Медресе-колледж шәкірттері арасында DINTELLECT интеллектуалдық білім сайысы өтті

ҚМДБ Жамбыл облысы Жастар ісі секторына жауапты маман Есет Тұрдыбайұлының ұйымдастыруымен «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінде 1, 2, 3 курс студенттері арасында DINTELLECT  интеллектуалдық білім сайысы өтті. Білім додасында аталған оқу орнының директоры әрі ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, директордың орынбасары Бақтияр Амиреев, ұстаз Дархан Тастанбеков әділ қазы алқасының құрамында жүйріктерді анықтаса, Есет Таласбаев модераторлық етті.

Сайысқа әрқайсысы 5 қатысушыдан тұратын 5 топ қатысты. Тартысты әрі қызыққа толы өткен сайыста жеңімпаздарды анықтау оңайға соқпады. Нәтижесінде, үздіктер анықталып, төмендегі топтар жүлделі болды. 

І орынды «Ашғарилар» мен «Шәкірттер тобы» иеленіп, жеңімпаз атанды. Ал ІІ орын «Матурудилер» тобына бұйырса, ІІІ орынды «Ханафи» тобы місе тұтты. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталып, алғыс хаттармен марапатталды. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі