Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай өткен І халықаралық Құран жарысын жеребе бойынша бірінші болып Кувейт мемлекетінен келген қари Абдулазиз әл-Мажабел бастаған еді. Кейін кувейттік қари да жарыс жөнінде «Мұнара» газетіне пікір білдірді.
«Қазақстан жерінде алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа қатысқаныма қуаныштымын. Мен Қазақстанға алғаш рет келдім және қазақтардың қонақжайлығына қатты риза болдым. Жарыстың жоғары деңгейде өтуі өз алдына, бізді әуежайдан күтіп алғаннан бастап, аяғымызды жерге тигізбеді. Бәрі жүйелі түрде ұйымдастырылды. Осы орайда қонақжайлық танытқан баршаңызға алғысым шексіз, Алла Тағала сауаптан жазсын!
Жарысқа келгендіктен Қазақстанды толықтай шарлау мүмкін болмады. Әйтсе де зәулім мешіті, Құранға ықыласты жамағатты көріп, қуанып қалдық. Құранды кез келген жаста және қай саланың маманы болсаңыз да жаттауға мүмкіндік бар. Яғни Құран жаттау үшін дін қызметкері болу шарт емес. Өзім мұнай өнімдерін тасымалдау компаниясында жұмыс істеймін. Құранды бала күнімнен бастап, 21 жасымда толық жаттадым. Бұған дейін Хорватияда және өз елім Кувейтте өткен халықаралық Құран жарысында бақ сынадым» дейді жарысқа қатысушы қари Абдулазиз әл-Мажабел.