ДІНІМ – ДІҢГЕГІМ, ТӘУЕЛСІЗДІК – ТІРЕГІМ

​«Тіршіліктің мызғымас заңына қарасақ, таңның атуына жақын қараңғылық қоюлана түсетінін көреміз. Сананың сарқылған (жаһилия) дәуірінде де қараңғылық пен надандықтың көрпесін серпіп тастау ешкімге бұйырмаған бақыт болды. Алайда, Ислам дінінің келуімен түн түріліп, қара түнек бұлттан жарқырап шыққандай әсер берді. Адамзаттың ауған көші қайта түзеліп, өз жүрісінен жаңылмай, Араб түбегінен бастау алған нұр көп өтпей-ақ төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне сәулесін самалдай төгіп, құрлық-құрлықты аралап кең тарап кетті». Дінбасымыз болған Әбсаттар қажы Дербісәлінің діни кітаптардың біріне жазған алғы сөзінегі осы бір ойы менің де еліміз бен дініміз, отанымыз бен келешегіміз жайлы аз кем ой қозғауыма түрткі болды.

​Иә, сол бір Ислам нұрымен нұрланған қазақ өлкесі де, өз елдігін еңселі түрде еңсеріп, терезесін өзге елдермен тең етіп, текті ұрпағымен туын желбіретіп, тұғырлы тәуелсіздігін тірек еткелі де жиырма жылдың жүзі болғанын әлем мойындап, көпшілік куә болып отыр. Діні мен елдігін, ертеңі мен теңдігін, ұрпағы мен ұлтын, тұрақтылығы мен тектілігін ойлайтын тәуелсіздікпен түйедей құрдас алаштың азаматы ретінде Ислам арқылы тәуелсіздіктің келгенін және Тәуелсіздік арқылы Исламды жаюға мүмкіндік туғанын бар жігеріммен жұртыма жеткізбекпін.

«Отанды сүю – иманнан» деген даналық сөз бүгінде ел аузында көп айтылатын, ұлттық ереже айналып бара жатқандай десек артық айтқанды емес.

​Елдік ұғымын еске алғанда қазағымның ерлігі де қоса еске түседі. Тарихтан белгілі қазақ еңсесін ескергелі, сонау Қарахан хандығынан бері Ислам дінін берік ұстанып, шариғаттың шарапатына шомылып, халқын қасиетті Құран үкімімен басқарып отырған. Бертін келе қазақ хандығы да өзінің тәуелсіздік туын тіккенде де Ислам шариғатымен жүріп, оны ұрпақтарға өсиет етіп кеткені де әмбеге аян. Сол өнегелі өсиетті өздеріне ұран еткен тарихтағы қазақ хандары мен басшылары да халқының бірлігін бекем етіп, салт-дәстүрін шариғатпен ұштастырып, татулықтың туын кешегі күнімізге дейін жебіретіп келеді. Күні кеше қызыл империя салған 70 жылдық зобалаң, атеистік сенімнің қарқынды насихатталуы дініміз бен сенімімізге, ұлтымыз бен ұрпағымызға, тегіміз бен теңдігімізге бір ауыр сын болды. Халқымыз сол бір дінге қысым көрсетілген уақытта тура жолымыздан жаңыла бастап, біраз ауытқудың ауылын аралады. Дегенмен Жаратқан тегі таза, халқы адал болған қазақ еліне өз егемендігін қайтарды. Қырандай болған қазақ халқына бұл сыннан өту жеңіл болмаса да, егемендік алу жолында еңсесін еңсерді. Дініміз қайтып, тіліміз өзімізге оралғалы жас Қазақстан өркениетке алғашқы қадамдар басты.

Тарихқа үңілсек дінге салғырттық танытып, шариғаттан шеттеп қалған уақыттарда ел жағдайы төмендеп, халық қараусыз қалғандай күн кешкеніне деректер куә. Қашан дінді берік ұстанып, шариғаттың шегінен шықпай жүргенде ел экономикасы мен әлеуеті әлдеқайда жоғары болып, өзге елдер арасында абыройы асқақтай түскенін көреміз.

​Міне, дінімізді діңгек, тәуелсіздігімізді тірек еткелі Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер арасынан өз орнын тапты. Халық тәуелсіздік алғалы салт-дәстүріне қауышып, өз әдет-ғұрпын шариғатқа сүйеніп амал етіп, бірлігін бекем ету жолын қарастырып, етек-жеңін жинап, дінін берік ұстана бастады. Аллаға шүкір міне, бірлігі жарасқан тату елде өмір сүріп жатырмыз. Ұзаққа созылған мыңжылдықтан кейін жергілікті ұлт өкілдерінің ата-баба мекеніне шоғырлануы жайдан-жай кездейсоқтық емес. Бұл да болса Жаратқанның құдыреті арқылы халқыма берілген үлкен сый.

Менің ойымша қазіргі ұрпақтың алдында тұрған ең маңызды міндет осы тәуелсіздікті одан ары бекіту, нығайту және болашақ ұрпақтарға баянды етіп тапсыру болса керек.

Саяси тәуелсіздігімізді баянды ету үшін экономикалық тәуелсіздікке сонымен қатар тәуелсіздіктің барлық түрлеріне қарай ұмтылуымыз, қажымай еңбек етуіміз шарт. Сыртқы күштердің идеологияларына тәуелділік ауруына шалдықпағанымыз жөн. Ол үшін өзіміздің құндылықтарымызды жете дәріптеп, ата дініміз бен ұлттық тілімізді жаңғыртып, мәдениет және өркениет салаларында да ешбір сырт күшке тәуелді болмауымыз қажет. Ішкі бірлігі мен берекесі мығым елге айналып, отанымыздың топырағын аялап, табиғатын қорғасақ, халқымыздың санын көбейтіп, сапасын жақсартсақ тәуелсіздігіміздің баянды болатынына еш күмән болмасы анық. Осы аманат тәуелсіздікті көрген біздерге, бүгінгі ұрпаққа жүткелген. Алда алатын асулар мен белестер әлі көп, біз әлі ұлы көштің басында тұрмыз. Сондықтан бөлінуге, ыдырауға, әлсіреуге, маужырауға, бақталасқа еш жол жоқ. Қазіргі кезеңде тек бірлікпен болашаққа сенімді қадамдармен жүгіруіміз керек.

Қажымұқан Ғилманов,
Түлбаев Мұхаммед-Ғариф атындағы мешітінің бас имамы