КІШІПЕЙІЛДІК – ДІНІМІЗДІҢ НЕГІЗІ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!

Адамның дүние тіршілігінде құрметін арттырып, ақыреттік бақытқа кенелуіне себепші болатын сипаттардың бірі – кішіпейілдік. Кішіпейілдік дегеніміз – өзгелерді менсінбеуден аулақ болу немесе адамдарға жоғарыдан қараудан сақ болып, атақ сүйгіштікті, басқалардың өзін көтермелеп, құрметтеуін ұнатпай, керісінше оларды сыйлауда ыждағаттылық, мейірімділік таныту. Алла Тағала қасиетті Құранның «Фұрқан» сүресіндегі 63-аятта:

وَعِبَادُ الرَّحْمَنِ الَّذِينَ يَمْشُونَ عَلَى الأَرْضِ هَوْنًا

«Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілдікпен жүреді», – деп айтқан. Аяттағы «һәунун» сөзіне ғалымдарымыз: жұмсақтық, кішіпейілділік, тыныштық деген мағыналар берген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّ اللَّهَ أَوْحَى إلَيَّ أَنْ تَوَاضَعُوا حَتَّى لا يَفْخَرَ أَحَدٌ عَلَى أَحَدٍ ، وَلا يَبْغِي أَحَدٌ عَلَى أَحَدٍ

«Расында Алла Тағала: «Кішіпейіл болыңдар. Тіпті, ешбіреуің екінші біреуге мақтанбасын әрі ешкім ешкімге жәбір көрсетпесін», – деп маған уахи етті», – деген (имам Мүслим).

Ата-бабаларымыз да: «Ұлық болсаң – кішік бол» немесе «Кішіпейіл болғанмен, кішірейіп кетпейсің, өркөкірек болғанмен, ұлылыққа жетпейсің» деп, кішіпейілдіктің маңыздылығы турасында айтқан. Махмұд Қашқари бабамыз «Кісілік пен кішілік – ұлылықтың белгісі», – деген екен.

Ыбырай Алтынсарин бабамыз өзінің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегінде кішіпейілдікті былай деп түсіндірген: «Әркімге лайық өзін-өзі жоғары тұтпай бәлки жамиғ жұрттан төменмін деп білмек. Бұл сөздің түсінікті мағынасы сол, хаким болсаң өзіңді зор тұтып, бөтенді қор тұтпай әділ болмақ һәм әр бейшараны аяп, рахыммен сөздерін тыңдамақ. Оқымысты болсаң білімсіп басыңды жоғары көтермей, бәлки надан ағайыныңды аяп, білмегенін үйретіп тура жолға салуға тырыспақ. Бай болсаң баймын деп менменсінбей, бай еместерді аяшуы болмақ. Осы мінездерді тауадуғ деп атайды». Осылайша Ыбырай Алтынсарин бабамыз кішіпейілдікті жан-жақты мысалдар келтіре отыра түсіндіріп, оның хадисте келген атауы «әт-тәуәдуғу» екендігін айтқан.

Осы айтылғандай мұсылман адам әрдайым кішіпейіл болып жүруге өзін тәрбиелеуі қажет. Ол үшін әрбір мұсылман кішіпейіл адамның бойындағы негізгі сипаттарды білуіміз қажет. Олар мынадай:

Бірінші: Тәкаппарлықтан ада болу

Кішіпейіл адам қаншалықты атақ, мансап, дәрежеге жетсе де ешуақыт тәкаппарлық, менмендікке салынбайды. Жемісті талдың жемісі көбейген сайын, оның бұталары иіле түсетіндігі сияқты ол да атақ-дәрежесі өскен сайын өзін өзгелерден төмен ұстауға тырысады. Ал Алла Тағаланың берген нығметіне шүкір етпей, сол арқылы өзін өзгелерден жоғары көріп, өркөкіректікке салыну жақсы іс емес. Ахмед Иүгінеки бабамыз бұндайда: «Кішіпейілдің – абыройы асар, тәкаппардың – құты қашар», – деген.

Әдетте тәкаппар адамның бойында өзгелерді менсінбеу, дөрекі сөйлеу, өзгелердің оған құрмет көрсетуін жақсы көру, ақыл-кеңеске құлақ аспау сияқты сипаттар пайда болады. Ібілістің де лағынетке ұшырауына оның такаппарлығы себеп болғандығы турасында Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 34-аятында:

وَإِذ قُلنَا لِلمَلَٰئِكَةِ ٱسجُدُواْ لِأدَمَ فَسَجَدُواْ إِلَّا إِبلِيسَ أَبَىٰ وَٱستَكبَرَ وَكَانَ مِنَ ٱلكَٰفِرِينَ

«Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде етіңдер» дедік. Сонда олар дереу сәжде етті. Бірақ Ібіліс бас тартыптәкаппарланып қарсы келушілерден болды», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ مَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ ذَرَّةٍ مِنْ كِبْرٍ 

«Жүрегінде мысқалдай тәкаппарлығы бар адам жәннатқа кірмейді», – деген (имам Мүслим).

Алла Тағала қасиетті Құранның «Лұқман» сүресі, 18-аятында Лұқман Хакимның өзінің ұлына:

وَلاَ تُصَعِّرْ خَدَّكَ لِلنَّاسِ وَلاَ تَمْشِ فِي الأَرْضِ مَرَحًا إِنَّ اللهَ لاَ يُحِبُّ كُلَّ مُخْتَالٍ فَخُورٍ

«Адамдардан жүзіңді кері бұрма әрі жер бетінде кердеңдеп жүрме. Ақиқатында, Алла әрбір өркөкіректі әрі мақтаншақты жақсы көрмейді», – деп, өсиет айтқандығын баяндаған.

Қисса

Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) бір күні арқасына үлкен әрі ауыр, кір қапты арқалап Мәдинаның ең үлкен көшелерімен әрең жүріп бара жатады. Оны көрген ұлы Абдулла жүгіріп келіп: «Әке, мұныңыз қалай? Халиф деген атыңыз бар, қапты көтеретін адам таппадыңыз ба?» – деп сұрайды. Сонда хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Балам, қапты көтеретін адам таппай қалғанымнан емес. Бір мезетке нәпсімнің тәкәппарлығы бой беріп, өзін өзгеден жоғары көргенін сезініп қалдым. Соны қайта жерге түсіру үшін (нәпсімді тәрбиелеу үшін) осылай істеуім керек болды», – деп жауап берген екен.

Екінші: Қарапайым болу

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзаттың асыл ұстазы, Алла Тағаланың ең сүйікті құлы бола тұра, адамдардың ең кішіпейілдісі еді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге отырғанда кішіпейілдігі мен қарапайымдығы себепті, сырттан келген бөтен кісі қайсы адам пайғамбар екендігін ажыратып білмейтін. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) адамдар: «Алла Елшісі үйде не істейтін еді?» – деп сұрағанда, Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Әдетте ол кісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз жанұясының қызметінде болатын. Ал егер намаздың уақыты кірсе, намазға шығып кететін еді», – деп жауап берген болатын (имам Мүслим).

Әнас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын):

إنْ كَانَتْ الأمَةُ مِنْ إمَاءِ الْمَدِينَةِ لَتَأْخُذُ بِيَدِ النَّبِيِّ  فَتَنْطَلِقُ بِهِ حَيْثُ شَاءَتْ

«Расында, Мәдинаның кез келген кішкентай баласы Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолынан жетектеп, қалаған жағына алып кете алатын (яғни Пайғамбар сондай кішіпейіл, жұмсақ жан еді)», – деген (имам Бұхари). 

Алла елшісінің тәрбиесін көрген сахабалары да сондай кішіпейіл әрі қарапайым еді.

Қисса

Хазіреті Әбу Бәкір халифа болмай тұрып Синх аймағындағы халықтың қойларын сауып, оларға жәрдемдесетін. Ол халифа болып тағайындалған кезде көрші аймақтағы бір күңнің: «Сірә, Әбу Бәкір бұдан кейін біздің қойларымызды саумас», – дегенін естиді. Сонда Әбу Бәкір: «Керісінше, мен бұдан кейін де қойларыңызды сауа беремін. Мойныма алған бұл жауапкершілік мінез-құлқым мен әдеттерімді өзгертпейді», – деп қой саууды Мәдинаның орталығына көшкенге дейін алты ай бойы жалғастырған екен. 

Хазіреті Омар да (Алла оған разы болсын) мүминдердің әміршісі бола тұра өте қарапайым адам болған еді. Өзге елден келген елшілер, Хазіреті Омардың құрма ағашының түбінде, көлеңкеде тасқа жантайып демалып жатқанын көріп таң қалатын. Мұқтаж жандарға көмек апарар кезде астық толы қаптарды арқасына салып өзі көтеретін. Сонда адамдар: «Сіз мүминдердің әміршісі емессіз бе, бізге беріңіз, біз көтерейік», – десе: «Жоқ, қияметте сендер менің күнәларымды көтермейсіңдер ғой», – деп жауап беретін. Тамақтанғанның өзінде дастарқаны өте қарапайым болатын. Оған адамдардың жаны ашып, неліктен бұлай тамақтанатындығын сұрағандарға: «Алланың атымен ант етейін! Біз бұл өмірдің ләззаттарына берілмейміз. Егер бір қозы сойылып, одан дәмді тағамдардың пісіріліп, жүзімнен сусындар дайындалып дастарқаныма әкелінуін бұйырсам, әрине, бұл болар еді. Бірақ мұндай ләззаттардың қарымын о дүниеге қалдырғым келеді. Ертең қияметте: «Сен барлық тамаша нығметтеріңді осы дүниеде тауысып бітіріп, ләззатын таттың», – деп айтылуынан қорқамын. Мен Алланың берген нығметтерін бұл дүниеде тауысқым келмейді», – дейтін.

Үшінші: Жасанды кішіпейілдіктен сақ болу

Кішіпейілдіктің мынадай екі түрі бар:

  • Шынайы кішіпейілдік. Шынайы жүрегімен адамдарға жоғарыдан қараудан өзін тыйып, оларды кемсітуден сақ болу шынайы кішіпейілдікке жатады.
  • Жасанды кішпейілдік. Қалталы не мансапты адамның алдында дүниелік мақсатта жалтақтап, өзін кішіпейіл етіп көрсету, жағыну үшін кішірею. Өзі турасында өзге адамдар «кішіпейіл адам» деп айтсын деген ниетпен кішірею де осыған жатады. Шынайы кішіпейілдік адамның жүрегінде орын алып, ол оның сөйлеген сөзі, іс-әрекетінен көрініс табады. Ал жасанды кішіпейілдік көрсетуші, жүрегінде жоқ кішіпейілдікті денесімен көрсетуге тырысады.

Хакім Абай мұндай кішіпейілдікке: «Жасанды кішіпейілділік жақсы қасиет емес», – деп баға берген. Бір данышпан: «Жалған кішіпейілдікте тура тәкаппарлық сияқты жиіркенішті нәрсе», – деген екен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَمَا تَوَاضَعَ أَحَدٌ لِلَّهِ إلا رَفَعَهُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ

«Егер бір адам Алла үшін кішірейетін болса, Ұлы Алла міндетті түрде оның дәрежесін көтереді», – деген (имам Мүслим).

Хадисте «لِلَّهِ» яғни «Алла үшін кішірейетін болса» деп келуі тегін емес. Себебі адамның кішіпейлдік танытуы – өзгелер оны кішіпейіл деп айтсын деген ниетте емес, бір Алланың ризалығы үшін болуы қажет. Сонда ол шынайы кішіпейіл болғаны. 

Ал енді өзінен мансапты адамды көрген кезде ғана кішіпейілдену – шынайы кішіпейілдік емес. Сол себепті де Абдулла ибн Мубарак: «Кішіпейілдіктің шыңы – дүние тұрғысынан өзіңнен төмен адамды көргеніңде, дүние арқылы адамдар бір-бірінен артық не кем болмайтындығын білдіртуің үшін өзіңді одан төмен ұстауың. Дүние тұрғысынан өзіңнен бай адамды көрсең, дүниелік мәселеде адамдардың дәрежесі бір-бірінен биік саналмайтындығын көрсетіп, басыңды көтеруің», – дейді.

Төртінші: Насихат айтылғанда құлақ асу

Кішіпейіл адамның ерекшеленетін тағы бір сипаты – өзіне насихат айтылғанда еш көңіліне алмай, ренжімей, ризалықпен қабыл етеді. Ал шынайы ниетімен насихат айтылғанда менсінбеушілік танытып, ол адамды ұнатпау тәкаппар адамның сипаты. Алла Тағала қасиетті Құранда Салих пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) өзінің қауымына:

يَا قَوْمِ لَقَدْ أَبْلَغْتُكُمْ رِسَالَةَ رَبِّي وَنَصَحْتُ لَكُمْ وَلَكِن لاَّ تُحِبُّونَ النَّاصِحِينَ

«Уа, қауымым! Расында мен сендерге Раббымның бұйрығын жалғастырдым және сендерге насихат айттым, бірақ сендер насихат етушілерді жақсы көрмедіңдер», – дегенін айтқан («Ағраф» сүресі, 79-аят).

Ілгеріде өткен ізгі адамдар өздеріне насихат айтқан адамға: «Менің ақыретім үшін алаңдаушылық білдіргеніңіз үшін сізге Алла разы болсын!» – деп, ондай адамдарға өз алғысын білдіретін болған.

Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Адам баласының  күнәһар болуы үшін бауыры оған «Алладан қорық» деп насихат айтқанда: «Алдымен өзіңді жөндеп ал» деуі жеткілікті», – деген.

Әрине кемшілігін айтқан ешкімнің нәпсісіне ұнамасы анық. Алайда Алланың ризалығын көздейтін, жақсылыққа өзгеруді қалаған адам, оның кемшілігін айтып, түзелу үшін тура жолды нұсқаған адамның насихатын дұрыс қабылдай білуі керек. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Менің айыбымды өзіме сыйға тартқан адамды Алла Тағала мейіріміне бөлесін», – деген екен. Бұл сөздеріне мән берер болсақ хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) біреу оған айыбы айтылғанда, оны өзіне жасалған сый ретінде қабылдағанын аңғарамыз.

Қадірменді жамағат!

Кішіпейілдік – бұл дүниеде ғана емес, адамның екі дүниеде дәрежесінің көтерілуіне, қияметте мол сауапқа кенелуіне себепші болатын іс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا نَقَصَتْ صَدَقَةٌ مِنْ مَالٍ ، وَمَا زَادَ اللَّهُ عَبْدًا بِعَفْوٍ إلا عِزًّا ، وَمَا تَوَاضَعَ أَحَدٌ لِلَّهِ إلا رَفَعَهُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ

«Садақа еш уақытта байлықты азайтпайды, өзгелерді кешірумен Алла құлының даңқын арттырады. Алла үшін кішіпейілдік танытқан пендені, Ұлы Алла әлбетте жоғарылатады», – деп айтқан (имам Мүслим).

Алла Тағала баршамызды тәкаппарлық атаулыдан сақтап, кішіпейіл құлдары қатарынан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі