БАС МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰРАН ЖАРЫСЫНЫҢ ӘДІЛҚАЗЫ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ (ФОТО)

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Астана қаласында 1-2-қараша күндері Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күніне орай тұңғыш рет өтетін І халықаралық Құран жарысының әділқазы мүшелерімен кездесті.

Кездесуге Осман Сахин (Түркия), Жахонгир Нематов (Өзбекстан), Махер Фарамауи (Мысыр Араб Республикасы), Абдулла Әли Әлхашми (Біріккен Араб Әмірілігі) және әділқазылар алқасының төрағасы Ерсін Әміре қатысты. Діни басқарма төрағасы шетелдік меймандарға алғысын білдіріп, маңызды жарыс жайлы айтып өтті.

«Ең алдымен Қазақ еліне қош келдіңіздер. Шақыртуымды қабыл алып келгендеріңізге ризашылығымды білдіремін. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ең үлкен іс-шарасының бірі – халықаралық Құран жарысы. Аталған жарысқа әлемнің 27 елінен үміткерлер келді. Ең мықты деген қарилар бақ сынағалы тұр. Сондықтан бұл ретте салмақ та, күш те сіздерге түсетіні анық. Қара қылды қақ жарған әділ шешімдеріңізбен елді қуанту нәсіп болсын. Сіздер, әрине, мұндай үлкен жарыстардың белортасында болдыңыздар. Әлемдегі көптеген мұсылман мемлекеттері Құран жарыстарын өткізіп келеді. Дегенмен Қазақ елі де мұндай айтулы жарысты биыл алғаш рет қолға алып отыр. Бұған дейін жыл сайын республикалық ерлер мен қыздар арасында Құран байқаулары өткізіліп келді. Жуырда Ақтау қаласында ХІІ Республикалық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан жарыс өтті. Төрешілік жасауда Алла жар болсын сіздерге. Меймандос, қонақжай Қазақ еліне қош келдіңіздер» деді Бас мүфти.

Кездесу барысында шетелдік әділқазылар қазақ жерінде өтіп жатқан мұндай айтулы жарысқа қазылық ету үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін білдіріп, жылы лебіздерін жеткізді. Жиын барысында наиб мүфти Ершат Оңғар халықаралық Құран жарысының ережесі туралы толық баяндап өтті.