің жолдары
Ашуланшақтық – рухани дерт. Қасиетті Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде рухани дерттердің баяндалуымен қатар оларды емдеу жолдары да баяндалған. Ашу қысқан адам мынадай амалдар арқылы бұл рухани дертті емдеуіне болады:
Бірінші: Ашудың зияны жайында білу
Дініміздің әрбір бұйырған бұйрығында адам баласының екі дүниесіне келетін пайда бар. Сол сияқты дініміз тыйған істерде адамның екі дүниесіне келетін зиян бар. Ашудың да дүние ақыретімізге тигізер зияндары өте көп. Ашудың кесірінен қанша шаңырақ күйреп, адамдар арасындағы қаншама қарым-қатынас бұзылуда. Ашудың салдарынан түрлі теріс іске барып, артынан орны толмас өкінішке душар болған да қаншама адам бар.
Медициналық дерек көздерге жүгінер болсақ, ашуланудың түрлі ауруларға себеп болатыны көрсетілген. Ең алдымен жүрек қан тамырлар жүйесі ауруларының пайда болу мүмкіндігін арттырады. Адам ашуланған уақытта қан тамырлары жиырылып, қан қысымы көтеріліп, жүрек соғысы мен тыныс алуы баяулайды. Осының салдарынан қан тамырлары ерте қартайып, жұмысы бұзылады.
Екінші: Сабыр сақтау
Сабыр − адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Имам Ахмад (Алла оны рақымына алсын): «Көркем мінез дегеніміз – ашуды баса білуің және кек сақтамауың, адамдардың қылықтарына сабыр етуің», – дейді.
Ашулану, ашуға булығу шайтанның айласы. Оған бой алдырған адам ақылын жоғалтып, нәпсіге жол беріп, дініміз ұнатпайтын жат әрекеттер жасап қоюы әбден мүмкін. Осы кезде мұсылманның негізгі қаруы сабыр болуы тиіс. Жалпы, сабырлық «әс-сабру» (الصَّبْرُ) сөзінің тілдік мағынасы «шыдамдылық ету» «төзімді болу» деген сөз. Шариғаттағы мағынасы Алла Тағаланың разылығы үшін өмірдегі қиындықтарға төзу, шыдамдылық ету.
Мұсылман адам өмірдегі әрбір сәтсіздікті сынақ деп қабылдап, ашуға бой алдырмай, оған сабырмен, төзіммен қарай білуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда «Нахл» сүресі, 96-аятында:
وَلَنَجْزِيَنَّ ٱلَّذِينَ صَبَرُوۤاْ أَجْرَهُمْ بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ
«Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», – деп айтқан.
«Сабыр сақтау қажет» деп оңай айтылғанымен, іске келгенде, ашуланып тұрғанда сабыр сақтау әркімнің қолынан келетін іс емес. Ал кім осылай өз нәпрсісін жеңіп, сабыр ететін болса, Алла Тағаланың беретін сауабы шексіз. Сондықтан да осындай ізгі істерге әр адам өзін тәрбиелеп, нәпсісінің жетегіне кетуден сақтануы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
ومَن يتَصَبَّرْ يُصَبِّرْهُ اللهُ ، وما أُعطيَ أحدٌ عطاءً خيرًا وأوسعَ مِنَ الصَّبرِ
«Кімде-кім сабырлы болуға тырысса, Алла оған сабыр береді. Адам баласына сабырдан артық қайырлы әрі үлкен сыйлық берілмеген», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Әбу Дарда (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте бір кісі: «Мені жұмаққа кіргізетін бір амалға сілтеңізші», – дегенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ашуыңа ұстамды бола білсең, жұмаққа кіресің», – деген екен.
Хадисте ашуды ұстай білу пенденің жәннатқа кіруіне себепші болатыны жайында айтылуы – ашуды игере білудің мұсылман үшін қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсетеді.
Қисса
Ардақты Пайғамбарымыздың немересі Хусейн (Алла оған разы болсын) намазға дайындалып, дәрет алайын деп отырғанында қасына бір құл келіп, қолына су құймақшы болады. Алайда құлдың қолынан құмғаны түсіп кетіп, Хусейннің басына тиіп, жерге түсіп, сынып қалады. Осы кезде Хусейннің бойын ашу кернегенін көрген құл, не істерін білмей, қасиетті Құрандағы:
وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ
«Ашуларын жұтушылар», – деген аятты оқиды. Хуйсейн (Алла оған разы болсын) қатты ашуға булығып тұрса да, Алла аятын естігенде: «Жұттым ашуымды» дейді екен. Құл аятты ары қарай жалғастырып:
وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ
«Адамдарға кешірім етушілер», – деп айтады. Хусейн (Алла оған разы болсын): «Әлбетте, мен сені кешірдім», – дейді. Құл аяттың соңғы сөздерін оқып:
وَاللهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ
«Алла Тағала игілік істеушілерді жақсы көреді», – деп айтқан кезде, Хусейн орнынан тұрып, құлдың иесіне барып, оны сатып алып, басына бостандық сыйлаған екен.
Хакім Абайдың: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» деп айтқанындай, біз де бойымызда осындай игі сипаттар қалыптастыруға тырысуымыз қажет.
Үшінші: Алла Тағалаға сыйыну
Ашу шайтанның азғыруынан болғандықтан, мұсылман адам ашу кернегенде Алла Тағалаға сыйынып, шайтанның зияндығынан сақтауды сұрап, Алла Тағаладан жәрдем тілеуі тиіс. Сүлеймен ибн Сурадтан (Алла оған разы болсын) мынадай хадисті жеткізген:
كُنْتُ جَالِسًا مع النبيِّ صَلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ ورَجُلَانِ يَسْتَبَّانِ، فأحَدُهُما احْمَرَّ وجْهُهُ، وانْتَفَخَتْ أوْدَاجُهُ، فَقالَ النبيُّ صَلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ: إنِّي لَأَعْلَمُ كَلِمَةً لو قالَهَا ذَهَبَ عنْه ما يَجِدُ، لو قالَ: أعُوذُ باللَّهِ مِنَ الشَّيْطَانِ، ذَهَبَ عنْه ما يَجِدُ
«Бірде Пайғамбармен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге отырғанда, екі адамның бір-бірімен ұрысып жатқанын байқадық. Бірінің жүзі қызарып тамырлары ісініп кеткен екен. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен сондай бір сөзді білемін, егер ол сол сөзді айтар болса, ашуы тарқар еді. Егер ол «Әъузу билләһи минәш-шәйтан»[1] десе, ашуы тарқар еді», – деді» (имам Бұхари, Мүслим).
Төртінші: Үндемеу және жағдайды өзгерту
Адам баласы ашу қысқанда өзін ұстап, артық сөз айтудан, шешім қабылдаудан аса сақ болуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
وَإذَا غَضِبَ أَحَدُكُم فَلْيَسْكُت
«Егер сендердің қайсыбірің ашуланар болса, үндемесін», – деген (Ахмад).
Ашу қысқан адамға Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір өсиет еткен ісі – жағдайын өзгерту. Ол турасында хадисте:
إِذَا غَضِبَ أَحَدُكُمْ وَهُوَ قَائِمٌ فَلْيَجْلِسْ فَإِن ذَهَبَ عَنْهُ الْغَضَبُ وَإِلاَّ فَلْيَضْطَّجِعْ
«Егер қайсыбірің ашуланғанда тұрып тұрған болса, отырсын. Ал егер ашуы тарқамаса, жатсын», – деген (имам Ахмад, Әбу Дәуід).
Егер оған да ашу басылмаса, адам баласы дәрет алуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِنَّ الْغَضَبَ مِنْ الشَّيْطَانِ وَإِنَّ الشَّيْطَانَ خُلِقَ مِنْ النَّارِ وَإِنَّمَا تُطْفَأُ النَّارُ بِالْمَاءِ فَإِذَا غَضِبَ أَحَدُكُمْ فَلْيَتَوَضَّأْ
«Расында, ашу – шайтаннан, шайтан болса оттан жаралған. Расында, от сумен өшіріледі. Егер қайсыбір адам ашуланатын болса, дәрет алсын», – делінген (Ахмад, Әбу Дәуід).
Қисса
Бірде хазіреті Омарға (Алла оған разы болсын) бір түздік араб келіп: «Әй, Хаттабтың ұлы! Алламен ант етейін, сен бізге не кеңдік жасамадың, арамызда әділдік танытпадың!» – деп дау шығарады. Мұны естіген Омар қатты ашуланып, әлгі түздік арабты орнына қойғысы келгенде, Омардың қасында отырған Хур ибн Қайс: «Уа, мүминдердің әміршісі! Расында Алла Тағала Пайғамбарына
خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ
«Кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ білімсіздерден бет бұр», – деді ғой. «Бұл адам да білімсіздерден екен», – дейді. Осы сөзді естігеннен кейін Омар (Алла оған разы болсын) сабыр етіп, оны кешіп жіберді.
Қадірменді жамағат!
Күш-қуаты асып-тасыған, нағыз ер жүрек, батыр емес, нағыз мықты – ашу-ызасына ұстамдылық танытып, Алла тарапынан келген кез келген сынаққа сабыр ете білген адам. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَيْسَ الشَّدِيدُ بِالصُّرَعَةِ، إِنَّمَا الشَّدِيدُ الَّذِي يَمْلِكُ نَفْسَهُ عِنْدَ الغَضَبِ
«Біреуді жерге жығып, жеңіске жеткен адам мықты емес, нағыз мықты – бойындағы ашуына ұстамды бола білген кісі», – деген (имам Бұхари).
Алла бізді тура жолдан тайдырмай, ашуы мен нәпсісін ақылы мен иманына жеңдірген қайырлы үммет болуымызды нәсіп еткей!
[1] Аллаға шайтаннан сыйынамын.