ДЕНСАУЛЫҚ – БАҒА ЖЕТПЕС НЫҒМЕТ

Алла Тағаланың бізге берген нығметі өте көп. Тіпті оны санап тауыса алмаймыз. Бұл туралы Құранда: «Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына жете алмайсыңдар» («Ибраһим» сүресі, 34-аят) деп баяндалған. Нығмет сөзінің мағынасы тереңде жатыр. Алланың бізге берген нығметтерін үш түрге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – дүние істеріне (тыныштық, денсаулық, мал-мүлік т.б.) қатысты нығметтер. Екіншісі – дін істеріне (жақсы амал, білім, тақуалық, Алланы тану т.б.) қатысты нығметтер. Үшіншісі – ақырет ісіне (жасалған аз ғана амалға берілетін шексіз мол сауап) қатысты нығметтер.

Осы нығметтердің ішінде денсаулық жайлы, оны күту мен нығайту жайлы ой-пікірімізді ортаға салуды жөн көрдік. Расында денсаулық – баға жетпес байлық. Біз көп жағдайда денсаулықтың қадірін ауырғанда білеміз. Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак қолын Ибн Омардың (Алла оған разы болсын) иығына қойып: «Бұл дүниеде бөтен адам немесе жолаушы секілді бол», – деген өсиетін айтады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы өсиетін естіген Ибн Омар (Алла оған разы болсын) үнемі: «Кешті батырсаң таңды күтпе, таңды атырсаң кешті күтпе. Ауру келгенше денсаулықтың қадірін біл. Өлім келгенше өміріңнің қадірін біл», – деп қайталап жүреді екен. Біз бұл оқиғадан ауру келгенше денсаулықтың қадірін білудің маңызын түсінеміз. Осы ретте денсаулықты нығайтудың жолдары жайлы айтып өтсек.

Дұрыс тамақтану. Біздің қазақта «Ауру – астан…» деген қанатты сөз бар. Қазір дұрыс тамақтанбаудың салдарынан көптеген ауру түрі пайда болды. Дәрігерлер кешкі алтыдан кейін тамақ ішпеуге кеңес береді. Алайда көп жағдайда дәрігерлердің кеңесіне құлақ аса бермейміз. Түнгі уақытта тынығып алуды қалайтынымыз рас. Алайда тәніміздің, ағзаларымыздың да тынығуына мұрша бермейміз. Асылында біздің ағзамыз да демалуы тиіс.

Өкінішке қарай ұйқыға жатар алдында асқазанымызды тамаққа толтырамыз. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамақтану әдебіне қатысты: «Ешқандай адам асқазанынан асқан қатерлі ыдысты толтырмаған. Әлбетте, кісіге өзін еркін сезінуі үшін азырақ тамақ жетеді. Алайда адамның тойып жеуі қажет болса, онда асқазанының үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға, ал қалғанын тыныс алуға қалдырсын», – деген хадисі бар.

Мөлшерінен артық тамақ жеу семіздік дертіне шалдықтырады. Қазір ауруханаға қандай шағыммен барсаң да дәрігерлердің ең бірінші беретін кеңесі – семіздіктен арылу. Артық салмақ ауру шақырады. Әсіресе дәрігерлер жоғары қан қысымы бар адамдарға: «Егер сіз артық салмақтан арылсаңыз, қан қысымы өздігінен қалпына келеді», – деген кеңесін талай естідік. Сондықтан артық салмақтан арылудың бірден-бір жолы – сүннетке сай тамақтану.

Спортпен шұғылдану. Спорт – денсаулық кепілі. Өзім тұрақты түрде спортпен шұғылданып тұрамын. Осы кездерде байқағаным, спортпен шұғылданған күні жұмыста сергек жүремін, шаршау, ұйқы қысу сынды нәрселер болмайды. Дене қозғалысы қанның қалыпты айналуына тікелей әсер етеді. Ең қарапайым әрі ең пайдалы жаттығу – жаяу жүру. Жапондар жаяу жүруді күнделікті әдетінің біріне айналдырған екен. Ең ұзақ өмір сүру статистикасы бойынша жапондар – алдыңғы елдер қатарында. Жаяу жүру қалыпты жүрек қағысына да оң әсер ететінін ұмытпаған абзал.

Ерте тұру. Ерте тұру адам өміріне де, денсаулығына да өте пайдалы. Таңғы уақыттың берекесі бар. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Таңғы уақытта менің үмбетіме береке бер», – деп дұға жасаған. Тағы бір хадисінде: «Таң намазын оқығаннан кейін күн шыққанға дейін ырыс-несібеңізді табудан қапы қалып, ұйықтамаңдар», – делінген. 

Таңертең ерте тұру кешке ерте ұйықтауға көмектеседі. Ұйқысы дұрыс болған адамның денсаулығы да жақсарады. Ұжымда бір қызметкер бар. Өткен жолы оның денсаулығы туралы әңгімелесіп қалдық. Айтуынша, жоғары қан қысымы үнемі мазалайды. Әсіресе түнгі ұйқысы шала болса, ертесіне күні бойы жоғары қан қысымымен жүреді екен. Сол қызметкер сөз арасында: «Дәрігерлер ерте ұйықтап, ерте тұруға кеңес берді. «Ұйқыны дұрыстамасаң, қан қысымың дұрысталмайды», – деп айтты», – деп қалды. Оның сөзінен ұққаным, дұрыс ұйқы денсаулықтың дұрысталуына тікелей әсер етеді.

Ерте ұйықтап, ерте тұру семіздікті болдырмайды. Медицина мамандары түн ортасына дейін ұйықтамаған адамның ағзасында алмасу процестері бұзылады. Мұның салдары тез салмақ жинауға әкеп соғады екен. Ұйқысына дұрыс көңіл бөлген адамның қан қысымы көтерілмейді. Шала ұйқыдан ең бірінші бауыр зардап шегеді. Ұйқысы қанбаған адамның ойы да орнықты болмайтыны рас қой. Ұйқысы дұрыс болмаған адамның бойын шаршау, мазасыздық билейтіні содан.

Денсаулыққа зиян әдеттерден алыс болу. Алла Тағала адам баласын ең көркем бейнеде жаратқан. Бұл туралы Құранда: «Ақиқатында Біз адам баласын көркем бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят) деп баяндалған. Осы аятқа тәпсір жазған Мұхаммед Али ас-Сабуни «Тәпсірлердің таңдаулысы» кітабында: «Шүбәсіз, Біз адам баласын ең кәміл және ең көркем сипаттар белгілеп, ең көркем түрде жараттық. Яғни, түр-сипаты көркем, бойы түзу, ағзалары бір-біріне келісті; білім, түсіну қабілеті, ақыл, жақсылық пен жамандықты айыра білу, сөйлесу және әдеп сипаттарымен безендіріп, жараттық», – деп келтірген.

Иә, Алла бізге ақыл мен сана берді. Рухтың уақытша мекендейтін орны тән болғандықтан, адамның тәні – Алланың аманаты. Ал аманатқа қиянат жасамау – мұсылманның асыл міндеті. Алайда адам баласы өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп жатқанына мән бермейді. Ал Алла Тағала: «Өз-өздеріңді (өз қолдарыңмен) қауіп-қатерге тікпеңдер» («Бақара» сүресі, 195-аят) деп ескертеді. Аяттың мағынасында адам баласының өзін өлімге душар етуіне Раббымыз тыйым салған. Егер адам өз өліміне себеп болатын зиянды, улы нәрселерге жол берсе, онда оның ақырғы дүниедегі жағдайы да дұрыс болмайды. 

Хақ Тағала Құранда денсаулыққа аса зиян болған арақ сынды жаман әдеттерге ашық тыйым салған. Бұл туралы қасиетті кітабымызда: «Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер – шайтанның істерінен. Сондықтан олардан сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Расында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілікті орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма? Аллаға мойынсұныңдар әрі Оның елшісіне мойынсұныңдар һәм сақ болыңдар! Ал егер кері кетсеңдер, біліңдер, Елшіміздің бар міндеті анық жеткізу ғана» («Маида» сүресі, 90-92 аяттар) деп ескертілген.

Темекі, арақ, есірткі, қазіргі таңда пайда болған түрлі ішімдіктер мен газды сусындар адам ағзасына орасан залал тигізуде. Кейбір адамдар газды сусындарға, темекі мен насыбайға кәдімгідей тәуелді. Өкінішке қарай зиянды нәрселерге тәуелді болып қалғандар ауыр хәлде ауруханаға жатқызылған кезде ғана жаман әдетінен арылуға бел буады. Алайда бұл шешім оның өмірі мен денсаулығы үшін өте кеш екенін түсінеді. Алла Тағала Құранда өзіне зиян шектірген құлдарына сонда да күдер үзбеуді насихат етеді. Бұл туралы: «(Уа, Мұхаммед! Оларға менің сөзімді жеткіз): «Күнәға батып, өз-өзіне жамандық жасауда шектен шыққан құлдарым! Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер! Өйткені, Алла барлық күнәні кешіреді. Расында Ол өте кешірімді, ерекше мейірімді» («Зүмәр» сүресі, 53-аят) деп баяндалған.

Алла Тағала баршамызға өзімізге аманат етіп берілген жанымыз бен тәнімізге қиянат жасамай, бақытты ғұмыр кешуді нәсіп еткей. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №10, 2023 жыл