МҰСЫЛМАННЫҢ КЕЛБЕТІ ҚАНДАЙ БОЛУ КЕРЕК?

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

        Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

Мұсылман адам Жаратушының алдында міндетті болған құлшылық-ғибаттарын орындаумен қатар, күнделікті өмірде жүріс тұрысында, келбетінде асыл дініміз талап ететін ізгі сипаттарға сай болуы қажет. Қасиетті Құранда Алла Тағала иман еткен жандарды түрлі ізгі сипаттармен сипаттаған. Мысалға,  қасиетті Құрандағы «Әли Имран» сүресінің 133-134-аяттарында Алла Тағала:

      وَسَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَاوَاتُ وَالأَرْضُ أُعِدِّتْ لِلْمُتَّقِينَ.الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей жәннатына жарысыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзірленген. Олар – (тақуалар) кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал сарп қылғандар. Сондай-ақ ашуларын жұтушылар, адамдарды кешірім етушілер. Алла игілік істеушілерді жақсы көреді», – деген. 

Бұл аяттарда Алла Тағала мүминдерге Оның жарылқауы мен жәннаты тақуалар үшін әзірленгенін баяндап, кейін мүминнің келбетіне тән сипаттарды баяндап, олар таршылықта да, баршылықта да қолында барымен өзгелерге жәрдем беретінін, ашуларын ұстай алып, өзгенің кемшілігіне кешіріммен қарайтынын айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де мұсылманның келбетіне тән түрлі сипаттар айтылған. Мысалы, хадис шәріпте:

        الْمُسلِمُ مَنْ سَلِمَ الْمُسلِمُونَ مِنْ لِسَانِهِ وَيَدِهِ

«Нағыз мұсылман – өзгеге қолымен детілімен де зиян тигізбеген адам», – делінеді.

Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде мұсылман адамның келбеті деп танылатын ізгі сипаттар көп. Бүгінгі уағызымызда мұсылманның келбетін, адамершілік ұстанымы деп танылатын кейбір негізгі сипаттарға тоқаталамыз:

Бірінші: Мұсылман адам өте кішіпейіл

Мұсылманның келбетіне тән маңызды сипаттардың бірі – кішпейілдік. Кішіпейілдік дегеніміз – өзгелерді менсінбеу немесе адамдарға жоғарыдан қараудан сақ болып, атаққұмарлықты, басқалардың өзін көтермелеп, құрметтеуін ұнатпай, керісінше оларды сыйлауда ыждағаттылық таныту. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Фурқан» сүресінің 63-аятында:

وَعِبَادُ الرَّحْمَنِ الَّذِينَ يَمْشُونَ عَلَى الأَرْضِ هَوْنًا

«Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілдікпен жүреді», – деп айтқан. Аяттағы «һәунун» сөзіне ғалымдарымыз: жұмсақтық, кішіпейілдік, тыныштық деген мағыналар берген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّ اللَّهَ أَوْحَى إلَيَّ أَنْ تَوَاضَعُوا حَتَّى لا يَفْخَرَ أَحَدٌ عَلَى أَحَدٍ ، وَلا يَبْغِي أَحَدٌ عَلَى أَحَدٍ

«Расында Алла Тағала: «Кішіпейіл болыңдар. Тіпті, ешбіреуің екінші біреуге мақтанбасын әрі ешкім ешкімге жәбір көрсетпесін», – деп маған уахи етті», – деген (имам Муслим).

Кішіпейіл адам қаншалықты атақ, мансап, дәрежеге жетсе де ешуақыт тәкаппарлық, менмендікке салынбайды. Жемісті талдың жемісі көбейген сайын оның бұталары иіле түсетіндігі сияқты ол да атақ-дәрежесі өскен сайын өзін өзгелерден төмен ұстауға тырысады. Ал Алла Тағаланың берген нығметіне шүкір етпей, сол арқылы өзін өзгелерден жоғары көріп, өркөкіректікке салыну жақсы іс емес. Ахмед Иүгінеки бабамыз бұндайда: «Кішіпейілдің – абыройы асар, тәкаппардың – құты қашар», – деген.

Ғалымдарымыз кішіпейілдікті мынадай екі түрге бөлген:        

1. Шынайы кішіпейілдік. Шынайы жүрегімен адамдарға жоғарыдан қараудан өзін тыйып, оларды кемсітуден сақ болу шынайы кішіпейілдікке жатады.

2. Жасанды кішпейілдік. Қалталы не мансапты адамның алдында дүниелік мақсатта жалтақтап, өзін кішіпейіл етіп көрсету, жағыну үшін кішірею. Өзі турасында өзге адамдар «кішіпейіл адам» деп айтсын деген ниетпен кішірею де осыған жатқызылады. Шынайы кішіпейілдік адамның жүрегінде орын алып, ол оның сөйлеген сөзі, іс-әрекетінен көрініс табады. Ал жасанды кішіпейілдік көрсетуші, жүрегінде жоқ кішіпейілдікті денесімен көрсетуге тырысады. Хәкім Абай бұндай кішіпейілдікке: «Жасанды кішіпейілділік жақсы қасиет емес», – деп баға берген. Бір данышпан: «Жалған кішіпейілдікте тура тәкаппарлық сияқты жиіркенішті нәрсе», – деген екен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

وَمَا تَوَاضَعَ أَحَدٌ لِلَّهِ إلا رَفَعَهُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ

«Егер бір адам Алла Тағала үшін кішірейетін болса, Ұлы Алла Тағала міндетті түрде оның дәрежесін көтереді», – деген (имам Муслим). Хадисте «лиллаһи» (لِلَّهِ) сөзі «Алла Тағаланың разылығы үшін, шынайы пейілімен кішіпейілдік таныту» дегенді білдіреді.

Екінші: Мұсылман адам рухани құндылықтарды дүниелік істерден жоғары қояды

Мұсылман адам иманды, арлы, намысты болып, ешуақыт дүниені рухани құндылықтардан жоғары көрмеуі тиіс. Ақтайлақ би бабамыз осыны өсиет қылып: «Алтының болса әсерленбе, арыңды сақта, арамдықтан аулақ бол, адалдықты жақта», – деген.

«Адам болам десең, арыңды ақшаға сатпа» делінген де аталы сөз бар. Осындай ұстанымда болу адамды түрлі күнәлі істерге түсуден сақтап, мақсатынан тайқымай, рухани кемел тұлға болуына ықпал етеді.

Мысалы, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басты мақсаты адамдарға Алла Тағаланың ақиқат дінін жеткізу болатын. Осы жолда дұшпандары тарапынан сан-түрлі қиыншылықтар көрді. Бүкіл айлалары іске аспаған дұшпандары, соңында ардақты Пайғамбарымызды дүниемен алдауға талпынып, «Қалағаныңды береміз. Дүние сұрасаң дүние, үйленуді қаласаң, ең сұлу әйелге үйлендірейік» деп ұсыныс айтады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы кезде: «Егер менің оң қолыма күнді, сол қолыма айды ұстатып, бұл жолымнан қайтуымды өтінсе де, мен бұл ісімнен бас тартпаймын», – деген еді.

Бұрынғы өткен пайғамбарлардың жолы да осындай болатын. Сүлеймен пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) күнге табынып, түрлі адасушылықтарға түскен Сәбә елінің патшайымы Билқис ханшайымның қауымын тура жолға шақырып, хат жолдайды. Сонда Билқис ханшайым Сүлейменнің өтінішінен жалтару үшін оған түрлі асыл бұйымдар мен қымбат сыйлықтар жібертеді. Алайда, Сүлеймен пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) оларға:

أَتُمِدُّونَنِ بِمَالٍ فَمَا آتَانِيَ اللَّهُ خَيْرٌ مِمَّا آتَاكُمْ بَلْ أَنْتُمْ بِهَدِيَّتِكُمْ تَفْرَحُونَ

«Сендер маған дүниемен көмек көрсетпекшісіңдер ме? Алла Тағаланың өзіме бергені, сендер бергеннен жақсы. Сыйлықтарыңмен өздерің-ақ қуаныңдар», – деп, әкелген сыйлықтарын алмай, қайтарып жіберген екен («Нәміл» сүресі, 36-аят).

Рухани құндылықтардан дүниелік істерді артық көрген ортада айлакерлік, парақорлық, сатқындық, нәпсіқұмарлық сынды істер пайда болады. Сондықтан «Пайда ойлама – ар ойла» деп айтылғандай, мұсылман адам дүниелік пайдаға кенелуден гөрі әрдайым иманы мен ар-намысын жоғары қоюы қажет.

Үшінші: Мұсылман уәдесінде берік

Уәдеде тұру – мұсылманның бойында табылуы қажет тағы бір басты сипат. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

وَلاَ دِينَ لِمَنْ لَا عَهْدَ لَهُ

«Уәдесі жоқтың діні жоқ», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл хадисінде сертте берік болып, уәдеде тұруды бүкіл дінге теңеу арқылы, мұсылман адам үшін бұл істің қаншалықты үлкен маңызға ие екендігін көрсеткен. 

Қазақ халқында да «Екі сөйлеу – ерге сын»,«Айтылған сөз – атылған оқпен тең», «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» делінген мақал-мәтелдерді көптеп кездестіруге болады.

Қазіргі күні намаз оқи тұра көп адамдардың осы уәдесінде тұруға аса мән бермеуі, екі сөйлеуі, сауда мәселесінде өзара ақыларды дұрыс орындамауы, қарызды алып, қайтаруға келгенде жауапкершілікті сезінбеуі, өтірік айтудың күнә екендігін біле тұра оған жол беруі сияқты істері себепті бүкіл мұсылман қауымына, асыл дініміз Исламға тіл тиюде. Осы себепті де мұсылманбыз дедік пе, мұсылманның келбетіне сай болуға тырысайық.  Қасиетті Құранда Алла Тағала:

       وَأَوْفُواْ بِعَهْدِي أُوفِ بِعَهْدِكُمْ وَإِيَّايَ فَارْهَبُونِ

«Уәделеріңді орындаңдар, Мен де серттеріңді орындаймын, Менен ғана қорқыңдар», – деп ескерткен («Бақара» сүресі, 40-аят).

Қисса

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уәдеге беріктікті тамаша үлгісін іс жүзінде көрсете білді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісімен әлдебір шаруа үшін кездеспекке уәделеседі. Ертесінде айтылған жерге ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баруын барғанымен, сөз байласқан кісі келмейді. Уәдеге сай ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны сол айтылған жерде тапжылмай күтеді. Арада үш күн өткенде әлгі адамның Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) берген уәдесі есіне түсіп, айтылған жерге келеді. Уағдаласқан жерде Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тапжылмай күтіп тұрғанын көріп, қатты ұялып, кешірім сұрайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған ақырын ескертіп: «Бұдан кейін бұлай істеуші болма», – деп, даналықпен өмірлік сабақ берген екен.

Төртінші: Жалқаулықтан ада

Жалқаулық деп – қандай да бір жұмысты істеуге еріну, жайбасарлық қылу, баяу қозғалу, кертартпалық етумен айқындалатын адам бойындағы жағымсыз сипатты айтамыз. Бұндай кеселге тап болған адам қандай да бір істі атқару қажет болғанда ерініп, сылтау іздеп, ертеңге қалдыруға тырысады. Сондықтан да ондай адам еш уақыт өзінің көздеген мақсатына жете алмайды. Махмұд Қашқари бабамыз: «Еріншекке есік те асу көрінер, жалқауға бұлт та жүк көрінер», – деуі осыдан. Ата-бабаларымыз ұрпақтарын еріншектіктен алыс болуға үндеп: «Жатқанға жан жуымас, жалқауға мал жуымас», «Еріншекке бүгіннен ертең оңай», «Жалқау жатар, ырысы қашар», «Аттың сүріншегі, жігіттің еріншегі жаман» – делінген нақыл сөздер қалдырған. Хәкім Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің», – деген.

Жалқаулық Қасиетті Құранда екіжүзділердің негізгі сипаттарының бірі ретінде сипатталады. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Ниса» сүресі, 142-аятында:

وَإِذَا قَامُواْ إِلَى الصَّلاَةِ قَامُواْ كُسَالَى يُرَآؤُونَ النَّاسَ وَلاَ يَذْكُرُونَ اللّهَ إِلاَّ قَلِيلاً

«Қашан олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. Адамдарға көрсету үшін оқып, олар Алланы өте аз еске алады», – деп айтылған.

Ендеше, жатып ішер жалқаулық, өзгеге қол жаю, сұраншақтық сияқты істер мүмин адамға тән емес. Мұсылман оқып, біліп, үйреніп, еңбек етіп, өз маңдай терімен, адал нәпақа табуы керек.

         Құрметті жамағат!

Мұсылман адам – дін талаптарына бекем, жүрегі таза,

өзгелерге жанашыр, дана да білімді, қоғамға пайда келтіруге талпынатын, дүниелік істері мен мен ақыреттік амалдарын қатар алып жүретін тұлға болуы қажет. Ең бастысы әрбір ізгі амалын шынайы ықыласпен, бір Алланың разылығына бөленсем деген ниетте орындап, көзбояушылық пен жасандылықтан сақтануы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

        إِنَّ اللَّهَ لَا يَقْبَلُ مِنَ الْعَمَلِ إِلَّا مَا كَانَ لَهُ خَالِصًا ، وَابْتُغِيَ بِهِ وَجْهُهُ

«Расында Алла Тағала шынайы ықыласпен тек қана Оның ғана ризашылығын қалап жасалған амалдан басқасын қабыл етпейді», – деген (имам Насаи).

Алла Тағала біздерге мұсылманның келбетіне сай сипаттарды нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі