Бүгін Павлодар қаласында «Бижан» тарихи мешітіне 100 жыл толуына орай Достық үйінде «Дін, мәдениет және ізгі қоғам» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өтті. Конференция жұмысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Жиында баяндама жасаған Бас мүфти: «Әуелі сіздерді ардақты Пайғамбармыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған айы – Мәуліт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сонымен қатар жүз жылдық тарихы бар «Бижан» мешітінің жамағат игілігіне қайта берілуімен шын жүректен құттықтаймын. Расында шынайы мұсылманның іс-әрекеті мен мінез-құлқы имандылыққа, адамгершілік принциптерге негізделеді. Алла Тағала Құран Кәрімде «Шын мәнінде Алла әділетті, игілікті және туыстарға қарайласуды бұйырып, арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыяды» («Нахл» сүресі, 90-аят) деп адамзат баласын ізгілікке шақырған. Ардақты Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» деп, ислам дінінің негізгі мақсаты адамзат баласын көркем мінез-құлыққа тәрбиелеу екенін баяндаған. Алла Тағала баршамызға ізгі ұрпақ тәрбиелеуді нәсіп етсін» деді.
Конференцияға қатысқан жергілікті зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар баяндама жасап, ізгі қоғам құру жолдары жайлы ұсыныс-пікірлерін білдірді.