НҰРСҰЛТАН РЫСМАҒАНБЕТҰЛЫ АУДАНДАРДА

Исламтанушы, ұстаз Нұрсұлтан Рысмағанбетұлының Сыр өңіріне сапары Байқоңыр қаласында және Қазалы, Арал аудандарында жалғасын тапты.

Сапар барысында Байқоңыр қалалық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен рухани кездесу өткізіліп, 600 адамға «Пайғамбар өмірінен өнеге» тақырыбында насихат жүргізілсе, «Жәрімбет» мешітінде «Бауырмашылдық» тақырыбында уағыз айтылды.

Ал Қазалы аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешітінде өткен кездесуге 2000-нан астам жамағат жиналып, ұстаздың «Ислам және ізгі қоғам» тақырыбындағы насихатын тыңдаса, Арал аудандық орталық мешітіндегі кездесуге 1500 адамның қатысты.

Сонымен қатар, елімізге белгілі исламтанушы жат діни ағымдардың арбауына түсуден сақтану үшін дұрыс білім алу қажеттігін түсіндірді.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен жүздесулерге қатысқан жандар алған әсерлерімен әлеуметтік желіде бөлісіп, ұйымдастырушыларға ризашылығы мен ұстазға деген толассыз тілектерін жеткізуде, алдағы уақытта да осындай игі шаралардың жиі өткізілуін сұрауда.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі